Жалағаш: Тың жобалар тиімділік әкелуі керек

56

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Жалағаш ауданында болды. Өңір басшысы Еңбек, Мәдениет, Мақпалкөл және Таң ауылдарында аялдап, жұртшылықпен кездесті.

Жалағаш – облыстағы Сыр маржанының үштен бір бөлігін өндіретін ынтымағы жарасқан, ырысты аудан. Оның ішінде Еңбек ауылындағы диқан ағайынның да еңбегі еселі. Облыс басшысына ауыл әкімі Қайрулла Қалданов атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндады. Оның айтуынша, бір ғана «Еңбек жер» ЖШС-ның ди­ректоры Ш.Ысқақовтың жеке қара­жаты есебінен жүргізілген игі істер жетерлік. Ауылда жаңа мейман­хана, шағын маркет, спорт кешені тұрғызылған, мешіт жөндеуден өтіп, бірқатар көше­лер тегістеліп, асфальтталған. Осы­ның нәтижесінде ауыл ажары бұрынғыдан арта түскен. Ал күріш өсірумен айналысатын шаруа­шылықтың арқасында жергі­лікті тұрғындардың жағдайы жақ­сарып, жұмыссыздық саны азайған.

2300-ге жуық тұрғыны бар Мәдениет ауылдық округіне аял­даған облыс әкімі осындағы спорт кешенінің жұмысымен танысты. Бұл ғимарат ашылғалы 28 адам тұрақты жұмысқа кірген. 90 бала спорттың үш түрі – дзюдо, бокс, қазақша күрестен жаттығады.

Сондай-ақ, облыс әкімі Мақ­палкөл ауылдық округіне барып, «Құрманбай ата» шаруа қожа­лығына тиесілі алма бағын көрді. 

– Біз алма сортының бес түрін өсіріп отырмыз. Әрқайсысының жеке-жеке, мысалы, «Гала», «Голден», «Гранни смид», «Фуджи», «Конфетка» деген атау­лары бар. 2018 жылы көктемде көрші Түркістан облысынан алдырған 12 мыңнан аса көшетті алты гектар жерге отырғызғанбыз. Былтыр күзден бастап алғашқы өнімін бере бастады. Енді жүзім көшеттерін отырғызуды қолға алдық. Бұған қосымша шағын егін шаруашылығымыз да бар, – дейді қожалық төрағасы Еркін Бекжанов.

Сондай-ақ осы ауылдағы 1987 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген №177 орта мектепке аялдап, құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс басшысы білім мекемесін жаңа оқу жылына дейін сапалы етіп бітіруді тапсырды.

Гүлшара Әбдіқалықова Таң ауылында мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік аясында «Таң ЛТД» ЖШС салған спорт нысаны мен 90 орындық «Таң бөбегі» бала­бақшасына барды. Жалпы құны 56 млн теңгені құраған спорттық ғи­маратта 11 қызметкер жұмыс істесе, балабақшада 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Бұдан соң аудан орталығындағы «АгроХолдинг Қызылорда» ЖШС жұмысы назарға алынды. Тәулігіне 100 тонна күріш ақтайтын мекемеде 80 қызметкер бар. Облыс басшысына серіктестіктің негізгі бағытын кәсіпорын директоры Манарбек Еспанов таныстырды.

– Біздің негізгі жұмысымыз – күріш астығын дайындау. Осында қабылданған астықты зауытта тазалап, өңдеп, дайын өнімді ішкі және сыртқы нарыққа, мысалы, өз елімізден бөлек, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттеріне шы­ға­рып келеміз. Кәсіпорын ғи­мараты барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Басты мақсатымыз да осы – күріш кластерін қалыптастыру. Егінмен айналысатын шаруашылықтардан фъючерстік әдіспен күріш сатып алу үшін алдын ала қаржыландырып, сол арқылы шаруашылықтардың да жағдайын жақсартамыз, – дейді Манарбек Еспанов.

Жалағаш кентінің батыс бөлігінен 22 гектар жер телімі белгіленіп, «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағы құрылғанын білеміз. Бұл аймақ инженерлік-инфрақұрылыммен толық жабдық­талып,  автожол, телефон, ауызсу және  электр желілері түгелдей жүр­гізілген еді. Мұндағы 22 гектар жер телімінің бес гектары инженерлік-инфрақұрылым жүйе­сіне тиесілі болса, 13,8 гектары кәсіпкерлерге табысталған.

Сапар барысында облыс әкімі аймақта орналасқан «Өркен Әлем» ЖШС арнайы киім тігу цехының жұмысымен танысты. Жалпы құны 38 миллион теңгеден астам қаржыны құрайтын цехтың ашылғанына үш жылдай  уақыт өтті. 45 адамды жұмыспен тұрақты қамтыған кәсіпорынның өнімі Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарайды.

