Тәуелсіздік: 2021 жыл

771

0

Биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар елімізде және өңірде көптеген саяси, әлеуметтік және өзге де іс-шаралар көрініс берді. Аталған оқиғалардың барлығында халықтың ауызбірлігі, татулығы және достығы басты орынға шықты.

Жыл басында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өткізілді. Оған барлығы 7 саяси партия қатысып, нәтижесінде 3-і Мәжілісте өзіне тиесілі орындарға ие болды. Ал біздің облыста 152 мандатқа барлық партиядан өкілдер қол жеткізді.

 Сондай-ақ, биыл Арал ауданындағы құрғақшылық жергілікті халықты үлкен әбігерге салды. Салдарынан 559 мал басы шығынға ұшырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда және Маңғыстау облысындағы қуаңшылық жағдайға байланысты қажетті іс-шараларды қабылдау жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Алғашқы кезекте мал басын аман алып қалу үшін су ұңғымасын қазу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру мақсатында каналдар тазаланып, су тоспаларын салу мәселесі назарға алынды. Бұл жобалар толық жүзеге асуы үшін Сырдария өзенінің «Бұрмақұлақ» арнасын бөгеп, «Аспай» су ағытқысын іске қосу арқылы «Ақшатау-Қамбаш» көлдер жүйесін суландыру жұмыстарына назар аударылды. Облыс басшысы бұған байланысты ел Үкіметіне тиісті ұсыныстар жолдады. ҚР Премьер-Министрінің қаулысымен Арал ауданында төтенше жағдай жарияланып, республика бюджетінен қаржы қаралды.

Ел өміріндегі тағы бір маңызды оқиға – ауыл әкімдерін сайлау. Біздің облыста 40 округ бойынша тұрғындар ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін таңдауға ниет білдірді. Оған 36 мыңнан астам адам сайлаушы ретінде тізімге енгізілді. Олардың 83,58 проценті дауыс беруге қатысты.

Коронавирус пандемиясы салдарынан бір жылға кейінге шегерілген Токио олимпиадасы биыл барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жоғары деңгейде өткізілді.  Дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Олимпиада бағдарламасына алғаш рет бейсбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг секілді спорттың  бес түрі енгізілді. Айтулы аламанға жұмыр жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11090 спортшы қатысты. Жарысқа қатысушылардың 49 процентін әйелдер құрады.

Қазақстандық 95 спортшы Күншығыс еліне спорттың 27 түрінен бақ сынады. Токио төрінде Қазақстан жалауын қызылордалық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұстап шықты. Айта кетерлігі, Қамшыбек – біздің өңірден мұндай мәртебеге ие болған тұңғыш спортшы.

Қазақстан спортшылары сегіз қола медаль алды. Олардың қатарында дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, палуан Нұрислам Санаев, каратэші Дархан Асаділов пен Софья Берульцева бар.

Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында елімізде Ұлттық халық санағы өткізілді. Халықты толық есепке алуды қамтамасыз ету және халық санағын жүргізу кезінде деректер сапасының анықтығын тексеру үшін 1 қарашадан 7 қарашаға дейін бақылау іс-шаралары нақтыланды.  1 қарашадағы жағдай бойынша халық санағы облыстың барлық тұрғындарын қамтыды.

Ал, онлайн санақтың қорытындысы бойынша облыста 437738 адам халық санағынан өтіп, 53,2%-ті құрады. Қазақстан Республикасы бойынша Қызылорда облысы онлайн санақтан өту рейтингісінде екінші орын алды.

Кездескен қиындықтарға қарамастан биыл қызылордалық диқандар мол өнім жинады. Су жетіспеушілігінен күріш егісі 89,5 мың гектардан 83,6 мың гектарға дейін қысқартылды. Орташа өнім гектарына 59,8 центнерді шамалады. Алдағы уақытта ылғал аз қажет ететін дақылдар – соя, жүгері, майлы мақсары, күнбағыс және жемшөптік дақылдар – жоңышқа, сүрлем, жемдік асқабақ егістігі ұлғайтылады. Сонымен қатар, суландырудың ылғал үнемдеу технологиялары – аквагельдер, жаңбырлатып суару, көшет әдісі енгізілуде.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қызылорда облысында ауыл шаруашылығының үлесі кейінгі 10 жылда 3,9%-тен 6,3%-ке дейін артты. Күріштің өнімділігі мен жалпы алынған өнімі бүгінде 1991 жылғы көрсеткіштерден 1,5 есеге өскен.

Айта кетерлігі, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығы жарық көрді. Бұл еңбектің ерекшелігі сол, Сыр өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының өткені мен бүгінін қызылордалық журналистердің өздері саралап жазып шықты. Шығармашылық топ бұған екі жыл уақыт арнады. Кітап жазу барысында Сыр журналистикасының тарихына қатысты бұрын-соңды қалам тербеген аға-әріптестердің, ғалымдардың еңбегі пайдаланылды. Мұнымен қоса Мәскеу, Алматы қалаларындағы, Қызылорда облысындағы архивтерден, кітапханалардан нақты мәліметтер, тың деректер алынды.

Ауқымды жоба көмескі тартқан тарихты қайта түгендеу, қалам ұстаған кешегі әрі бүгінгі буынның азды-көпті еңбегін дәріптеу, талдап-таразылау, ғылыми айналымға қосу, жас журналистерге кәсіби бағдар беру секілді мақсаттарды көздеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<