Ынтымақта болсақ, ықпалдылық артады

424

0

Мемлекет басшысының жыл басындағы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты қоғамда біршама серпіліс тудырды. Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен кезеңдердегі басты жетістік ретінде ішкі саяси тұрақтылыққа қол жеткізгенімізді атап өтті. Расында, ішкі саяси тұрақтылық мәселесі мемлекеттік қауіпсіздігіміздің кепілі десек  артық емес.

Бұл – басты назарда болатын құбылмалы мәселе. Осы ойдың желісін академик-философ Ғ.Есімнің тұжырымдарынан көреміз. «Жердің тұрақтылығы дегеніміз – орасан зор жылдамдықпен үнемі қозғалыста болуы. Тұрақтылық – шартты ұғым. Тұрақтылық негізі – қозғалыста» дейді ол. Ойланатын жағдай. Осы ретте біз үшін қозғалыстардың, яғни дамудың тұрақтылығы маңызды. Сұхбаттың астарынан осыны аңғаруға болады.

Сұхбатта көптің көңілінде жүрген біршама сауалдардың басы ашылған секілді. Оның ішінде екі жыл бұрын болған Қаңтар оқиғасы туралы Мемлекет басшысының пікірі көпке ой салды. Шынында, Қаңтар оқиғасының себебі бір күнде қалыптаспағаны анық. Қаңтар қақтығысы біріміз үшін арандатушылыққа ұрынған бейбіт митинг, екіншілер үшін террористер ылаңы, үшіншілер үшін саяси жүйені өзгерту мүмкіндігі деп ойлаймыз. Бұған уақыт өте келе тарих өз бағасын бере жататыны белгілі. Тарихтың ашқан ұлы жаңалығы – адамдардың тарихтан сабақ алмайтындығы. Сондықтан бұл оқиғаның сабағын жүрекпен сезінбесек, билік тарапынан тиімді тұжырым жасалмаса, оның зардабы бұдан зор болуы әбден ықтимал. Осы тұрғыдан келгенде Президенттің өз ойын ашық, жан-жақты қамтып жеткізуі біз үшін маңызды.

Президент өткен жылғы Жолдауында Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарын жариялағаны белгілі. Онда 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу көзделгені айтылған болатын. Д.Хамзабектің «Алайда Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің болжамдарына сенсек, 2023-2024 жылдары ел экономикасының өсімі 3-4 пайыздан аспайды. Мұндай қарқынмен мақсатқа жете аламыз ба?» деген сауалына өте тұшымды жауап берілді деп санаймын.

Әрбір қазақстандықты ойландыратын осы сұраққа «Әрине, бұл – жетуге болатын меже. Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім» дей келе, «Шын мәнінде, мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ» деген еді.

Сөз орайында экономикалық серпіліс жасау үшін екі ауқымды бағытты анықтап берді. Ол – біріншіден, ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Екіншіден, инвестиция тарту. Көп үміт Мемлекет басшысы атап өткен жаңа Салық кодексінде екені жасырын емес. «Жаңа Бюджет кодексі де – өте маңызды құжаттың бірі. Біз қазына қаражатына деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз» деп атап өтті Президент.

 Әрбір азамат ел алдындағы өз жауапкершілігін сезіне білуі тиіс. Осы ойдың жетегінде жорналшының «Қоғам не нәрсеге мән беруі қажет деп ойлайсыз?» деген сұрағына Мемлекет басшысы берген жауабында аса маңызды мәселені қозғады. Ол – уақыт сынынан өткен, қоғамға қажетті құндылықтарды насихаттау арқылы саяси ахуалды үнемі сауықтырып отырудағы зиялы қауымның рөлі.