– Біздің басты орталығымыз Алматы қаласында орналасқан. Мұнда 2017 жылдан бастап жұмыс жасаймыз. Цехта әскерилерге арналған оқтан қорғайтын кеудеше, саперлар киетін шлем мен снаряд жарықшағынан қорғайтын киімдер тігеміз. Басты бағытымыз да – осы. Арнайы киімдер Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдердің тапсырысы бойынша жасалады. Барлық қызметкерлер жергілікті аудан тұрғындары. Әлемде пандемия басталғалы цех тігіншілері 20 мың медициналық маска тігіп, аудан тұрғындарына тегін таратылды. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейтетін үлкен жоспарлар бар, – дейді цех филиалының директоры Жақсылық Өзденбаев.

Жалағаштық ағайынның көптен күткені орталық аурухананың құрылысы еді. Жылдар бойы қозғалып келген айтулы істің басталғанына да бір жыл уақыт болды. Бүгінде толықтай іргетасы мен кірпіштері қаланып, төбесі жабыла бастаған үлкен аурухананың жалпы құны 4 миллиардтан асады. Келер жылы пайдалануға берілетін нысанның құрылысын жүргізуді «Абу-Сер» ЖШС қолға алған. Облыс әкімі бұдан бөлек, ескі емхана ғимаратын балабақша етіп қайта жаңғырту жобасын да барып көрді.

– Осы құрылысы жүріп жатқан, аумағы 3,6 гектар жерге орналасқан аурухана типтік жобада, 100 орынды, үш қабаттан тұрады. Терапия, хирургия, реанимация, босану-гинекология, балалар бөлімі, асхана және екі операциялық бөлімдер тиісті блокта орналасатын болады, – дейді облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағамбетов.

Түстен кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәжіліс өтті. Мәжіліске төрағалық еткен облыс әкімі алдымен аудан жетістігіне тоқталып, бірқатар жұмыстардың да кенжелеп қалғанын айтты.

– Облыс әкімі ретінде сіздермен алғашқы кездесуім. Өткен аптада Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарын аралап, тұрғындармен, әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерімен кездестім. Аудандардағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, халықтың жай-күйімен танысып келемін.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде дағдарысқа қарсы кешенді шаралар қабылдануда. Сондықтан экономиканың маңызды салаларында бағдарламалар жүзеге асырылмақ. Сол себепті, бүгін сіздермен бірге Президент тапсырмасының қаншалықты орындалып жатқанын, болашақта атқаруға тиісті мақсат-міндеттерді, ауданды әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспарын қарастырамыз, – деді облыс басшысы.

Аудан әкімі Асылбек Шәменов баяндама жасап, салалар бойынша ақпар берді. Сондай-ақ жиында кәсіпкерлік санын арттыру, аудан бойынша Индустрияландыру бағдарламасының ІІІ бесжылдық картасында бірде-бір жобаның болмауы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясындағы жұмыстар, кейбір ауру түрлерінен көрсеткіштің артуы, күріштен басқа өнім шығаруға басымдық беру, жайылымдық жерлерді пайдалану, кенттегі көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу сияқты келелі мәселелер де қалыс қалмады.

Газетіміздің өткен санында айт­қанымыздай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі жағдайды ескеріп, экономиканы оңалту мақсатында бюд­жеттен «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде қомақты қаражат бөліп, оның ішінде біздің облысқа 37 млрд теңге қаралғаны белгілі. Осы қаржының 1,7 миллиард теңгеге жуығы Жалағаш ауданына бөлінетін болады.

– Бұл қаржы жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, абаттандыру, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды дамыту сияқты жобаларға бағытталады. Осыны тиімді игеру қажет, – деді облыс әкімі.

Айтпақшы, аудандағы индустриялық аймақта құны 678 млн теңгені құрайтын 19 жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде жалпы құны 297 млн теңге болатын 8 жоба іске қосылып отыр. Мәжілісте жұмыссыздықтың алдын алуда осындай жобаларға басымдық беру керектігін айтқан облыс әкімі индустриялық аймақтың тиімділігін арттырудың маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Жалағашта инвестиция тартуға жаңа жобалар керектігі, сонымен қатар, биылғы жылдың ІІ жартыжылдығында жалпы құны 26 млн теңгені құрайтын екі жобаны («Баба» қожалығының «Асылтұқымды ешкілерді көбейту, етін өндіру және сүтін өңдеу» және жеке кәсіпкер Ж.Кәрібоздың 3 жылыжай кешені) іске қосуға нақты тапсырма берді.

Мұнан соң облыс басшысы құрылысы бітуге таяған жаңа әкімшілік ғимараты мен орталық алаңда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көрді. Аталған нысандардың құрылысы биыл аяқталуы тиіс.

Жалағашта құны 19 млрд теңгеден асатын күн сәулесінен электр қуатын өндіруге бағытталған электр станциясы бар. Биыл құрылысы толықтай аяқталған 30 МВт күн-электр станциясын былтыр «Nomad Solar» ЖШС қолға алған болатын. 75 гектар аумақты алып жатқан жаңа нысанда 20 адам тұрақты жұмыс істеп келеді. Облыс басшысы осы нысанда да болды

Айта кетейік, облыс әкімінің сапары бүгін Сырдария ауданында жалғасады.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы». Қызылорда-Жалағаш-Қызылорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз