Теолог: «Қазақ Абайды жете танып, Шәкәрімнің шығармашылығын оқыса, адасу болмас еді»

290

0

Дін саласының мамандары Қызылордада өткен «Дерадикалдандырудың заманауи тәжірибелері» атты республикалық семинар-тренингте өзара тәжірибе алмасты.

Облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы ұйымдастырған жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, Қызылорда қалалық, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің теолог мамандары, мешіт имамдары, АТТ мүшелері, облыстық ҚАЖД, полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, орталықтың теолог мамандары қатысты. Одан бөлек, Батыс Қазақстан олбысы мен Шымкент қаласы дін мәселелерін зертеу орталықтарының теолог мамандары келді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов шара деструктивті діни ағымдардың алдын алуға және мемлекеттік дін саясатын түсіндіруде таптырмас құрал болатынын жеткізді. «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің теологы Рүстем Сыздықов «Жалған діни уәжденген экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған базалық ақпарат» тақырыбында баяндама жасады.

Діни мәселе тек бізді ғана емес, бүкіл әлем елдерінің бас ауруына айналды. Бұл ретте әркім әртүрлі тәсілге жүгінеді. Қазақ қоғамы үшін ұлттық тәрбие – адастырмайтын бағыт. Әр қазақ ұлы Абайды жете таныса, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін жатқа білсе, Шәкәрімнің шығармашылығын оқыса, адасу болмас еді, – деді ол.
Семинар-тренингте «Тұлғалық даму мектебі» отбасылық орталығының жетекшісі Лимана Қойшиева «Діни экстремизмнің психологиялық себептері мен алдын алу» тақырыбын сөз етті. Оның айтуынша, деструктивті діни ағымдардың тұзағына білімі таяз адамдар тез түседі. Сондай-ақ кейбір отбасылардағы экономикалық қиындықтар жат ағымдардың жетегінде кетуге себеп. Оның алдын алу үшін бала тәрбиесіне ата-ана жіті мән беру керек.
Ерқанат СӘРСЕНБАЙ,
облыстық ішкі саясат басқармасы 
дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<