Ауыл руханиятының шырақшысы

1538

0

Тұрсынкүл Рахметова – Шиелі ауданына қарасты «Сұлутөбе» ауылдық округіндегі «Сұлутөбе» мәдениет үйінің директоры.  Ол Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының музыка факультетін бітірген. Еңбек жолын 1982 жылы өзі туып өскен Қазалы ауданы «Құмжиек» ауылында бастайды. Онан соң Сұлутөбе ауылдық балалар музыка мектебінде мұғалім,  №41 М.Шоқай атындағы орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі, қалаға қарасты Бірқазан ауылындағы №145 орта мектепте педагог ұйымдастырушы, Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты 1 Май ауылындағы №40 орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 2016 жылдың тамызынан бастап Сұлутөбе ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындалып, осы кезге дейін абыроймен атқарып келеді.

–    Сұлутөбе ауылдық мәдениет үйі 1972 жылы типтік жобамен салынған. Ең алғашқы клуб меңгерушісі –  Өтепберген Бекбайұлы. Бұл қызметті ауыл азаматы Темген Нұржанов деген ағамыз атқарды. 1976 жылы Алматы театрының режиссері Тынымбек Пірімжановтың ұйымдастыруымен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклі қойылды. Осының негізінде мәдениет үйіне «Халық театры» атағы берілді. Ал 1980 жылы С.Жүнісовтің атсалысуымен мәдениет үйі «Халық театры» атағын қайта қорғап шықты. Клуб меңгерушісі қызметін Жомарт Нарымбетов, Кеніш Піртаева, С. Жұбандықова атқарды. 2016 жылы директорлық қызметке мені тағайындады. Содан бері осы кісілердің ізін жалғап, мәдениет үйінің жұмысын дамытуға еңбек етіп келемін, – дейді Тұрсынкүл Әмірәліқызы.

Айтпақшы, 2014 жылы мәдениет үйі Шиелі аудандық мәдениет үйінен бөлініп, Сұлутөбе ауылдық округ әкімдігіне беріліп, өз алдына мекеме болады. 2015 жылы 240 орындық ғимарат жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Қазір оған М.Шоқай және Жаназар батыр ауылдық клубтары қарайды.

–    Мәдениет ошағында 7 үйірме жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Асыл әжелер» ансамблі, «Сұлу әуен жастары» ән, «Самғау» драма, «Шабыт» би, «Саз қоңыр» атты домбыра және «Жалын» көркем сөз үйірмелері бар. Үйірме мүшелері республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі түрлі байқауларға, жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алып, марапаттарға ие болып келеді, – дейді директор.

Тұрсынкүл Рахметова да  ұйымдастырушылық қабілетінің, қызметіне деген зор сүйіспеншілігінің, мәдениет ошағының жұмысын жүйелі атқару жолындағы тынымсыз еңбегінің арқасында талай марапатқа бөленіп, ел алғысын алып келеді.

Ауылдық жерлердегі клубтар мен мәдениет үйлері қашаннан руханияттың, мәдениеттің ошағы саналатыны белгілі. Ендеше онда қызмет істейтін әрбір қызметкерді сол ошақтың отының өшпеуіне, ұлттық руханияттың, мәдениеттің шырағын жағуға атсалысып жүрген мәдениет шырақшылары десек  жарасатындай. Жалпы Тұрсынкүлдей жанашырлар тұрғанда төл мәдениетіміз төрге оза бермек.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<