Тіршіліктің өзі, берекенің көзі

259

0

 «Өзен жағалағанның өзегі талмайтынын» біздегі кәсіп иелерінен артық кім түсінген?! Дария бойынан бөлек, теңіз толқынында қайық ескен Сыр жұртының атакәсіпке деген ықыласы ерек. Соңғы жылдары судан сүзілген осы байлықтың Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шет елдерге тасымалдануы теңіз іргесіндегі елдің тіршілігін тәп-тәуір түлетіп-ақ тастады.

Балық шаруашылығы облыс үшін үлкен маңызға ие. Бүгінде Кіші Арал теңізі мен жергілікті маңызы бар көлдерден балықтың 14 түрі ауланады екен. Бір Кіші Аралдың өзінде 18 учаске  болса, олар толықтай аудан  мен қала әкімдіктерімен конкурс негізінде табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Сондай-ақ өзіміздегі 207 көлдің 8 проценті осы негізде пайдаланылып келеді. Айтпақшы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен биыл шілдеге дейін облысқа 2757 тонна балық аулау лимиті бөлінген екен. Оның ішінде аулаудың басымдық үлесі Кіші Аралға тиесілі, мұнда 2576 тонна балық сүзілуі тиіс. Былтыр облысқа 7492 тонна балық аулау лимиті берілсе, оның 95,4 проценті орындалған.  

Тыйым болмаса, түгесіледі

Балықтың бал сорпасын татып көргендер өзен-көл жағалаудан әсте жалықпайды. Ал енді оны қаптап сатып, қаржысына дәніккен жаман. Рұқсатсыз, әрине. Қытайдың арзан торын теңіз не дарияға тастап, шағын көлшікте тоқпен ұрып алатын қаскөйлердің бүгінде қарасы қалың. Шектеу бол­са да, әсіресе, уылдырық шашар уақы­тын аңдитындар азаймай тұр.  Со­нымен Арал-Сырдария су бассейні бойынша шектеулер мен тыйымдар жайлы не білеміз? Жалпылама айтсақ. Теңізге құяр сағадан Түркістан об­лы­сының әкімшілік шекарасына де­йінгі Сырдария өзенінде 1 сәуiр мен 30 мамыр аралығында балық ау­лан­бауы тиіс. Ал облыс ішіндегі су ай­дындарында 20 сәуірден 10 маусымға дейін ау құрып, қайық еспей қоя тұрғаныңыз абзал. Теңізден нәпақасын айырып жүргендер де 1 мамырдан  бастап 10 маусымға дейін ау-құралын жиыстыра тұрғаны жөн. Айтпақшы, сонау теңіздегі Сарышығанақ және Бутаковка шығанағы, осы екеуін бай­ланыстыратын сағалары да мұздың ыдырауынан бастап маусымның 10-на дейін қадағалауда болады. Айтып отырған жеріміз – Кіші Арал теңізінің 15,16,17,18 учаскелері. 

Сондай-ақ артемияның көбеюі ке­зе­ңінде Өзбекстанның мемлекеттік шека­расына дейін Қазақстан аумағына жататын Тұщыбас, Чернышева шыға­нақтарын қоса алғанда, Үлкен Арал теңізінде 1 сәуірден 31 шілде аралықта артемия жұмыртқаларын жинауға жә­не дайындауға тыйым салу заң күшіне енгізілген.

Сонымен облысты кесіп өтетін жал­ғыз өзеннен бөлек, 371,5 мың гек­тар болатын Арал теңізіндегі балық түрлерінің өсімі қалай? Мұнан басқа 207 су айдыны бар облыстағы осындай байлық түрін сақтау мен қорғау жұ­мыстары қалай жүргізілуде?