 Ал қазір зиялы қауымның немқұрайлылығы Мемлекет басшысын едәуір аландататын сияқты. Президент: «…Ашығын айтайын, өзін «ұлттың қаймағымыз» деп санайтын кейбір зиялы қауым өкілдері осы миссиясын өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ. Олар ұлтқа үлгі-өнеге көрсетудің орнына, ұсақ-түйек әңгімелерді қоздатудан, әдеттегідей «біздің халық аса данышпан» деп қайталай беруден немесе қара басының қамын күйттеп, билікке «жағдайымды жасамады» деп өкпе артудан аса алмай отыр. Осылайша, ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беріледі». Тарихта зиялы қауымның елдегі экономикалық-саяси ахуалды сауықтыруда шешуші рөл ойнаған мысалдарды тарлан тарих біледі. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан екіге бөлініп, экономикасы тұралаған Оңтүстік Кореяны алайық. Ол кездегі Кореяның экономикалық жағдайы біз тәуелсіздік алған кезіміздегі еліміздегі экономикалық ахуалдан әлдеқайда төмен болған. Зиялы қауым өкілдері сол тұста саяси басшылықпен келісіп, барлық корейлерге «Тауық жақсы ма, әлде корей жақсы ма?» деген бір ғана сауал қоюға келіседі. Әрине, барша халық «корейлер жақсы» деп жауап береді. Осы жауаптың негізінде «егер корей тауықтан артық болса, ол онда одан ерте тұрып, ел үшін аянбай еңбек етсін!» деген Үндеу тастайды. Бұл Үндеуді бірінші болып сол кездегі корей жастары қолдайды. Шетелдерге шығып жалданып жұмыс істеп, табыстарын елдеріне беріп отырады. Корей осылай көтерілді.

 Бір ғана өміршең сұрақ барлық азаматтың санасын селт еткізіп, ортақ мұратқа жұмылып, бірегей идея төңірегіне топтастыра алды. Ал біз селқоспыз…

Сұхбаттың мазмұнына нәр беріп тұрған идея меніңше, Қ.К.Тоқаевтың қоғамда заңның салтанат құруына қатысты ұстанымы дер едік. Сұхбатта мынадай ой бар: «Мен елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Біз заңсыздық пен қатыгездікке біркісідей батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек». Бұл – өркениетті елдер ұстанып отырған қатаң қағида. Халықтың саяси мәдениетінің бір қыры десек, артық емес.

Алдағы жылдары оңай болмайтыны да жасырын емес. Ел болып жұмыла атқаратын жауапты жұмыстар шашетектен. Осыған орай Президент: «Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз» деді. Бір қарасаңыз, шешілуі қиын түйін секілді аса ауыр міндет – бұл. Расында, баянды болашағымыз үшін жасалатын жұмыстардың жеңіл болуы да мүмкін емес. Хакім Абай мұндайда «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл» деген болатын. Мұндағы адамның ол құлдығы – өзіне өзінің құлдығы. Өзіне өзі құл бола алмаған адам неғұрлым ізгілікті істерге ұмтылғысы келмей, өз жанын өзі бағумен ғана күнін өткізеді. Жалқаулық, жатыпішерлік, жағымпаздық, парақорлық, сатқындық… бәрі осыдан шығады. Азат басыңның құл болуы деген – өзіңді өзің бағындыра білу, игере білу деген сөз. Осындайда бабаларымыз «артық нәрседен аяғыңды тартып жүргін» деп өсиет қалдырды емес пе?!

Сұрақ-жауап барысында Үкіметтің тиімді жоспарлау және ресурстарды орынды пайдалануы қажеттігі айтылды, яғни, сайлауда көпшілік дауысқа ие болған «Amanat» партиясының сайлауалды тұғырнамасы да Үкіметтің бағдарламасымен үйлестірілгені әңгіме арқауына айналды. Бұл өз тарапынан Президенттің саяси қолдаушы күшіне айналған партиямыздың ел алдындағы жауапкершілігін арттыруды талап етеді.

Нобель сыйлығының иегері Э.Хемингуэй «Адам жеңіліске төзу үшін емес, жеңу үшін жаралған» деген. Расында, Мемлекет басшысы айтқандай, «біздің бұрын кім болғанымыздан, қазір кім екеніміз ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды». Қоғам үнемі даму үстінде. Кешегіні қажай бергеннен пайда шамалы, алдымызды ойлайық.

Уақыт талабына сай елімізді жаңаруға бастаудағы Мемлекет басшысының бастамаларын халықтық қолдаудың маңызы ерекше. Саяси реформалардың нәтижесінде халық саясаттың құралынан оның мәніне айналып келеді. Келелі істің негізгі тірегі ішкі бірлік. Ынтымақты болсақ, ықпалды боламыз.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

облыстық мәслихат төрағасы,

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<