Қазалы: Жаңа жобалар жұмыссыздықты еңсеруі тиіс

1371

0

Қазалы ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова алдымен Бекарыстан би ауылының тыныс-тіршілігін көрді.

Онда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жоба аясында Бекарыстан би ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 930 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Нәтижесінде ауылдағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеу, тұрғын үйлерге сервистік су желілерін жүргізу және 7 көшені орташа жөндеу жоспарлануда. Сонымен қатар, ауылдағы 8 көшені жарықтандырып, 20 азамат уақытша жұмыспен қамтылатын болады. Облыс әкімі бөлінген қаржының мақсатты жұмсалып, атқарылған жұмыстардың сапалы болуын тапсырды.

Мұнан кейін облыс әкімі «Әлсейіт» учаскесіндегі көпірге барды. Екі жолақты бұл көпірдің жалпы ұзындығы 219 метр, ені 12 метрді құрайды. Алдағы уақытта көпірдің екі жағынан жаяу жүргіншілер жолын салу қарастырылған. Көпірдегі қосымша құрылыс жұмыстары туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Тілеуімбетов баяндады. Аталған көпірде дамба салу және кірме жолдардың су басу аймақтарын бетондау жұмыстары жүргізілуде. Өңір басшысы аудан әкімі мен  басқарма басшысына көпірдің қосымша құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді және уақытылы аяқтауды тапсырды.

Облыс басшысы Қазалы қаласында «Қазалы» конфет шығару цехының жұмысын көрді. Цех иесі Нұрбек Қазбергенов 2014 жылы мемлекет қолдауымен «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасы бағдарламасы аясында 15 млн теңге несие алған. Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы кәмпит шығару кәсібін дамыту үшін 28 миллион теңгеден астам қаржылай қолдауға ие болыпты.

Сондай-ақ облыс әкімі «Жанқожа батыр» кесенесінде ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесті. Кездесуде ауыл ақсақалдары Қазалы қаласына табиғи газ тартуды мәселесін көтерді. Облыс әкімі бұл мәселенің кезең кезеңімен шешілетіні атап өтті. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің біріктірілген бас жоспарымен танысты. Мұндағы қос елді мекеннің жалпы аумағы 7868 гектар.

Былтыр бекітілген бұл жоспар аясында 707 гектар аумақ инфрақұрылыммен қамтылған. Ал жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2192 учаске табысталыпты.

Былтыр бекітілген бұл жоспар аясында 707 гектар аумақ инфрақұрылыммен қамтылған. Ал жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2192 учаске табысталыпты.

Айта кетсек, кент пен қала арасына әлеуметтік нысандар да біртіндеп бой көтеруде. Мысалы, бүгінде аудандық аурухана, аудан әкімдігінің ғимараты, Рәміздер алаңы мен аудандық сот ғи­мараты пайдалануға берілсе, 250 орын­дық емхана, мәдениет үйі, әкімшілік ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Алдағы жылдары екіқабатты 12 пәтерлі арендалық тұрғын үйлер, өрт сөндіру депо­сы, жабық базар, мектеп, балабақша салынады.

Облыс әкімі Әйтеке би кентіндегі мәдениет үйі құрылысының жұмысын да көрді. Екі қабаттан тұратын нысанда 600 орындық көрермендер залынан бөлек, стол ойындарына арналған бөлме, мерекелік және салт-дәстүрімізді насихаттау залы, хор бөлмесі, бейнелеу өнері, кітапхана және оқу бөлмелері орналаспақ. Биыл қазан айына дейін пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

– 2015 жылы жоба-сметалық құжат­та­ры дайындалып, сараптамадан өткізілген бұл ғимаратқа құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталды. Қазір бөлінген қаржыдан 460 млн теңге игеріліп, ғимарат толық тұрғызылды, төбесі жабылды. Енді ішкі әрлеу, инженерлік желі тарту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Биылға қалған қаржысы толық бөлінді. Сондай-ақ ауданда республикалық бюджет есебінен 250 адамға арналған емхана мен әкімшілік ғимаратының құрылысы да басталып кетті, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағамбетов.

Қазалыдағы әкімдік ғимаратында аудан­ның әлеуметтік-экономикалық дамуы­­на қатысты мәжіліс өтті. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде дағдарысқа қарсы кешенді шаралар қабылданып, экономиканың бірқатар салаларында ауқымды бағдарламалар іске асырылып жатқанын айтты.

– Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уа­қытта әлемдік экономикадағы ахуал күрделі. Бұл ел экономикасына кері әсерін тигізуде. Осыған орай, Мемлекет басшысының шешімімен халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы қабылданып отыр.  Аталған бағдарлама аясында республикалық және облыстық  бюджеттен қаражат бөлініп, ауданда инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру мақсатында 42 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобалардың іске асырылуын басты назарда ұстап, қаржының тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет, – деді  облыс әкімі.

