Облыс әкімі бірқатар азаматтарды марапаттады

646

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Жиында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін сырбойылық еңбек ардагерлері мен бірқатар азаматтар марапатталды.


Өңір басшысы Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерге тоқталып, түрлі саладағы азаматтардың аймақ дамуына қосқан сүбелі үлесін тілге тиек етті.

– Сіздерді еліміздің ең басты ұлық мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!


Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Сыр өңірі қарқынды дамып, индустриалды-аграрлық өлкеге айналды. Барлықтарыңыз өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуы жолында еселі еңбек еттіңіздер! Отбасыларыңызға амандық, саулық, елімізге тыныштық тілеймін! Еліміз еңселі,Тәуелсіздігіміз баянды болсын! – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мерекелі кездесуде аймақ басшысы еңбегі еленіп, марапат төрінен көрінген азаматарға мемлекеттік наградаларды табыс етті.


Атап айтсақ, Сыдария аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Балшекер Өтегеноваға «Құрмет» ордені, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді. Ал, «ҚР Құрмет грамотасын» Қазалы аудандық сайлау комисиясының хатшысы Мұратбай Әбубәкір алды.

Мұнан бөлек, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін 26 азаматқа Президент Жарлығымен бекітілген ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекелік медалі табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<