РОБОТОТЕХНИКА: ТАЛАПТЫ ТҮЛЕКТЕР ТАБЫСЫ

449

0

 

Қызылордада оқушылар арасында робототехника бағытында ұйымдастырылған облыстық «Robo Fest» фестивалінің жүлдегерлері анықталды. Марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.

– Бүгінгі шара жастарымыздың жаңа биіктерге ұмтылысын айғақтайды. Өмірімізге, тұрмыс-тіршілігімізге ақпараттық тех­нология, сандық техника дендеп еніп келеді. Сондықтан жас ұрпақ заманның осы талабына жауап бере алатындай, жаңашылдыққа бейім болуы тиіс, – деді Руслан Рүстемов.

Одан кейін қонақтар оқушылар құрастырған дүниелермен танысты. Фестивальдің бірінші кезеңінде талапкерлер бола­шақтың энергиясы, қалдықтарды қайта өңдеу сияқты тақырыптардағы ғылыми жобаларды назарға ұсынса, келесі кезеңде бес түрлі категория бойынша тапсырмаларды орын­даған.

Бақ сынағандардың бірі – Сырдария ауданындағы №36 мек­тептің 8 сынып оқушысы Дарабек Демесін. Ол аудандық оқушылар үйінің робототехника үйірмесінің жетекшісі Ақылбек Асқаровтың жөн сілтеп, жол көрсетуімен әртүрлі үлгідегі дүниелерді құрастырыпты. Әсіресе, піл түріндегі жүк көтергіш, еден жуатын техника қызығушылығымызды оятты.

Ал жалағаштық Нұртөре Ахат аудандық оқушылар үйіндегі ағайы Жасұлан Бекмолдаевтың жетекшілігімен бөлме фонтанын, қар тазалаушы техника, робот даяшы жасаған.

– Мына техниканың көмегімен қыста көшедегі қарды жинап, сүзгіден өткізіп, суға айналдыру арқылы оны көлік жуатын орындарда пайдалануға болады. Өйткені ол жерлерде таза судың ысырап болып жатқанын көріп жүрміз. Ал робот даяшы тапсырысты өздігінен орындап, кафе-мейрамханалардың жұмысын жеңілдете алады, – дейді Нұртөре.

Республикалық «Казроботикс» федерациясының облыс­тағы өкілі Раушанбек Сариев байқауға аймақтағы орта білім ұйымдарынан 80 шақты оқушы қатысқанын, олардың жұмысына тәуелсіз қазылар алқасы төрелік жасағанын жеткізді.

– Қазылар алқасы жобалардың бірегейлігі, конструкцияның техникалық күрделілігі, сондай-ақ аз уақыт ішінде тапсырманы мүлтіксіз орындауына мән берді, – дейді Р.Сариев.

Фестиваль нәтижесімен бес түрлі бағыт бойынша І орынды Қазалы аудандық оқушылар үйінің шәкірті Серік Кемал, Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының шәкірттері Жандәулет Бақытбек, Әлихан Сайлыбаев, Мағжан Іскендір және Оралбек Абдуллаев еншіледі. Оқ бойы озып шыққандар арнайы дипломдармен марапатталды.

 

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<