Бағзы өнердің бағасын білсек…

1923

0

Марат Сүгірбай 1990 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. 2008-2012 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасынан білім алды.  Аймақтық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері. 2012 жылдан бастап облыстық филармонияда еңбек етеді. 2021 жылдан бері «Халықаралық ақын, жыршы-жыраулар одағының» мүшесі.

Ұлттың ұлттан айырмашылығы тарихы мен мәдениетінде жатыр. Сондықтан мемлекет үшін рухани құндылықты көздің қарашығындай сақтаудың маңызы зор. Осы орайда дәстүрлі өнерді насихаттау жолында атадан қалған аманатты арқалап, ұлы көштің ізінде жүрген талант иесімен дәстүрлі өнердің бүгінгі жайы туралы әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Бабадан жеткен бағзы өнер бойыңызға қайдан қонды? Олай дейтініміз, Қорқыт атадан қалған қобыз аспабын серік еткендер аса көп емес…

– Ауылдық жерде туып-өстік. Қазалы ауданына қарасты бұрынғы Өркендеу, қазіргі Жанкент ауылында жеті атамыздан бері өмір сүріп келеміз. Қазақы, өнерлі отбасында дүниеге келгесін, сол тәрбиемен өстік. Салт-дәстүрді  бойымызға сіңірдік. Атамыз  ұста болатын, бізге ағаштан шауып, домбыра жасап берген. Әуелгіде балалық қызығушылықпен қолымызға ұстаған домбыраны кейін жанымыздан тастамайтын болдық. Жыр, термелер жаттадық. Жалпы отбасымызбен дәстүрлі өнерге жақын болатынбыз. Атамыз айтқан жырды қаз-қалпында жаттап алушы едік. Оның ішінде жыр, терме, толғау, қисса, дастандардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар, соны үйренуге талпындық. Жастар арасындағы айтыстарға қатысып, шығармашылығымызды шыңдауға тырыстық.

Сол кезде үйде ескі үнтаспада жазылған Бидас Рүстембеков, Сұраған Мырзаев, Рысбек Әшімов, Болатбек Ердәулетов сынды Сыр саңлақтарының орындауындағы жыр-термелер болатын. Соларды азаннан кешке дейін тыңдап, жаттап алып, орындауға асығатынбыз. Осылайша біз ұлттық тәрбиені сырттан емес, отбасынан алдық. Әсіресе, мектептің 10-11 сыныбында оқып жүргенде дәстүрлі өнер туралы кеңірек білуге құштар едік. Бұл орайда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Ғалия Пірәлиева, Ғалия Орынбасарова сынды ұстаздарымыздың еңбегі зор.  Олай дейтінім, бізге шығармашылық пен өнердің қыр-сырын терең ұғындырып, ұлттық фольклорға деген құрметімізді қалыптастыра білді. Осы жылдары бір мәрте балалар шығармашылығына арналған «Бозторғай» байқауына қатысқанымда Сыр өңіріндегі әйгілі жыршы, ұстаз Алмас Алматовтың ықыласы түсіп, мектеп бітірген соң дәстүрлі өнер бағытында білім алуға шақырды. Сонымен, келер жылы сол кісінің жетекшілігімен мемлекеттік грантпен оқуға қабылдандым. Кейін, жоғары курстарда жүргенде Мақсат Мұхамеджанов ұстазым менің қабілет-қарымымды байқап, қобыз аспабын үйренуге кеңес берді. Өзімнің де қызығушылығым болған соң аса қиын соқпады. Алғашқы кездегідей емес, қазір қобыз аспабында ойнауға құмартып жүргендердің қатары көбейіп келеді. Алайда менің таңдаған бағытым – Қорқыт бабамыздан бері қарай Сыр сүлейлерінің шығармаларын өзіндік мақам-сазымен қобызға салып орындау. Сырдың бойындағы қаймағы бұзылмаған дәстүрлі жыр өнерін қаз-қалпында бүгінгі тыңдаушыға жеткізіп, сабақтастығын  үзбей, сақтап қалуға үлесімді қосу.

