ҚОЛДАУДЫҢ АРҚАСЫНДА ҚАЗ ӨСІРУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ

269

0

Кәсіпкерлік – ел экономикасын көтерудегі басым саланың бірі. Бүгінде кәсіп ашып, өз шаруашылығын дамытам деушілерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Түрлі бағдарламалар әзірленіп, жеңілдетілген несиелер тағайындалып келеді. Аралдық кәсіпкерлер де үкімет тарапынан жасалып жатқан жан-жақты қолдаудың арқасында өз кәсіптерін ашып, жұмыстарын дөңгелентіп отыр.   

Солардың бірі – Арал қаласының тұрғыны Гүлнар Әлібаева. Ол мем­лекеттік бағдарламаның арқасында қаз өсіруді қолға алды. Нақтырақ айт­сақ, жеке кәсіпкер «Нәтижелі жұ­мыспен қамту және жаппай кәсіп­кер­­лікті дамытудың 2017-2021 жыл­­­­дарға арналған бағдарламасы» не­­гі­­зінде 2017 жылы Қызылорда өңір­лік инвестициялық орталығынан қаз фермасын салу үшін 16 млн теңге қаражат алған.

– Шаруамды дөңгелентуге бағыт­талған несиені орталық  6 процентпен 6 жыл мерзімге рәсімдеп берді. Сонымен қатар, 1 жылға жеңілдетілген үзіліс алдым. Осылайша, құс өсіруге Ақирек ауылдық округінің тұсынан нысан құрылысын салу үшін аукцион арқылы 50 гектар жер телімі табысталды. Фермаға ауызсу, аяқсу көздері де, электр энергиясы және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі де жақын орналасқан, – дейді Гүлнар Әлібаева.

Бүгінде  ауыл шаруашылығы бағы­тындағы нысанның 80 процентке жуы­ғы атқарылып, құрылыстың негізгі бөлігі іске қосылды. Негізінен Ресей Федерациясының Башқұртстан елінен қаздың «Линда» түрінен 3000 бас бала­пан әкелу жоспарланған. Осы күні  оның  1300 басы жеткізіліп, өсірілуде. Фермаға Ақбай ауылынан 6 адам тұрақ­ты жұмысқа алынды. Нысан то­лық  күшіне енгенде 15 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Қазір нарықта адам денсаулығына пайдасы мол  құс етіне сұраныс жо­ғары. Сондықтан фермер кәсібін одан әрі кеңейтуді мақсат етіп отыр. Бұл бағытта кәсіпкер өзіне тиесілі жер аумағына қаздарға қысқы мезгілге азық дайындау үшін арпа, бидай, жүгері, жоңышқа егуді де жоспарлап қойған.

Осы ретте, өз кәсібіне ерекше ықыласты Гүлнар:

– Бүгінде әрбір елде азаматтардың өз кәсібін игеруіне мемлекеттен барынша жағдай жасалып отыр. Мәселен, өз басым өңірлік орталық тарапынан несиелендіруге қа­тысты ешқандай кедер­гісіз екі апта ішінде то­лық қаражат алуға қол жеткіздім. Жал­пы, өңірлік инвес­тициялық орталықтың кәсібін енді бастағалы жүрген азаматтарға тигізер пайдасы әрі қамқорлығы өте зор, – дейді.

Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<