ЖАҢАҚОРҒАННЫҢ ЖҮГЕРІ СУСЫНЫ

723

0

Жүгеріден сусын дайындайтын Қасым Әбжаппаров жайлы бұрын да естіген болатынбызКәсібінен нәсібін тапқан еңбекқор жанмен әңгі­мелесу үшін  Кейден ауылына бардық.  

Кәсіп иесі шаруашылық басында  жүгері суарып жүр екен.  Ұялы теле­фонына хабарласқан  едік, аз уақытта келетінін  айтты.   Жары Гүлзира алдымызға  түйілген жүгеріден дайын­далған салқын көже әкелді.  Бұл үйдің балалары құрамында түрлі тәтті қоспалары бар сусындарды іздемейді де. Жүгері сусыны бәрінің орнын басып тұр.

Іздеген кейіпкеріміз де көп кешікпей ортамызға қосылды. Ол әңгімесін әріден бастады.

– Жүгері егу – бала кезден қол да, көз де үйренген кәсіп. Кейін дәнді түйетін құрылғы сатып алдық. Ауыл тұрғындарының еккен жүгерісін алып, оны түйіп сауда орталықтарына өткіздік.  Уақыт өте келе ісіміз жандана түсті. Бір күні базарға барсам, жүгеріден жасалған  попкорн сатып тұр. Неге жасамасқа? Ауыл ішінде бос тұрған ғимарат болатын. Соны алып, попкорн жасай бастадым.  Шаруаға екі інім қолғабыс етті. Сонан кәсіп өріс ала бастады, –дейді Қасым.

Аядай ғана ауылдың  тіршілік көзі – мал мен егін.  Соның ішінде жүгері өсірумен айналысады. Жыл­да 100 гектар жерге жүгері дақылы себіледі. Суды да аса қажет ете бермейтін дақылдың пайдасы зор.   Ізденгіш Қасым өткен жылы жүгеріден сусын дайындады. Бұл бастама біраз зерттелді.  Құрамын тексерген Тағамдану академиясы оң бағасын берді. Ойы қолдау тапқан кәсіпкер  2017 жылы  «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, гранттық жоба жеңіп алды.  Берілген қаржыға үлкен екі қазан мен сыртқы қорабын дайындайтын құрылғыны алды. Жаңа ғимарат та дайын тұр.

– Бұған дейін сусынды 1 литр етіп шығарған едік. Бірақ ол тиімсіз болып отыр. Себебі сыртқы қорабы қымбатқа түсуде. Сондықтан  жарты литр мөлшерде дайындауды қолға алдық. Бір жағынан ұстап жүруге ыңғайлы. Сыртқы «Кәусар» деген жазуы бар қаптамасын Алматы қаласында жасатамыз. Онда сапалы дайындайды, – дейді кәсіпкер.

Егер  сұраныс болып жатса, жү­гері сусынын еліміздің барлық аймағына таратуға болады. Енді Қасым қауын, қарбыз сусынын шығаруды да жоспарлап отыр.

Елімізде шағын және орта кәсіп­керлікті дамытуға барынша жағдай қарастырылып келеді. Ауылда тұратын кәсіп иелерін де қолдайды, қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие ұсынады. Бұл жағынан біздің облыс көш басында тұр. Демек, Қасым секілді ынталы азаматтар талай кәсіптің көзін ашары сөзсіз.

 

Сара АДАЙБАЕВА, 

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<