Жауынгерлік ту көшірмесі – Қызылордада

939

0

   Кеше И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы жауынгерлік туының көшірмесі Қызылордаға жеткізіліп, туды қарсы алу-тапсыруға арналған салтанатты шара Тағзым алаңында өтті. 

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз –Жеңістің мұрагерлеріміз!» атты бұл эстафета Алматы қаласынан басталған. Себебі, И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы осы Алматыда жасақталған болатын. Осы кезге дейін Алматы облысы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларынан өтіп, Сыр еліне жеткізілген ту көшірмесі енді Атырау қаласына табыс етілетін болады.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов екінші дүниежүзілік соғыста қазақстандықтар жанқиярлықпен шайқасып, Жеңіске үлкен үлес қосқанын атап өтті.

  • 1941-1945 жылдардағы соғыста тек біздің Отанымыздың ғана емес, басқа да халықтар мен елдердің тағдыры шешілді. Фашизмді жеңуге Қазақстан елі де үлкен үлес қосты. Көптеген адамдар майданға еркін түрде аттанды. Республика аумағында жасақталған 20-дан астам дивизия мен құрама Мәскеуден Берлинге дейін қаһармандықпен жүріп өтті. Оның ішінде бесеуі гвардиялық құрметті атқ алды. Біздің отандастарымыз Мәскеу, Ленинград, Сталинград, Курск даласындағы шайқастарда табындылық пен қажырлылық көрсетті. Алматыда құрылған атқыштар дивизиясы генерал-майор Панфилов жетекшілігімен Мәскеуді ерлікпен қорғады. Осы майданда қазақтың батыр ұл-қыздары Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Нүркен Әбдіров, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова ұлы дала қаһармандығының үлгісін паш етті. Майдандағы ерліктері үшін 500-ден аса адам Кеңес Одағының батыры атағын алса, оның ішінде 21 қызылордалық бар, – деді Н.Байқадамов.

Жауынгерлік Ту көшірмесін қабылдап алу шарасына орай әскери шеру ұйымдастырылып, Тағзым алаңына гүл шоқтары қойылды.

Ал, таңертеңгілік «Біз Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы аясында өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясы өткізілген еді. Брифингте эстафетаның негізгі атрибуты 1941 жылы Алматы қаласында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі екені айтылды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов даңқты дивизияның тарихына тоқталып, оның құрамында Бауыржан Момышұлы,  Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин сынды қазақтың батыр ұлдары болғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, 1941 жылы тамыз айында «Ленин жолы», қазіргі облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған Асқар Нұртазиннің «Сыр жастарына хат» атты мақаласын оқып берді.

Ал, ҚР Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешов эстафетаның мақсаты Ұлы Отан соғысында Отанын жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету екенін жеткізді. Айта кету керек, Жауынгерлік Тудың көшірмесі республикалық маңызға ие 3, облыстық деңгейдегі 14 және шағын 7 қаладан өтетін болады. Эстафета барысында соғыс және еңбек ардагерлерімен 68 кездесу өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, кеше Жаунгерлік Ту көшірмесі И. В.Панфилов атындағы №5 мектеп-гимназиясы оқушыларына таныстырылып, мұнан кейін ту ұстаушы топ Ұлы отан Соғысының ардагерлері Бөрібай Құлманов, Любовь Колесниктің үйіне арнайы барды. Ардагерлер үйінің алдында әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындап, ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері салтанатты шерумен өтті.

 

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<