«Жасыл» экономика – өңірдің өміршең өрісі

264

0

«Baikonur invest» инвестициялық форумы аймақ экономикасының өркендеуіне үлкен септігін тигізуде. Тұрақты түрде ұйымдастырылатын игілікті шара нәтижесінде облысқа түрлі қаржы ұйымдарынан қомақты инвестиция тартылып, жаңашыл жобаларға серпін берілуде.

3-4 желтоқсан күндері аймақта Х «Baikonur invest» инвестициялық форумының шымылдығы түріліп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген бизнес қауымдастықтары мен қаржы институттарының өкілдері Сыр елінде бас қосты. Делегаттар форумның алғашқы күнінде бірқатар тарихи орындарға саяхаттады.

Халықаралық форумның келесі күні «Жасыл» экономика – өңір дамуының жаңа бағыты» деген тақырыптағы пленарлық отырыспен жалғасты. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, сонымен қатар халықаралық және отандық бизнес құрылымдары, қаржы институттары, корпорациялар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.

Аймақ басшысы 5 жыл ішінде инвестициялық форум табысты әріптестік орнату алаңына айналғанын атап өтті. Ал осы жолғы пленарлық жиынның «жасыл» экономика мәселесіне арналуы бекер емес. Баламалы энергетиканы дамыту жөніндегі ауқымды міндет Мемлекет басшысының Жолдау­ында айқын көрініс тапқан.

Әлемдік тәжірибеге арқа сүйеген Сыр өңірі бүгінде дамудың жаңа жолын таңдады. Ол – энергия үнемдеуші технологияны қолданысқа енгізу, энергия тұтыну көлемін төмендету, мейлінше баламалы қуат көздерін пайдалануға көшу. Осы орайда облыс бойынша күннің жарқырау ұзақтығы орта есеппен жылына 3 мың сағаттан асатынын айту орынды.

– Келесі жылы біз 4 ауданда жалпы қуаттылығы 140 МВт болатын 4 күн электр станциясын салуды бастаймыз. Одан бөлек, Сырдария өзеніндегі «Ақлақ» гидротехникалық құрылғысы қуаттылығы 20-25 МВт-ты құрайтын гидроэлектр станциясын салуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы саласында энер­гия тиімділігін сақтау мақ­са­тында 2016 жылдан бері энергия үнемдеудің кешенді жос­пары жүзеге асырылып келеді. Нәти­жесінде облыс көшелерінің 30 проценті жарық диодты шамдармен жарықтандырылды. Бұл электр энергиясын тұтыну көле­мін 12 процентке дейін төмендетуге ықпал етті. Мұн­дай жұмыс мемлекеттік-жеке­меншік әріптестігі аясында алдағы жылы да жалғасады.

«Жасыл» экономикаға не­гізделген шаралардың тағы бірі – тұрмыстық қатты қалдықты басқару жүйесін жаңғырту. Облыста жыл сайын 148 мың тонна қоқыс өндіріледі. Соның 3 про­центі ғана қайта өңделеді. «Ыбы­райхан және К» ЛТД ком­паниясы тұрмыстық қатты қал­дық­ты – шатыр жамылғысы мен жаяу жүргіншілер жолына ар­­налған төсеніш, ал «Smart Rub­ber» серіктестігі резеңке ұн­тақ­тары мен жерасты суару тү­тік­терін шығаруда қолданып жүр.

Қазіргі күні мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында Қызылорда қаласында жылына 60 мың тонна қоқыс сұрып­тайтын кешен құ­рылысының жо­басы қолға алынды. Осы орайда облыс әкімі ынталы инвесторларды құрылыс жұ­мысына қатысуға шақырды. Айта кетейік, бүгінде өңірде екіжақты әріптестікке сәйкес құны 37 млрд теңгеден жоғары 75 жоба жүзеге асырылуда.

Басқосуда дипломатиялық миссия өкілдері, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының басшылары сөз сөйледі. ҚР Инвес­тициялар және даму министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров Қызылорда облы­сындағы негізгі капиталға салын­ған инвестиция өсімінің оң тренд­терін атап өтті.
– Аймақтағы өңдеу өнеркә­сібінің көлемі 1,9 есе артты. Нә­тижесінде саланың негізгі капиталына тартылған инвести­циялардың өсу қарқыны жөнінен Сыр өңірі көшбасшылардың үш­тігіне енді, – деді ол.
«Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басшысы Рәпіл Жошыбаев әлемнің көптеген мемлекеті үшін «жасыл» экономика халықтың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналғанын жеткізді.
– Қазақстан ТМД елдері ара­сында бірінші болып «жасыл» экономикаға өтудің тиімді алғы­шартын қалыптастырды. 2007 жы­лы Экологиялық кодекс, 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заң, 2013 жылы мақсатты көрсеткіштер негізінде «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы қабыл­данды, – деді Р.Жошыбаев.
Франция ұлттық ассамблея­сының депутаты, «Франция-Қа­зақстан» достық тобының прези­денті Пьер Кабарэ, Франция Рес­­публикасының Қазақстандағы тө­­тенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ, Корея Республи­касының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сик және тағы басқа баяндама­шылар тәжірибе бөлісіп, форум­ның жоғары деңгейде ұйымдасты­рылғанын тілге тиек етті.
– «Total Еren» француз компаниясы қазақстандық серіктестермен бірлесіп Жалағашта күн электр станциясын дамытуға міндеттеме алды. Жұмыс алдағы аптада басталып, келесі жылдың қазан айына дейін жалғасады, – деді Ф.Мартинэ.
Келелі жиын қорытындысында облыс үшін маңызды жобаларға байланысты өзара ынтымақтастық ту­ралы меморандумдарға қол қой­ылды. Мысалы, түріктің бизнес өкіл­дері Шиеліде керамикалық тақта шығаратын зауыт салуға ынталы. 2019-2021 жылдарға жоспарланған жоба 400 жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық өнім түрлерін арттыруға мүмкіндік береді. Ал болгариялық «HydroEnergy» АҚ – Қызылорда мен Жаңақорғанда, француздың «Total Eren» компания­сы – Жалағашта, отандық «Samruk Kazyna – United Green» және ресейлік «Avelar Solar Technology» компаниялары Шиелі ауданында күн электр станцияларын салуға ниетті. Қытайлық кәсіпкерлер сыр­бойылық әріптестерімен эконо­микалық ынтымақтастықты, өзара сауда-саттықты дамыту, Қызыл­орда облысына инвестиция тартуға ықпал етуге уағдаласты.
Форум аясында «жасыл» эко­номиканың негізгі 7 бағытын қам­титын 4 секцияның жұмысы ұйым­дастырылды. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды қолданысқа енгізу, тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығындағы энергия тиім­ділігі, қалдықтарды басқару жүйе­сін жетілдіру, цифрландыру, агроөнеркәсіп кешеніндегі «жа­сыл» технологиялар мен су, жер ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру, «жасыл» экономиканы дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдану мәселелері талқыланды. Сондай-ақ B2B, B2G, G2G форматындағы іскерлік кездесулер экономикалық ынтымақтастық орнату алаңына айналды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз