Аққуды аспандағы қондырған күй

922

0

Қызылорда қаласындағы ескі базардың кіреберісінде қобыз тартып отыратын қарт кісіні сол дәуірдің адамдары жақсы білетін. Оны біреулер «бақсы» десе, тағы біреулер «соқыр Нышан деген күйші» дейтін. Бұл  Қорқыт ата күйлерін біздің заманға жеткізген Ысмайыл Нышан Шәменұлы еді. Жасында күйдіргі ауруына шалдығып, екі көзі көрмей қалған. Бала күнінен қолына қобыз ұстаған ол «Мұсаяз» бейітіне келген қобызшылардан Қорқыт атаның және белгілі бақсы-балгерлер Есақай мен Адасқан, тағы басқа қобызшылардың күйлерін үйренген.

«Қазақ радиосының» Сыр бойындағы меншікті тілшісі болған Ахат Жанаев атақты қобызшының орындауында Қорқыт күйлерін таспаға түсіріп алған. Оның жазбаларынан, сұхбаттарынан қызықты деректер кездестіруге болады.

– Қобызшы Нышанды баяғыдан білуші едім. Жастау күнімізде, сонау соғыс жылдары болар шамасы, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болған теміржолшы Серғазы Опалхожаев деген ағамызбен көрші тұрдық. Алғаш Нышанды сол үйде көрдім. Қобызшының шын аты-жөні Ысмайыл Шәменұлы екен. Жастау күніміз ғой, көзі мүлде көрмейтін суқараңғы  адамның қобыз тартуы, жүріс-тұрысы, әсіресе, балаларды қызықтыратын, – деп жазыпты естелігінде А.Жанаев.

Ол алпысыншы жылдардың ортасында республикалық радиоға тілші болып орналасқан соң-ақ, қобызшыны іздестіре бастаған. «Тоқсанның о жақ, бұ жағына жақындап та қалған қарт кісінің талай қазына ішінде кетеді-ау. Қорқыт бабамыздың күйлерін таспаға түсіріп алып, халқымыздың керегіне жаратсақ» деген ой мазалаған.

– Күндердің күнінде кездесудің де сәті түсе кеткені. Әңгімешіл адам екен. Жас күнінде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сияқты дүлдүлдерге әлденеше рет Қорқыт күйлерін тартып бергенін әңгімелеп берді. Соғыстың алды ма, кейін бе, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан ағамыз да Қызылордаға арнайы ат басын бұрып Қорқыт күйлерін тыңдап, қайран қалып кеткен екен. Ол кезде Қорқыт бабамызды жұрт дінмен байланыстырып, оның атын арнайы ізіне түскен тарихшы-зерттеушілер болмаса атай бермейтін шағы еді ғой, – делінген  тілші жазбасында.

Бойындағы қазынаны таспаға жазып, тарихқа қаттау туралы ойды Нышан Шәменұлының өзі де қостаған.

– Әттең, азанғы мезгілде қобыз сарнатқанда аспандағы аққудың өзі кете алмай, тас төбеде қаңқылдап айналып жүретін, «Желмаяның желісіне» басқанда байлауда тұрған інгеніңе дейін боздап қоя беретін жас күнімде кездеспедіңдер-ау. Қайтеміз енді, «Ештен кеш жақсы» деген емес пе, бір ескі қобыз табыңдар маған, күш-қуатымды жинап көрейін, – депті.

Қобызшының өз қобызын базарға шығып, көпшілікке тартқан соң «ескіліктің сарқыншағы» деп қызыл жағалылар табанға салып, керзі етікпен тепкілейді екен. Бірде екі орыс жігіті сатыңыз деп ізінен қалмаған соң қырық жамау болған қобызын соларға сатып жіберіпті.

Күйлерді жазып алу үшін қылқобыз іздеп, талай жерді шарлаған тілші белгілі ғалым Мардан Байділдаевқа телефон шалып, Алматыдан алдыртады.

– Қылқобызды баяу, бабымен жарты сағаттай сарнатып алды-ау. Біз бұл сарнауларға кейінірек «Соқыр Нышан сарнаулары» деп айдар таққанымыз есімде. Әлден уақытта тоқтады. Шүмектеп аққан терді көлдей орамалмен бір сыпырып шыққанымызда суы сығып алуға келген. «Ал, шырақтарым, – деді қобызшы шал, – Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Арыстан Баб, Шашты Әзиз, Ғайып Ерен Қырық Шілтенді жағалап шықтық. Қорқыттың күйлерін тартуға Алладан ұлықсат болды» деді.

Осыны айтты да «Аһ-һ, Уһ-һ» деп терең ащы үн шығарып, кеуде қуысын босатып алғандай болды. Содан Қорқыт күйлері сарнап жөнелсін. Бірде сыңсып жоғары өрлейді, бірде сылдырап төмен ылдилайды. Қылқобыздың ішектерінен зарлы да мұңды, кейде шалқып, кейде қалқыған сиқырлы дыбыстар ақтарылып жатыр. Боздаған түйе… бұл – «Желмаяның желісі», аспанға өрлеп асылып қалған қаңқыл… бұл – «Аққу», сай-сүйекті сырқырата сарнаған күй… бұл – «Ұшардың ұлуы». Әне, бауырына басқан баласын «Әуіпбай, әуіпбай» деп жұбатып, иығына асқан иінағаштағы шелегі сылдырап, суатқа құлаған келіншекті көріп тұрғандай боласың.  Бұл 1975 жыл еді. Сөйтіп біз осы жолы Қорқыттың он екі күйін жазып алдық, – дейді ескі естеліктер.

Нышан Шәменұлы күллі түркі дүниесінің абызы Қорқыт бабамыздың «Ұшардың ұлуы», «Тарғыл тана», «Әуіп-пай», «Қорқыт», «Башпай», «Желмая», «Сарын», «Қоңыр», «Байлаулы киіктің зары» сияқты күйлерін кейінгіге қалдырып кетті. 

М.МЕРЕЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<