Қоғамға ой салған сұхбат

424

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беріп, еліміздің саяси-экономикалық, мәдени ахуалымен болашақта алдымызда не күтіп тұр деген мәселенің төңірегінде өзінің пікірін ашық білдірді. Сұхбатта Президент Қаңтар оқиғасы, басқа да халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Қоғам талқысына түскен сұхбат туралы философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Баймырза Қожамберлиевпен пікірлестік.

– Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан билігіне келген 2019 жылдан бастап атқарған жұмыстары мен болған қиыншылықтарды жою және олардан қалай шығудың жолдарын бүкпесіз айтты, – дейді Баймырза Қожамберлиев. – Ол әсіресе, соңғы бір-екі жылдың төңірегінде жүргізілген саяси реформаларды айтудың барысында Конституциялық соттың және заң шығарушы орган Парламенттің жаңа қызметіне тоқтала келе еліміздің басқару ісінде былтырдан бері орын алған демократиялық өзгерістерге тоқталды.

Тілшінің сұрағына орай қалың жұртшылықтың көкейінде жүрген әлеуметтік мәселелер жөнінде айта келіп, үкіметтің бюджеттік ұйымдар мен халықтың аз қамтылған бөліктеріне жалақы мен қосымша үстемақылардың жүйелі түрде өсіріліп келе жатқандығы айтылды.

Сонымен қатар қасіретті қаңтар оқиғасының себебі мен салдарын айта келе Президент бұл трагедияға бұрынғы билік пен оның төңірегінділердің ықпалы болғандығын жасырмады. Сайып келгенде, ниеті бұзық тұлғалар жаңа билікке деген өшпенділігі мен қастандығын 2021 жылдан бастап-ақ кіріскендігі мәлім болды. Өзінің қаңтар оқиғасы кезінде түрлі күштердің әлсін-әлсін талап етуіне қарамастан Ақ Ордадан кетпей, ең соңына дейін басқарып, жағдайды бірқалыпты күйге көшіруде барлық мүмкіндігін салғандығын атап көрсетті. Сол кездегі ең ауыр шешімдердің амалсыздан жүзеге асырылғандығын, Алматы қаласында халықтың кейбір бөлігінің қолында ең соңғы қару-жарақтармен елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіргенін түсіндірді. Президенттің айтуынша, сол топтардың қолдарында 3500-ге жуық қару-жарақтың болғандығы елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, мемлекеттік төңкеріске алып келуі мүмкін еді.

Дегенмен, осы сұхбат арқылы Қаңтар оқиғасына толық баға берілді деп айта алмаймын. Ол тұрмақ, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының өзі лайықты бағасын алмай келеді. Сондықтан, қаңтар қасіретіне қатысты мәселелерге нүкте қойылған жоқ.

Жаңа жылдан не күтесіз деген сұраққа, елімізде бірқатар ауқымды саммиттер мен форумдар өтетіндігін және ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету бойынша әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жылдығын атап өтетіндігін көрсетті. Мемлекеттігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алатындығы айтылды.

Бір жағынан, бұл сұхбаттың бірқатар ерекшеліктері де бар. Өте еркін форматта өткен. Оған қоса, ұлтымыздың бас басылымына, қазақ тілінде сұхбат беруінің өзі тіліміздің мерейін бір көтеріп тастады деуге болады.

Бұл қоғамға ой салады. Қандай ой салды десек, бір жағынан сұхбат, бір жағынан стратегиялық бағдарлама десе болады. Президент өткен жылы елімізде атқарылған жұмыстар туралы, Президенттік бағдарламасын жүзеге асырып келе жатқанын айтты. Саяси реформаларға өте көп маңыз берді. Сондай-ақ тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік жүйесіндегі орны туралы пікірін айтты.

Бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғанын, тіпті, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болғанын атап өтті.

Бұрынғы Әділет министрі мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұрады деген екен. Кейбір шенеуніктердің біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрген әрекеттерін де жасырмады. Ол халық талқыға салған «үлкен және кіші президент» деген пікірге қарсы ойын жеткізді. «Кеттің бе, қайырылма» деді. Онысы орыстың «уходя уходи» деген мәтеліне тұспал ғой деймін. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев президент лауазымына бір-ақ рет сайлану ережесі енді ешқашан өзгермейтінін айтты. Демек, енді әркім ойына келгенін істеп, Конституцияға өзгеріс енгізе алмайды. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген.

Сұхбатта айтылған тағы бір маңызды мәселе – АЭС құрылысы. Тоқаевтың айтуынша, АЭС салу мәселесін халық шешеді. Жалпы, қоғамда республикамызда атом электр стансасын салуға қатысты алаңдаушылық көп. Чернобыль апатын, елімізде жүргізілген қаншама ядролық жарылыстарды ұмытпаған халық үшін бұл алаңдаушылықтар негізсіз емес. Жоғары билік те бұл туралы біледі. Сондықтан да Президент АЭС құрылысы халық үшін маңызды мәселелердің бірі ретінде міндетті түрде жалпыхалықтық референдумға шығарылатынын қуаттады. Әділетті Қазақстан қағидасы осылай жүзеге асады. Бұл мәселеде Президент халыққа арқа сүйеп отыр десек болады. Сол үшін азаматтарымыз АЭС-ке қатысты өз пікірін белсенді түрде білдіруі тиіс.

Мемлекет басшысы білімді ұрпақ тәрбилеу туралы да айтты. Оған қадамдар жасалып жатыр. Білім орталықтары, соның ішінде жайлы мектептердің бой көтергенін, мектепте, колледжде, балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өскенін атап өтіп, 2023 жылы атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Мемлекет басшысы көтерген бұл бастамалардың нәтижесінде өңірімізде ілгері жылжу байқалып, білім саласында оң өзгерістер болып жатқанын жоққа шығармауымыз керек.

Президент өткен жылы Мәжілістің жалпы отырысында елімізде бес шетелдік беделді университеттің филиалын ашуды тапсырып, қос диплом жүйесін мықтап қолға алу мәселесіне нақты бағдар берді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Сеул техникалық университетімен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойып, Президент айтқан жасанды интеллект бағытта алғашқы қадамын жасады. Бұл серіктестіктің басты мақсаты – халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламасын әзірлеу, елімізге тиесілі ЖОО-ның ғылыми әлеуетін арттыру. Енді биылдан бастап студенттер қабылдай бастады. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша мектептер салына бастады. Бұл – қарапайым ауыл балаларының қолжетімді білім алуына жағдай жасалады деген сөз. Медицина саласында да облыста 27 медициналық нысан жоспарланып, оның 15-і салыныпты. Бұл да үлкен жетістік. Аймақ басшылығының нәтижелі жұмысын көрсетеді.

Әрине, бұл жақсы. Көңіл қуантар жайт. Бірақ, осы тұрғыда біз бұған дейін де қаншама жолдаулар, сұхбаттарды, тұңғыш Президенттің де қаншама бағдарламалық мақалаларын талдадық. Ел өмірінің түрлі салаларында тың бастамалар бұған дейін де көтерілді. Сондықтан, жаппай мақтап, жабыла талдаумен шектелмесек екен деймін.

Мысалы, Қазақстан шетелдік инвестиция тарту жағынан әлемде үздік ондықтың қатарына шықты. Алтыншы орында. Халықаралық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Еліміз инвестиция көлемі бойынша посткеңестік кеңістікте көш бастап тұр екен. Орталық Азия елдеріне тартылған барлық инвестицияның 61 пайызы бүгінде Қазақстанға тиесілі деп жатыр. Ал былтыр бірінші жартыжылдықта ел экономикасына 13,3 млрд доллар көлемінде инвестиция құйылыпты. Қаражаттың көбі Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай елдерінен тартылған.

Енді бұл қаражат қай салаларға құйылып жатыр? Елде өңдеу өнеркәсібінің деңгейі қанағаттанарлық емес. Президент ұсақ-түйекке үңіле бермейік деген мағынада пікір айтқан екен. Бірақ, мен ойлаймын, ұсақ-түйек нәрседен күрделі мәселелер туындайды. Біз сол ұсақ-түйекті неге шешіп алмаймыз? Ауқымды жоспарлар жасап, алысқа ұмтылғанша, ең әуелі халыққа керекті, қажетті тауарлар неге жасамаймыз? Мысалы, елімізде автомобиль өнеркәсібіне қыруар қаржы құйылады. Бірақ, сол автопром деген бізде бар-жоғы туралы пікірталас көп. Сонда бар-жоғы белгісіз салаға ел қазынасынан қыру ар қаржы неге жұмсалады? Болмаса, біз аграрлық елміз деп, бұл салаға да миллиардтаған қаржы құйып жатырмыз. Соның нәтижесі қандай?

Жалпы Мемлекет басшысының саясаты туралы айтқанда, ол үшін басты назарда халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы тұрғанын көруге болады. Бірақ ол үшін экономика дамуы керек. Ал экономика дамуы үшін әртараптандырылуы тиіс. Біз өзіміздің өткенімізді айта беретін болсақ, заманға ілесе алмаймыз. Дәл осы тұрғыдан қарағанда, бұл сұхбат халқымызды саяси тұрғыдан ғана емес, ел өмірінің барлық саласында белсенді болуға ынталандырса екен деймін. Халқымыз белсенді болып, біз қойып отырған сұрақтарға қоғам болып жауап іздеуі, жауапты органдардан сол қаржының есебін талап етуі керек. Сұхбатта сондай қоғам болып шешуіміз керек мәселелер көп айтылған.

Сұхбаттасқан

 Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы«

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<