– «Сыр бойына келіп, жыршымын деме» деген сөз бар. Бұл – әрине, шындық.  Десек те, дара өнердің дамуы жолында қандай іс-шаралар атқарылуы қажет деп ойлайсыз? Мысалы, бүгінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың «әттеген-ай, осылай болғанда» дейтін олқы тұстары бар ма?

– Дәстүрлі өнерді дамыту үшін терең әрі жүйелі жұмыстар жүргізілу керек деп ойлаймын. Оның ішінде ең бастысы, насихаттау жұмыстарына барынша көңіл бөлгеніміз жөн. Ол үшін жыршы, термешілер арасында байқаулар, түрлі деңгейдегі конкурс, фестивальдар жиі-жиі ұйымдастырылса өнердің өрге басуына өзіндік ықпалы болар еді. Айталық, біріншіден, орындаушының кәсіби біліктілігі артады, екіншіден талғамы биік тыңдаушы қалыптасады. Жасыратыны жоқ, қазір жыр-термені тыңдаушылар аса көп емес, әсіресе, жастардың қатары қалыптасты деп айта алмаймыз. Сондықтан біз – яғни, өнер өкілдерімен қатар, осы саланың жауапты мамандары бірлесе отырып, рухани һәм тәрбиелік қуаты мол дәстүрлі өнерді жас ұрпақтың бойына сіңірудің жолын жан-жақты қарастыруымыз керек. Бүгінгі ақпараттық-технологияның мүмкіндігін пайдаланып, әрбір туындының, мақам-саздың бояуын бұзбай, алтын қорға сақтап қалуды да ойлағанымыз жөн. Өйткені ұлт мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа саф, таза күйінде жеткізу – осы жолда жүрген өнер адамдарының мойнындағы үлкен аманат. Мысалы, жоғарыда айтып өткеніміздей, Бидас Рүстембеков, Сұраған Мырзаев, Алмас Алматов, Елмұра Жаңабергенова, Ұлжан Байбосынова сынды аға буын жыршылар дәстүрлі жыр өнерін бізге дейін алып келсе, біз оны әрі қарай насихаттап, келер ұрпаққа жеткізуіміз қажет.

Әлбетте, дәстүрлі өнерді дамыту бағытында бүгінге дейін атқарылып жатқан жұмыстар бар. Мысалы, Ұлжан Байбосынованың ұйымдастыруымен жақында ғана өткен «Жыр күмбез» атты жыр жәрмеңкесі, оған дейін халық шығармашылығын дамыту орталығында Майра Сәрсенбаева ұйымдастырған «Жыр керуен» жобасы жыр өнерін жанына серік еткен орындаушыларды бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар, «Қазақстан-Қызылорда» облыстық телеарнасында он жылдан астам уақыттан бері тұрақты беріліп келе жатқан «Сыр сүлейін сұрасаң…» атты әдеби-сазды телехабары арқылы дәстүрлі өнер үздіксіз насихатталып келеді. Мысалы, мен 2012 жылы осы телехабардың жүргізушісі әрі редакторы болып қабылдандым, ал маған дейін  бағдарлама тізгінін белгілі жыршы Жұмабек Аққұлов ағамыз ұстаған екен. Бұл телехабар бүгінде көрермен көңілінен лайықты орын алған. Осы орайда жалпы өңіріміздегі жыршы-термешілер атынан облыстық телеарна басшысы Жағыпар Қарабала ағамыздың руханиятқа деген риясыз қолдауына алғыс айтар едім.

Одан бөлек, аймақтағы іргелі оқу орны – Қорқыт ата университеті жанынан құрылған «Өнер» институты жыраулық өнердің, дәстүрлі музыканың  бакалаврымен қоса магистратурасы ашылып, төл өнердің ғылыми тұрғыда дамуына жарқын жол ашылып отыр. Шындығында бүгінгі заман талабына сай дәстүрлі өнерді ғылыми дамытуға мән беруіміз қажет. Сонда әрісі Қорқыт бабамыздан бастау алатын күллі түркі жұртына ортақ ұлттық өнердің  шынайы сыр-сипаты ашыла түсер еді.