– Елбасының өз уақытында қа­был­даған шешімі Кіші Арал теңі­зін сақтап қалуға мүмкіндік берді. СА­РАТС жобасының 1-ші кезеңінің жүзеге асырылуының нәтижесінде Сол­түстік Арал теңізі суының тұз­дылығы төмендеп,  теңіз көлемі сәл де болса ұлғайды. Балық түрі 22-ге көбейді, оның ішінде республика Қы­зыл кітабына енген Арал қаязы да бар. Өзіңізге белгілі, көктем айла­рында балық қорғау мақсатында «Уыл­ды­рық» және «Таза су айдындары» ак­циялары республика бойынша өткі­зіліп келеді. Бүгінгі күні акциялардың іс-шаралар жоспары облыс әкімінің орынбасарымен бекітіліп, тиісті іс-қимыл графиктері жасалды. Бел­гі­ленген мерзімде жұмыстар атқа­рылып келеді. Табиғат байлығын тонап, жү­генсіздік танытатындарға тосқауыл жасап келеміз, – дейді облыстық та­биғи ресурстар және табиғат пайда­лануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Айдос Аяғанов.

Жазасы да жеңіл емес

Былтыр уылдырық шашу мерзі­мінде, облыс бойынша 130 балық қор­ғау заңнамасының құқық бұзу­шы­лығы анықталып, оның ішінде 57 іс сот орындарының қарауына жі­­бе­­рілген. Ал таза су айдындары ак­­­ция­сына жергілікті мемлекеттік ор­ган­дардың қызметкерлері, табиғат пай­даланушылар, тіпті, жоғары және ар­наулы оқу орындарының студент­тері де қатысатынға ұқсайды. Нақты мәліметке сүйенсек, акцияға 500-ге жуық адам қатысып, 98 техника мен 22 шағын көлемдегі кемелер жұ­мылдырылыпты. Нәтижесінде 70 тон­надан астам түрлі қоқыстар мен суда қалған мыңға жуық аудың қалдықтары жиналған. 

Ау демекші, біздің балықшылар қолындағының көбі дерлік қытай ауы ғой. Осындай балық ресурстары мен басқа да су жануарларын аулау құралдарын пайдалануына және са­ты­луына тыйым салу бойынша ай­мақтық инспекция тарапынан рейдтік-қадағалау, түсіндірме жұ­мыс­тары жиі жүргізіледі.

Қытай ауы демекші, «Тарифтік емес реттеу шаралары туралы» Еура­зия экономикалық комиссия алқасы­ның 2018 жылғы 21 сәуірдегі №30  шешімімен қолданылуына тыйым са­лынған ау құралдары ЕЭО-ның ке­дендік аумағына әкелуге тыйым са­лынған тауарлар тізбесіне енгізілген еді. Сондай-ақ, «Сауда қызметін рет­теу туралы» ҚР 12.04.2004 жылғы №544 Заңының 32-бабының 3-тарма­ғының 4-3-тармақшасына сәйкес қол­данылуы ҚР заңнамасында тыйым салынған, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын аулау құралдарын сатуды жүзеге асыруға тыйым салы­нады деп анық көрсетілген.

Сонда да қара базарда осы ау құ­ралдарының көптеп сатылуы әзірше тоқтаған емес. Тіпті, балық аулаудың нағыз кезеңінде 100 метрлік ау құ­ралдан ондаған данадан алып, кило­метрлеп теңізге төгетіндер барын біз жасыра алмаймыз. 

Нақтысы, адамдар су айдындарын рұқсаттыз сүзсе, мынаны білген дұрыс. Мұнда жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы әрекетті тағы бір қайталап, балыққұмарлығы тыйылмаса, жеке тұлғалар – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi – елу, орта кәсіпкерлік субъектілері – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiндегі айыппұлды қоса арқалайды. Заңда осылай көрсетілген. 

Ал енді айтарлықтай залал келтіре отырып, мысалы,  жарылғыш немесе химиялық заттар, электр тогы не балық ресурстарын және басқа да су жануарлары мен өсiмдiктерін жаппай жоюдың өзге де тәсiлдерiн қолданыла отырып жасаса, онда қиын. Мүлкіңіз тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айырылу қаупі бар. Үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыс­тарына не сегіз жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарты­ласыз. Одан арғысы үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағы бар. Ал осыны қай­талап қалсаңыз, бұл жазаның көлемі де ұлғаяды.

Балық баптағандар…

Айтып отырғанымыздай, балық түрлерін сақтау һәм өсімін арттыру сияқты жұмыстар да жоқ емес. Бір ғана Аралдың Қосжар ауылындағы Қамыстыбас балық питомнигі жыл сайын 14,8 млн дана балық шабағын мемлекеттік тапсырыс есебінен  Арал теңізіне және теңіз маңайындағы су айдындарына жіберіп отыр. 

– Былтыр мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында жасалған іс-ша­ралар кестесіне сәйкес, барлық жұ­мыстар уақытылы атқарылды. Осы жұмыстардың сапалы және нақты орын­далуы біздің, яғни, аумақтық инс­пекцияның бақылауында болды. Сонымен қатар, ірі су шаруашылық ны­сандарында балық өткізбейтін қон­дырғы болмағандықтан, жыл сайын күріш алқаптарында қалған шабақ­тар­ды құтқару шарасы қосымша жүр­гізіледі. Мысалы, былтыр күріштік алқаптар мен бөлектенген каналдарда қалған 7 млн астам шабақ құтқарылып, су айдындарына жіберілген, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспек­циясының балық шаруашылығы бөлі­мінің басшысы Жанқожа Сапаров.

Иә, күріш шаруашылығымен ай­на­лысатын өңірдің маусымдық егін мезгілінде Сырдариядан бастау ала­тын суландыру жүйелеріне көп мөл­шерде жіберілетін сумен бірге мил­лиондаған балық шабақтары егістік алқаптарына өтіп кететіні рас. Былтыр «Шабақ құтқару» іс-шарасы облыс әкімдігімен бекітілді. Инспекцияның ұйымдастыруымен қалалық, аудандық орман мекемелері қызметкерлерінің күшімен шабақ құтқару жұмыстары биыл да жүргізілмек.

Қондырғы қорған бола ма?

Биылғы басты жаңалық мынау. «Халықаралық Аралды құтқару Қо­ры­ның ҚР атқарушы дирекциясы­ның» қоғамдық қоры Германияның GIZ компаниясы арқылы «Көкарал» су тоспасының алдына гидроакусти­калық қондырғысын қою жоспарла­нуда. Қазіргі төтенше жағдайға бай­ланысты іске қосылуы тоқтап тұрған қондырғың «Көкарал» су тоспасына Кі­ші Арал теңізіндегі балықтардың көп бөлігін өткізбеуге мүмкіндік бере­тін көрінеді. Бұл түбегейлі балық­ты мүлде өткізбейді деген сөз емес. Әйтсе де, Ұлы теңізге кеткен есепсіз бай­лықтың жолына сәл болса тосқауыл болады деген үміт те жоқ емес. Бұл қондырғымыз, аты айтып тұрғандай, гидроакустикалық құрылғыларды пай­далану арқылы су тоспасына жа­қындаған балықтарды үркітуге не­гіз­делген. 

Мақала басында айтып өткендей, балық экспортына аялдай кетсек. Ай­мақта жылдық қуаттылығы 12,5 мың тоннаны құрайтын 9 зауыт жұмыс жасайды.  Құрылысы енді басталған  Арал қаласындағы «Қазақстан Аква­культура ЛТД» ЖШС жыл соңына дейін іске қосылады деген болжам бар. Жоғарыда айтып кеткен 9 зауыт­тың жұмысы нәтижесінде балық өңдеу өткен жылмен салыстырғанда 4 процентке артып, балық өнімдерінің 13 түрі шығып жатыр.

Байлық көзі болған балықтың сырт елге экспортталу жағы тым тәуір. Жалпы есебі 500-дей адам жұ­мыс істейтін балық кәсіпорындары биыл жыл басынан бері 1697 тонна өнімін Ресей, Польша, Нидерланды, Әзер­бай­жан, Қытай, Германия, Литва, Украина  елдеріне шығарған. Ал тауарлы балық өсіруде (аквакультура) жеті аудан мен қаладағы 9 балық өсіру шаруашылығы 143 тонна өнімді нарыққа шығарыпты. 

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген 

Б.ЕСЖАНОВ, 

Н.НҰРЖАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз