Жауапсыздықтың кесірі жол апатын көбейтті

976

0

Жұмыстан қайтар уақытта үлкен жолдың бойында «Камаз» жүк көлік жүргізушісін полиция департаменті қызметкерлері тоқтатып тұр екен. Көшенің қақ ортасындағы қан едәуір жерге жайылған. Сонау жерде  бір адам сұлқ түсіп жатыр. Мен мінген таксидің жүргізушісі: «Мына адамның жақындары күтіп отыр – ау» деді. Сонда барып, адам өлімі болғанын түсіндім. Кейін ресми орындардан сол жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған жап-жас жігіт екенін, үйленгеніне бір ай ғана болғанын білдік.

Біреудің ажалы судан, енді бірінікі оттан болса, кейінгі кезде жол үстіндегі қайғылы жағдайлар көбейгені рас. Нақты деректерге сүйенсек, облыс көлемінде биылғы бес айдың өзінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, жол-көлік оқиғасы 13,8 процентке артыпты. Өкініштісі сол, салдарынан қайтыс болғандар 71,4%-ке, яғни 28-ден 48-ге, ал жарақат алғандар 13,1%-ке өскен.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Ибраевтың айтуынша, бұған облыста жылдан-жылға көлік санының көбеюі, оның ішінде шетелден келетін автокөліктер, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол жүру ережелерін сақтамауы себеп. Сондай-ақ, жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі, түнгі мезгілде көшелердің жарықтандырылмауы да әсер етуде.

Бүгінде қоғамдық көлікке қатысты тұрғындар жиі шағымданады. Бұл салада күрмеуі шешілмеген мәселе көп. Кіші сыйымдылықтағы  автобустардың бір-бірімен жарысуы, жылдамдықты шамадан тыс арттыруы әлеуметтік желіде қызу талқыланады. Жүргізушілердің қолынан телефон түспей, өз міндетіне жауапсыз қарайтындар жайлы да көп сын айтылуда.

Алайда оларға құқық қорғау орындары тарапынан шара көру жағы төмен секілді. Әйтпесе, қоғамдық көліктердің жол апатына ұшырауы өткен жылмен салыстырғанда 40 процентке ұлғаймас еді. Жарақат алғандар 30%-ке  өссе, қайтыс болғандар биыл тіркелмепті. Бұл да – көңілге медеу боларлық дерек.

Жазым деген аяқасты. Жолда жүргенде өз-өзіңе мығым болуың керек. Әсіресе, жаяу жүргіншілер жолағынан өтерде барынша сақ болған дұрыс. «Бұл жол маған тиесілі, сондықтан өзім білемін» деу жарамайды. Жылдам келе жатқан автокөлік иесі тежегішті басып үлгермеуі мүмкін. Бірақ, жолақты көргеннен көлік жүргізушілері жылдамдықты азайтып, жаяу жүргіншілердің тезірек өтіп кетуіне мүмкіндік жасаса дейміз. Қазір тіпті жолақтың өзінен қорқасоқтап өтетіндей дәрежеге жеттік. Неліктен? Жақында әлеуметтік желіде жаяу жүргіншілер  жолында оқушы қызды қағып кеткен бейнежазба лезде тарады. Одан көргеніміз бірінші автокөлік тоқтағанымен, қатар келе жатқан екіншісі жылдамдықты бәсеңдетпей өте шығамын деген болу керек, кішкентай баланы ұшырып әкетті. Салдарынан қыз бала аурухана төсегіне таңылды.

Осындай тағы бір деректі келтіре кетейік. Облыс орталығында 25 мамырда жаяу жүргіншілер өткелінде «Камаз» жүк автокөлігінің жүргізушісі 7 жасар баланы қағып кеткен. Салдарынан баланың оң аяғына ампутация жасауға тура келген. Мұндай оқиғаның жыл басынан 8-і тіркелсе, оның біреуі өлім құшқан. Қалғаны түрлі дене жарақатын алған.  Ал мына деректі естігенде құйқаң шымырлап, жүрегің езіледі. Сәуірдің 4-де балабақша тәрбиешілері қауіпсіздік ережесін сақтамай, балалар тасымалдауға арналған көліктен түскен 3 жасар баланы қадағалаусыз қалдырған. Жауапсыздық салдарынан бүлдіршін көлік астында қалып, қайтыс болған. Балабақшалардың тасымалдау қызметіне жауапкершілікті арттырған жөн. Кішкентай көлікке бірнеше баланы отырғызып, жүйткіп жүргенін талай көзіміз шалды. Біреудің бауыр еті баласының өміріне соншалықты бей-жай қарағаны қалай?

Адам өліміне әкелген ірі жол апаты үлкен трассаларда, яғни ауыларалық жолдарда тіркелген. Мысалы, қаңтардың 1-де Жаңақорған ауданы Әбдіғаппар ауылы мен Жаңақорған кенті аралығындағы жолда екі «Ваз» автокөлігі қарама-қарсы соқтығысып, 4 адам көз жұмған.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитовтің айтуынша, жыл басынан бері 38 702 жол ережесін бұзу анықталса, оның ішінде 15 892 жол ережесін өрескел бұзу дерегі тіркелген. Көлікті мас күйінде айдаған 324, қауіпсіздік белдігінсіз 3 137, ұялы телефонмен сөйлескен 866, жолдың қарсы бағытына шыққан 133, жаяу жүргіншіге жол бермеген 920, жылдамдық асырған 9 890 жүргізуші және жол ережесін бұзған 622 жаяу жүргіншіге әкімшілік шара көрілген. Жылдамдықты асырған 9 890 дерек қалада орнатылған автоматтандырылған жүйелер арқылы анықталған. Демек, қала орталығында жылдамдықты шамадан тыс асыру дерегі азаймай тұр. Ендеше оның басқа да амалын қарастыру керек тәрізді.

Бұл ретте шетелдік тәжірибеге де иек артқан артық емес. 2019 жылы жол апатынан бір ғана адам көз жұмған Норвегия астанасындағы жағдай көпке үлгі. Биыл Осло көшелерінде бірде-бір жаяу жүргіншіге зиян келмеген. Бұған қала ішіндегі жылдамдықтың азаюы, жол сапасының жақсаруы сынды факторлар әсер етсе керек. Оңтүстік Корея елінде де жол апаттарымен жылдамдықты шектеу арқылы күреседі. Корей ғалымдарының зерттеуінше жылдамдықты азайту арқылы адам өлімін де 50 проценке азайтуға болады екен. Осындай озық тәсілдерді қолдану арқылы еліміздегі жол-көлік оқиғасына тосқауыл бола алсақ, қаншама адамның өмірін қауіп-қатерден сақтап қалар ма едік.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<