Қызылордада менингококты инфекция жұқтырған жігіттің жұлын сұйықтығы зерттелуде

148

0

Қызылорда облысында менингококты инфекция жұқтырып, қаза болған жігітпен науқаспен қарым-қатынаста болғандарға медициналық бақылау әлі жүргізілуде. Ал, науқастан алынған жұлын сұйықтығы зертханалық зерттеу үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде Қызылорда облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаева мәлім етті. Сондай-ақ, бүгінде менингококк инфекциясымен сырқаттанушылық төмендеп келеді.

«Сыр өңірінде менингитпен сырқаттанудың алдын алу мәселелері бойынша «қауырт желі» тәулік бойы жұмыс істейді. Оған әрбір адам тәуліктің кез келген уақытында қоңырау шалып, менингитке қатысты туындаған мәселелер бойынша инфекционисттің немесе эпидемиологтың сауатты консультациясын ала алады.

Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша Қызылорда облысында жұмыс істеп тұрған Call-орталықтары базасына 67 қоңырау түскен. Операторлардың айтуынша, қоңыраулардың жартысынан көбі күндізгі уақытта түссе, түнгі уақытта да орталыққа қоңыраулар белсенді түрде қабылданды», – дейді Ұ.Аханаева.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін облыста менингококты инфекция жұқтырған 1 жағдай тіркелді. Осы жылдың 31 мамырында Жаңақорған ауданының тұрғынынан инфекция анықталған болатын. 27 жастағы азамат аудандық ауруханаға жатқызылды. Алайда, дәрігерлер науқасты аман алып қала алмады, азамат 2 маусымда аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Әділжан Үмбет