Балаларға базарлық жауған күн

1151

0

Биылғы Еріктілер жылында мәдениет және өнер қызметкерлері жасаған ізгі істердің шапағаты 1 мау­сым – Халықаралық балаларды қорғау күні еселене түсті.

Талсуат елді мекеніндегі «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» мекемесінде ем қабылдап жатқан мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық акциясын ұйымдастырған мәдениет өкілдері лайықты тарту-таралғы жасады. Олар акцияда орталықтың ойын алаңына түрлі жануарлардың бейнесін ағаштан жасап, ғимараттың қабырғаларына ертегі кейіпкерлерінің суреттерін салып, ұлттық музыкалық аспаптардан  бутафорлық нұсқалар әзірлеп, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, емделуші балаларға базарлық ретінде ертегі кітаптары, балалар әндері мен  патриоттық тақырыпта жазылған әндердің  үнтаспалары, ұлттық киімдер мен домбыра сыйлады.

Қызылорда қаласындағы «Сабалақ» саяжайында тұратын көпбалалы С.Сыздықов­тар отбасына қайырымдылық көрсетіп, қаржылай қолдау білдірді.

Ә.Тәжібаев атындағы об­лыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Балғын балалар – біздің болашағымыз»  атты виртуалды кітап көрмесі, «Менің бақытты балалық шағым» тақырыбындағы сурет байқауының қорытындысы, «Балауса ба­ғым, шаттық пен қуаныш» атты мерекелік шара өткізілді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің сайты арқылы «Аңыз­ға айналған Бегім ана» атты анимациялық аңыз көрсетілді.

Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы «Күн күлсін, күлсін бүлдіршін» атты балалар шығармашылығы конкурстары лауреаттарының онлайн концертін ұйымдастырды.

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Майлы бояумен жұмыс» атты онлайн шеберлік сағаты, облыстық филармония­да «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясының «Үй жануарлары» атты танымдық ойын-сауық және Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық драма теат­рында «Бақытты балалық шақ» атты онлайн қойылым балғын көрер­менін шаттыққа бөледі.

Бұл күні барша баланың жүрегіндегі қуаныш сезімі шалқып, жүзіндегі нұр сәулелене түсті. Бала қуанса, әлем қуанады деген, пәк көңіл иелері мәдениет пен өнер өкілдеріне разы болды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<