Аймақ басшысы атап өткендей, ауданда биылғы бірінші тоқсан қоры­тындысы бойынша бірқатар көрсет­кіштерде төмендеу байқалады. Мәселен, ауданда есепті кезеңде жалпы көлемі 3,6 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген болса, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 96,5 процентті құрап отыр. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде төмендеу бар. Бұдан бөлек, ауданда жұмыссыздар саны да артқан көрінеді.

Аудан әкімі өз кезегінде аталған кемшіліктер бойынша жұмыстар қолға алынғанын, қосымша шаралар қабыл­данатынын жеткізді.

– Көрсеткіштің төмендеуіне әлемдегі пандемияның таралуы да әсер етіп отыр. Амандық болса, бірінші жарты­жылдықтың қорытындысымен барлық көрсеткіштерді орындаймыз деп отырмыз.

Біздің есебіміз бойынша Қазалы ауданындағы жұмыссыздардың саны 1837 адам. Осыдан 1518 адамды жұмыс­пен қамтуды жоспарлап отырмыз. Жұ­мыс­сыздар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Оның себебін де айтып кеттім. Алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары бойынша тиісті жұмыстарды кезең-кезеңімен жоспарлы түрде жүзеге асырамыз, – деді Мұрат Ергешбаев.

Аудан әкімінің айтуынша, Қазалы ауданына «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы» бойынша 3 млрд 11 млн теңге қаралған. Ауданға жоспарланған 860 жұмыс орнының 431-і жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберіледі деп жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін 4,9-дан 4,8 процентке төмендету көзделген. Әлеуметтік салада жұмыссыздық дең­гейін төмендету бойынша шараларды іске асыру жалғаса бермек.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының шешімімен халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы қабылданып, облыста 9299 жұмыс орнын қамтамасыз ететін 276 жобаны іске асыру көзделгенін айтты.

– Осының ішінде Қазалы ауданының үлесіне 860 жұмыс орнын қамтамасыз ететін 42 жоба бар. Оған 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Бұл қаржы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, инженерлік-көліктік инфра­құрылымды дамыту жобалары арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға бағыт­талатын болады. Жобалардың іске асы­рылуын басты назарда ұстап, қаржының тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет. Істеліп жатқан жұмыстардың барлығы – Президенттің талабы. Бұл сапарымыздың мақсаты – осы. Ел-елді аралап, сіздердің жағдайларыңызды өз көзімізбен көру. Көріп қана қоймай, кемшілік пен жетіспеушіліктің салдарын қарап, барынша айтылған мәселелер бойынша жұмыс жүргіземіз, – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ жиында облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп ауданда кәсіпкерлікті дамыту, Қазалы қаласын газдандыру және Сырдария өзені бойындағы Қарлан учаскесіне темір-бетон көпірін салу туралы ұсыныс та білдірді. Бұл ретте аталған мәселелер қаржы реттілігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асатыны айтылды.

Облыс әкімі мың жарымнан астам тұрғыны бар Ғани Мұратбаев атындағы елді мекенге барды. Ауыл саябағында округ әкімі Абай Рыстығұл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бойынша жүзеге асырылатын жобалар туралы айтып берді. Мұнан соң облыс басшысы Әйтеке би кентінде орналасқан «Аймақаш» шағын ауданына да ат басын тіреді. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жаңадан құрылған шағын ауданды инженерлік инфрақұрылыммен қамту туралы жобалармен таныстырды. «Аймақашқа» жол, электр желісі, газ, ауыз су жүйесі тартылған. 115 гектар жерге жеке тұрғын үй бойынша жер учаскелері беріліп, әлеуметтік нысандар салынып жатыр.

Аудандағы сапар кезінде облыс әкімі бірқатар өндіріс орындарында болды. «РЗА» АҚ ірі қара өсіру кешені мен темір-бетон зауытын аралап, Қазалы көлік-техникалық колледжі және «Қазалы-Керуен» көлік-логистикалық орта­­­­­лы­­ғының жұмысымен танысты.

Қазалыда, сондай-ақ, Ақсуат ауы­лында әлеуметтік нысандар жұмысы назарға алынды.

– Ауылда 90 орындық балабақша са­лынып жатыр. Бұйырса, биыл  тамыз айында беріледі. Одан бөлек, 150 орындық клубтың қаржысы шешіліп, мердігер компания анықталуда. Бұл Ақсуаттағы екі нысан да апаттық жағдайда болды. Сондай-ақ Ғани Мұратбаев ауылын газдандыру мәселесі де шешіліп, биыл 239 млн теңге қаржы бөлінді, – дейді ау­дан­дық құрылыс, сәулет және қала құ­рылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<