– Бүгінгідей жас ұрпақтың жадын мезет сайын мың құбылған, қызылды-жасылды «әлем» жаулаған уақытта «дәстүрлі өнердің құны түсіп кете ме?» деген қорқыныш бар, көңілде. Қалай ойлайсыз?

– Иә, қазіргі заманның ағымы солай, бірақ жастарды одан оқшаулай алмаймыз. Расында, жас ұрпақтың жадын күнделікті шынайы өмірден гөрі ғаламтордың аржағындағы «ғажайып әлем» жаулап алып, адастырып жатқан жайттар да аз емес. Алайда біз «ағысқа қарсы жүзіп», осынау жаңа технологияның жетістігін пайдамызға жарата білуіміз қажет. Атап айтсақ, дәстүрлі ән-күйлерді, жыр-термелерді әлеуметтік желілер арқылы жан-жақты насихаттап, осы өнерге нақты қызығушылығы бар, зердесі биік көрерменнің, ұлтын сүйген ұрпақтың сұранысын қалыптастыру қажет. Бұл орайда жастардың жүрегіне жол табамыз десек, жас орындаушылардың өнеріне барынша қолдау көрсеткен ләзім.

– Бір қуанатынымыз, бүгінде әдебиетке, өнерге құштар жастардың қатары көбейіп келеді. Дегенмен талант иесінің танылуы үшін шығармашылық кештер, концерттер ұйымдастырып, еңбегін жан-жақты насихаттау қажет екені белгілі. Алайда бұл мәселенің бір шеті қаржыға келіп тіреледі. Айтпағымыз, бізде шығармашылық өкілдеріне лайықты қолдау бар ма?

– Өзіңіз айтып отырғандай көп жұмыстар қаржыға келіп тіреледі. Мысалы, кейінгі екі-үш жылда, яғни, кешегі пандемия кезінде мемлекет тарапынан экономикаға,  медицинаға көбірек көңіл бөлініп, қаржы да сол салаларға бағытталды. Дегенмен осы қиын кезеңнің өзінде өнер адамдары сахнаға шыға алмай қалса да, қашықтан байланысу арқылы жігері жасыған жұрттың рухын көтеріп, хас өнердің қадірін таныта білді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, ұлттық құндылықты насихаттауда баршамыздың мақсат-мүддеміз бір, сондықтан әр аймақтың дәстүрлі өнер мұрасын бір-бірімен байланыстыра, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін кең ауқымды гастрольдік іссапарлар ұйымдастырылып тұрса дейміз. Бұл жағдайда дәстүрлі әншілер, жыршы-термешілердің кәсіби біліктілігін арттыруға игі ықпал етер еді. Айталық, Арқаның, Батыс пен Шығыстың, Жетісудың  өнер өкілдерімен етене араласып, оларға Сыр мақамын дәріптесек, нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, біз биыл бір ғана филормонияның қолдауымен шекара асып, Өзбекстан Республикасы, Науаи облысы, Үшқұдық, Тамды аудандарында болып, сол Үшқұдық елді мекенінен жүз елу метрдей жерде жатқан Балқы Базар бабамыздың басына барып, зиярат еттік. Бұған дейін біз Балқы Базар шығармаларын жақсы білеміз, орындап жүрміз. Алайда бабамыздың қай жерде жатқанын көру, географиялық нақтылығын білу, оған зиярат ету дегеніміз – өз алдына бөлек сезім! Бір сөзбен айтқанда, оның жырларын орындаушылар осындай ғажап сезімді басынан кешкені анық. Бұл халықаралық деңгейдегі маңызы терең мәдени іс-шара болды деп айтар едім. Өйткені біз сол жақтағы қазақ бауырларымызбен жүздесіп, өнер аясындағы тіршілік тынысымен таныстық. Оның ішінде Балқы Базар мұрасын насихаттауда қандай жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардар болдық. Сол жиған-тергенімізді елге ала келіп, дәйекті әңгімелерге арқау еттік. Алдағы уақытта облыстық деңгейде осындай жұмыстарды ұйымдастырып, оның шеңберінде шағын экспедициялық топ құрып, өнерді насихаттаумен қатар, оның тарихын, түп-тамырын зерттеп, зерделеу  жұмыстарын да қолға алсақ құба-құп болар еді. Бір сөзбен айтқанда, ескі шекпеннен шығып, құлашымызды кеңінен сермеп, жаңа идеялар төңірегінде топтаса білуіміз керек.

– Жас жыршылар ішінде өзіңізді де кешегі өткен таңды таңға ұрып жырлайтын Сыр сүлейлерінің көзі деп санаймыз. Осынау өнер сабақтастығын үзіп алмау үшін қайтпек керек?

– Өнер өміршең болу үшін ең алдымен шынайылық, тарихи сана қалыптасуы керек. Оны түсінетін, қабылдайтын қоғам қажет. Олай дейтініміз, кейде өнерпаздарымыз орындайтын шығармаларын ұмытып қалып жатады. Неге? Өйткені сұраныс аз, сондықтан  орындаушының да кәсібилігі баяулай береді. Ал баяғы жыршылар «Қыз Жібек», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын, «Көрғұлы» сияқты жыр, дастандарды таңнан таңға дейін жырлайтын болған. Өйткені ол заманда сұраныс бар, яғни, тыңдаушы жыршыға бар зейінімен беріліп, таң атқанша отырған орнынан тапжылмайтын болған. Олай болуының бір себебі, ол уақытта радио, теледидар болмады, ақпаратты таратудың да басқа ешқандай жолы жоқ. Сондықтан жас орындаушылар сол айтылған жырларды зердесіне құйып алып, әрі қарай насихаттайтын болған. Біздің ұлттық мұрамыз дәл осылайша ауыздан-ауызға көшіп, жазба әдебиеті қалыптасқанға  дейін жоғалмай жеткен.

Тарихымызға көз жүгіртсек, Абылай хан бейнесін Бұқар жырау шығармалары, Қабанбай батыр болмысын Сарышуаш жырау жырласа, Кенесары – Наурызбай ерлігін Нысанбай жырау арқылы білдік. Осыған қарап-ақ, қазақ жыраулары мен жыршыларының тарихтағы орнын тани аламыз.

Жалпы тарихты тануға келгенде, жақсыны көре білу керек. Айталық, бауырлас өзбек, қырғыз, түркімен ағайындар салттарына сондай берік, ұлттық киімімен, халқының төл дәстүрін, тарихын көгілдір экран арқылы күнделікті насихаттап отырады. Міне, бұл – ұрпақ тәрбиесіне деген ыждағаттылық, жанашырлық пен жауапкершілік!

Бүгінгі заман басқа, ақпаратты таратудың мүмкіндігі кеңейгенімен, көптің танымы, талғамы әрқилы. Сондықтан рухани құндылықты құрметтеуге қоғамды дайындау керек. Мысалы, мектеп қабырғасындағы оқушылар арасында дәстүрлі өнерді жан-жақты дәріптей білсек, олардың ішінен небір талантты өнерпаздар шығуы ғажап емес.

– Келешегінен үміт күттіретін жас өнерпаздар бар ма?

– Әрине, бар. Арғы шеті Арал, бергі жағы Жаңақорған, өнерге құштар жастар көбейіп келеді. Талантты шәкірттерді тәрбиелеуде арда өнерді кие тұтқан аға толқын жыршылар Руслан Ахмет, Шолпан Биімбетова, Ақмарал Ноғайбаева сынды білікті  ұстаздармен бірлесіп, еңбек етіп келеміз. Заман көші қалай бұрылса да, ұлттық айшығымыз – дәстүрлі өнердің жолы дара деп білемін және осы жолда аянбай күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз.

– Мәнді, мағыналы сұхбатыңызға рахмет! Дәстүрлі өнеріміздің жолы жарқын болсын!

                                                                  Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<