Қызылордада керамика зауыты салынады

39

0

«Baikonyr Invest» X Халықаралық форумы аясында Түрік әріптестермен керамикалық тақта шығаратын зауыт салу туралы келісімге қол қойылды.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Евгений Ким және «Rino Asia» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Догу Гокхан Эфе керамикалық тақта өндіретін зауыт құрылысы бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды.
Жобаны іске асыру мерзімі – 2019-2021 жылдарға жоспарланған. Өндіріс орны Шиелі ауданында салынатын болады. Қуаттылығы 21 млн.шаршы метр керамикалық плиталар мен керамогранитты құрайды. Жобаны іске асыру өңірде 400 жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық өнімнің түрлерін арттыруға мүмкіндік береді.
«Бұл өте ауқымды жоба, біз бір жыл көлемінде жұмыс істедік. Барлық мәселелер шешімін тауып, жер учаскесі бөлінді. Болашақта бұл зауыт бүкіл Қазақстанның керамикалық тақталарға деген қажеттілігін өтейтін болады», – деді Евгений Ким.
Айта кетейік, қазіргі таңда инвесторлар жабдықтарды жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде. Өндірістік жабдықтарды орналастырудың техникалық жоспарын әзірлеп, индустрияландыру картасына енгізу мен инвестициялық келісімшарт жасау үшін құжаттар дайындалуда.
Қызылордада «жасыл» экономиканы дамытуға арналған «Baikonyr Invest» Х инвестициялық форумы өтіп жатыр.
Форум аясында пленарлық отырыс пен «жасыл» экономиканың жеті негізгі бағытын қамтитын 4 секцияның жұмысы өтті: «Жаңартылатын энергия көздері» бойынша жобаларды енгізу мәселелері, тұрғынүй коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру», «Цифрландыру. Smart city», ауылшаруашылық өнеркәсіп кешеніндегі «Жасыл технологиялар», су және жер ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру», «Жасыл экономиканы дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолданудың жаңа мүмкіндіктері», сондай-ақ B2B, B2G, G2G форматындағы кездесулер өтуде.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз