Қазақстан азаматтығын алу мерзімі қысқартылды

689

0

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.


«Биыл 1 қаңтардан бастап заң бойынша қандастарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығына қабылдауға бір мезгілде құжат тапсыру мүмкіндігі берілді. Бұрын бұл процедуралар бөлек болатын, тұрақты тұру рәсімі 2 айға созылатын. Бір ай ықтиярхат дайындалатын, содан кейін ғана Қазақстан азаматтығына қабылдауға құжат тапсыруға болатын еді. Оны қарау мерзімі 3 айды құрайтын. Қазір барлық үш кезең бір уақытта өтеді. Жыл басынан бері 3 мыңға жуық қандас Қазақстан Республикасының азаматтығын осындай тәртіппен алды», – деді ресми өкіл.


Оның сөзінше, қандас куәлігін беруден бастап, азаматтық алуға дейінгі іс-шараларға тартылған барлық мемлекеттік орган қызметінің бірыңғай алгоритмі енгізіліп жатыр.


«Нәтижесінде азаматтар әр мемлекеттік органға жеке-жеке емес, тек бір рет –Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінеді. Құжат тізімі 2 есе қысқарды. Барлық кезеңнен өту мерзімі 90 күнді құрайды. Материалдарды барлық мемлекеттік органдар қазіргідей кезек бойынша емес, бір мезгілде қарайды», – деді Нұрділдә Ораз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<