\»Құқық қорғау қызметтері орталығының\» жұмысына қызылордалықтар оң бағасын беруде

278

0

 Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын, яғни 2017 жылғы 24 тамыз күні еліміздегі алғашқылардың бірі болып «Құқық қорғау қызметтері орталығы» Қызылорда қаласында ашылған болатын. Сол кезден бастап, аталмыш орталық қала тұрғындарына тұрақты түрде, күнделікті қызмет көрсетіп келеді, – деп жазады «Нұр.кз» тілшісі.

Сонымен қатар, әр айдың соңғы бейсенбісі күні осы орталықта қала әкімі, облыс прокуроры, облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы және мемлекеттік кірістер департаменті, Әділет департаменті басшылары, медиатор, адвокаттар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» мамандары тұрақты түрде қоғамдық қабылдау ұйымдастырып келеді.

«Құқық қорғау қызметтері орталығындағы» қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың кезекті қоғамдық қабылдауын біздің тілшіміз де арнайы барып көрді.

Бұрындары халық арасында «әкімнің қабылдауына жазылып кіре алмайсын» дегенді жиі еститін едік. Бүгінде бұл стереотип жойылып келеді.

Бұған бір ғана мысал, 31 мамыр күні ұйымдастырылған қоғамдық қабылдау барысында қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы сағат 10:30-дан бастап 14:30 аралығында 4 сағатқа жалғасқан қабылдауда 79 қала тұрғындарының жеке мәселелерін тындады.

Тұрғындар тарапынан көтерілген әр мәселе бойынша жауапты сала басшыларына сол сәтте тиісті тапсырмаларын беріп, зерттеуді және шұғыл шешімін табуды қажет ететін шараларды дер кезінде орындауды тапсырды.

Жалпы, «Құқық қорғау қызметтері орталығы» ғимаратында әр айдың соңғы бейсенбі күні сағат 11:00-12:00 аралығында өтетін қоғамдық қабылдаулар барысында, жыл басынан бері 238 азамат қала әкіміне өз мәселелерін жеткізсе, әр апата сайын 15-20 азамат қала әкімінің жеке қабылдауында болады екен.

Мұнымен қатар, қала әкімінің барлық орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері тұрақты түрде жеке қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырып отырады.»Құқық қорғау қызметтері орталығында» ұйымдастырылатын қабылдаудың ерекшелігі, қала тұрғындары қажетті саланың басшыларына электронды кезек жүйесімен «бір терезе» қағидасы бойынша еш кедергісіз кіруге бар мүмкіндік жасалған.

Заманауи орталық толықтай электронды жүйемен, сондай-ақ күту залы және өзге де қажетті құралдармен жабдықталған.

Бір күндік қоғамдық қабылдау барысының өзінде көзіміздің жеткені, Қызылорда қаласында жергілікті билік қала тұрғындары үшін ашықтықты қамтамасыз ету үшін барынша қолайлы жағдай жасап келеді.

Қала әкімінің қабылдауында болған тұрғындар да өздерін толғандырған сұрақтар мен мәселелердің шешімін тауып жатқандығына және қабылданып жатқан жедел шараларға шынайы ризашылығын білдіруде.

Бұл орталықтың қала әкімдігінің жанынан ашылуы да кездейсоқтық емес. Себебі, аймақ халқының басым бөлігі облыс орталығында орналасқан және халыққа көрсетілетін қызметтермен тікелей айналысатын жергілікті орган болып табылады.

Жалпы, қала әкімдігі тарапынан қала тұрғындарымен байланысты арттыру және барынша ашықтықты қамтамасыз ету бағытында қабылданған шаралар ерекше артып келеді.

Мысалы, қала әкімдігіне қарасты барлық бөлімдер мен кент және ауылдық округтерде арнайы сенім телефондары, қоғамдық кеңес, жеке қабылдау және бұдан бөлек қала әкімдігінің ресми веб-порталы, (Facebook, Вконтакте, Іnstagram т.б) әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар мен «Whatsapp» мессенджеріндегі «Open Kyzylorda» жобасы сәтті жұмыс жасап келеді.

Сондай-ақ, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған «Ақылды қала» жобасы аясында, қала тұрығындары мен қонақтарының қала әкімдігімен тікелей байланыс жасауға, мәселелерді дер кезінде шешуге арналған «Q-CITY» мобильді қосымшасы жақында іске қосылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<