ЖАНҒА САЯ, ДЕРТКЕ ДАУА

936

0

Жуырда өңірлік коммуникациялар орталығы аймақ журналистеріне арнап Жаңақорған ауданындағы емдеу орталығына баспасөз турын ұйымдастырды.
Аудан орталығынан солтүстік-шы­ғысқа қарай, Өгізмүйіз тауының ете­гіндегі сайлы-жыралы келген жазығында облыстық ере­сектерге арналған тубер­кулезге қарсы санаториясы орналасқан. «Шалқия шипа­жайы» деп аталатын мекеме 1999 жылдан бері науқастардың дертіне шипа болып келеді. Тұмса табиғаттың етегіндегі шипа­жайдың ерекшелігі ту­ралы  мекеменің бас дәрігері Ерғабит Ілиясов айтып өтті.
Теңіз деңгейінен 2700 метр биіктікте орналасқан шипажайдың табиғаты ере­к­ше. Жазы жайлы, қысы жұмсақ. Ауруынан айығып келе жатқан жанның салмақ қосып, әл шақырар аурасы бар жер. Мұнда ауа райының өзі адамға ерекше қуат беріп, сергітеді. Ал, шипажайдың ас мәзіріне қы­мыз, шұбат, құнарлы тағамдардан бөлек жеміс-жидек, көкө­ністер кіреді. «Мұның барлығы әлсіреген ағзаны тез аяққа тұрғызып жібереді», дейді мамандар.    
– Шипажай жыл он екі ай жұмыс істейді. Емдік-сауықтыру процесі іркі­ліссіз жүреді. 150 орынға лайықталған санаторияда төрт бөлім облыс тұр­ғындары үшін қалтқысыз қызмет көрсетеді. Жоғары санатты 9 дәрігер, 37 орта буын дәрігер және медбикелер мен аяжандар жыл сайын квалификациялық білімдерін, деңгейлерін көтереді. Бізде бактериологиялық, клиникалық және био­химиялық зертханалар жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде науқас жанның ағзалық, физиологиялық өзгерістерін бақылап, тез сауығып шығуын қадағалайды, – деді Ерғабит Орманұлы.
Шипажайда науқастарға барлық жағдай жасалған. Массаж, ингаляциялық және физиотерапевтік емдік шаралар, ЛФК, еңбек терапиясы, тіс емдеу кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар, кітапхана қызметі  мен зейіндік ойындар науқас көңілін аулап, жады терапиясын қалыптастырады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<