«Қорқыт Ата» халықаралық әуежай терминалының құрылысы мәселелері талқыланды

634

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Болат Өтемұратов қоры» жеке қорының өкілдерімен кездесіп, «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайдың жаңа терминалын салу мәселелерін талқылады. Кездесуге Фонд директоры мен өкілдері, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, қала әкімі Ғанибек Қазантаев, тиісті басқарма басшылары, «Қорқыт Ата» әуежайының директоры Константин Ни қатысты.Кездесу барысында аймақ басшысы жаңа әуежай терминалын салудың маңыздылығын атап өтіп, жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетуге ниет білдірген Қор басшылығына алғыс білдірді.

– Өздеріңіз білетіндей, әуе көлік кешенін дамыту кез келген мемлекеттің экономикалық саясатының басым міндеттерінің бірі болып табылады. Бүгінде облыс бойынша осындай маңызды жобалардың бірі «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы болып табылады. Оның үстіне біздің әуежай «халықаралық» мәртебеге ие. «Болат Өтемұратов қоры» біздің ұсынысымызға құлақ асып, жобаны қайырымдылық аясында іске асыруға дайын болғанына қуаныштымыз. Әкімдік өз тарапынан жобаны жүзеге асыруға толық көмек көрсетуге дайын, – деді облыс әкімі.

«Astana Property Management» ЖШС директоры Дәурен Өтемұратов жобаның Жол картасымен танысып, талқылау қажет бірқатар қосымша мәселелері бар екенін айтты.Тараптар алдағы уақытта жоба мәселелері толық зерттеп, Қор өкілдерінің Сыр өңіріне сапары барысында қосымша талқылайтын болады. Сондай-ақ, жоба аясында арнайы Жол картасын әзірлеп, қол қояды.

Айта кетейік, биылғы жылы 26 қазан күні Қызылорда облысының әкімдігі, «Қорқыт Ата әуежайы» АҚ және Болат Өтемұратов қоры Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалын салу бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Қор жобаны толық қаржыландырмақ, құрылыс жұмыстарының басталуы 2022 жылға жоспарланған.Құрылысы аяқталған соң, жаңа заманауи әуежай халықаралық стандарттардың барлық қажетті талаптарына сәйкес келетін болады.

Модернизациядан кейін әуежай сағатына 300 жолаушыға қызмет көрсете алады, бұл қазіргі жолаушылар ағынынан екі есе көп.Анықтама: бүгінгі күні «Қорқыт Ата әуежайы» АҚ арқылы аптасына 21 рейс жүзеге асырылады, оның ішінде: Нұр-Сұлтан қаласына – 8, Алматы қаласына – 13 рейс. Бұл рейстерді «Air Astana», «Qazaq Air» және «Fly Arystan» авиакомпаниялары орындайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<