«Біз үлкен өркениеттік өзгерістер алдында тұрмыз»

1274

0

10 тамызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаев «ABAI TV» телеарнасының «Сарасөз» бағдарламасына қатысып, сұхбат берді. Бағдарлама жүргізушісі – Елена Әбдіқалықова. Сұхбаттың желісін ұсынамыз. 

– Қырымбек Елеуұлы, қош келдіңіз. Қазір әлемді жай­лаған індет жалғыз бізді ғана емес, алпауыт елдердің өзін дағдарысқа түсірді. Осын­­дай кезде халықтың кө­кейінде сауал көп. Мемле­кеттік хатшы ретінде халық­қа қандай сөз арнайсыз? Қан­дай басу айтасыз?

– Біріншіден, құрметті Еле­на, осы теледидар арқылы барлық қазақстандықтарды «ABAI» телеарнасының ашы­луы­мен шын жүректен құттық­таймын.

Президентіміз Қасым-Жо­март Кемелұлы Тоқаевтың тап­сырмасына сәйкес Үкімет жақында Қаулы қабылдады: 10 тамыз күні жыл сайын мемлекеттік мәртебедегі Абай күні аталып өтетін болады. Ал енді мына пандемияға, ға­ламдық індетке байланысты айтатын болсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың маусым айының соңында «Ана тілі» газетінде «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген үлкен сұхбаты жа­рияланды. Онда көптеген көкейтесті мәселелерге байланысты өзінің ой-пікірін айтты. Мынау індетке байланысты, бұны жеңіп шығудың қандай жолдары бар? Елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында мың өліп, мың тірілген бұл ке­зеңнен де шығатынына еш­қандай күмән жоқ. Бірақ бір ғана ақиқат бар, бұл ғаламдық індет пен ғаламдық әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан ке­йін дүние бұрынғыдай бол­май­ды. Үлкен өркениет өзге­рістері күтілуде. Соған біз дайын болуымыз керек. Адам­зат­тың ежелден бері өзінің бір хоббиі бар, өткенді фальсификациялап, болашақты мистификациялап жатады. Ал қазір белгілі футурологтардың өзі сасып қалды. Өйткені сұрақ көп, жауап жоқ. Сондықтан біз зиялы қауыммен бірге үлкен рухани өзгерістердің алдында тұрмыз. Сол сұрақтарға жауапты бірге айқындауымыз керек. Заманның жаңа шақыруларына лайықты жауап беруіміз керек. Соның бәріне өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен ұлт­тық құн­ды­лықтарымыздың арқа­сында жетеміз деп ойлаймын.

– Осы орайда ұлттық құн­дылық, яғни рухани жаңғыру дүниесі осыған дейін (панде­мияға дейін) қолға алынып, көптеген бағдарламалар қа­былданды. Өзіңіз оны жақ­сы білесіз. Еліміздің көне ес­керткіштері, көне жазбалары, бұдан бөлек тіл, дін мәселесі, осының барлығы Рухани жаң­ғыруға кірді. Рухани жаң­ғыру қазір қай межеде тұр және осы пандемия кезінде Рухани жаңғыру халыққа қан­шалықты әсер ете алады?

– Мен былай деп ойлаймын, рухани жаңғыру бағ­дар­ламасының жаңа тынысы ашылуы қажет. Өйткені жаңа айтып өттік қой, заман өз­геріп жатыр. Біз үлкен өрке­ниеттік өзгерістердің алдында тұрғаннан кейін рухани жаң­ғыру бағдарламасының да жаңа тынысы ашылады деп ойлаймын. Иә, көптеген жұмыстар атқарылды, халықтың санасына байланысты өмір салтын, ұстанымдарын трансфор­мациялау мақсатында. Бірақ та қазіргі жаңа заманның кел­бетінде жаңа рухани жобалар қажет. Сондықтан осы мүм­кіндікті пайдалана отырып, біздің айтпағымыз, билік пен зиялы қауым бірлесе отырып, осы үлкен жобаларды жа­­сауымыз қажет. Бізге бә­секеге қабілетті толыққанды адам керек. Масылдыққа орын жоқ. Дағдарысты біз жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жетіс­тіктердің бастауы деп қарауы­мыз керек.

Мен осыған байланысты бір мысал айта кетейін, Жа­понияның 124-ші императоры Хирохито олардың өзінің ескі астанасы – Киото қаласында сөз сөйледі. Ескере кету керек, Жапонияда император деген «күннің сәулесінен жаралған адам» деп есептейді. Сосын олардың ұғымында императордың айтқан сөзі ұлтты ұйыстырады, біріктіреді және жұмылдырады. Тәртіп бойынша жапондықтар император сөйлегенде тізерлеп тұрып тыңдайды екен. Бұл жолы Хи­рохито халыққа түрегеп тұруға тапсырма береді, ал им­пе­ратордың өзі тізерлеп тұрып, елінің алдында кешірім сұрайды. Өйткені Квантун армиясы тас-талқан болды. Американдықтар Хиросима, Нагасакиге атом бомбасын тастады. Сосын сол сөзінде Хирохито айтады: Мен СССР-дің – Кеңестер одағының, АҚШ-тың, Ұлыбритания және Қытайдың ультиматумын қабылдап, капитуляция туралы шешім қабылдап отырмын. Бірақ біз бұл қиыншылықтан шығумыз керек. Шығудың жолдары қан­дай? – дегенде «Вынести невынасимое» дейді. Яғни, мүмкін еместі мүмкін ету. Эмоцияға жол бермейік, нығайып, бірігіп еңбек етейік. Сол арқылы ұл­тымыздың болашағын шешудің бір ғана жолы бар, ол: адамды дамыту, адамды толыққанды дамытсақ, прогреске жол ашы­лады, – дейді. Ал қазір қарап отырсаңыз, Жапония – 5 ең жоғары технологиялары да­мыған мемлекеттің бірі. Ал өз­дерінің ұлттық дәстүрін, мәде­ниетін қалай сақтағанын  сіз де жақсы білесіз. Сондықтан осы жапондықтардың көрсеткен жолы – бізге де үлгі. Кезінде А.Байтұрсыновтың өзі де айт­қан: «мына жапондықтардың жасап жатқан тіршіліктерінен біз үлгі алуымыз керек» деп. Сондықтан біз осы мәселелерді байқауымыз керек. Болашаққа санды технологиялар, жасанды интеллект, машиналар мен роботтардың заманы кезінде біз ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалмай, рухани байи отырып, жаңа заманға сәйкес, өркениеттің жаңа талаптарына сәйкес өмір сүре білсек, бәсекеге сай болсақ, қазақтың болашағы ерекше болады деп ойлаймын.

– Осы орайда Әбіш ағаның бір сөзі ойыма оралып отыр. «Қазақ тәуелсіз мемлекет болуы үшін, іргелі ел болуы үшін бір-бір қазақ бес жапонның міндетін атқаруы керек» деп айтатын. Оны өзіңіз де талай естіген боларсыз. Бұл жай сөз емес. Өйткені, жаңа өзіңіз айтқан толық адам идеясы Абайдан бастау алып отыр. Кеше белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлының «толық адам ілімін жастар­дың бойына сіңірмей, біз іргелі ел бола алмаймыз» деген сұхбаты, еңбегі шықты. Осы сұхбаттың бір ұштығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ана тіліне» берген сұхбатында да егжей-тегжейлі айтылды деген ойдамын. Қазіргі таңда жас ұрпаққа қандай идеология керек?

– Заманның жаңа шақыру­ларына ұлттық дәстүрлердің қа­жеттілігі, «дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар» дегендей, бүгінгі заман талабына лайықты жауап беруге көмектесетін ұлт­тық мәдениетімізден, ұлттық руханиятымыздан, ұлттық құн­дылықтарымыздан қажетті дү­ниелерімізді пайдалана білуіміз керек. Біздің рухани арсеналымыз өте бай. Соны дұрыс пайдалана білу қажеттілігі, мәселе сонда тұр. Бізге ұлттық прагматизм туралы Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетті. Ұлттық прагматизм, ысырапшылдықтың керегі не? Болмаса, даңғаза той. Кеше пандемияның кезінде той өтті. Тойға қатысқан адамдардың 70 проценті ауырды. Өкінішке орай, ішінде біраз адамдар дү­ниеден кетіп қалды. Асыл аза­маттарымыздан айырылып қал­дық. Соны біліп отырып істеп отырмыз.

– Осы адамдардың орнын біз қалай толтыра аламыз? Әрине, дамуымыз керек, рухани құндылықтарды ескеруіміз керек? Десек те, осылардың тетіктері қандай? Мысалы, мектеп жасындағы балаға қандай тәрбие беруіміз керек? Яғни пандемиядан кейін әлем өзгеріске түссе, біздің қазақ қоғамы қандай өзгеріс күтеді?

   – Бір мысал ретінде айтайын отбасы құндылықтары туралы. «Отан отбасынан басталады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Мен, мысалы, сізге мына суретті алып келген едім. Мынау Индонезияда бір күнде «Ананың күні» аталады екен. Оқушылар аналарының аяғын жуып, сол жаңағы дүниеге алып келгені үшін рахмет айтады. Жаңа Мекемтас Мырзахметұлы ағамыз туралы айттыңыз. Сол кісінің басынан өткен трагедия бар, бірақ ой тастайтын жағдай. Мекемтас аға қарындасы екеуі, ол кезде  Мекемтас ағаның, өзінің  айтуынша ол кісі 4-5 жастағы бала. Екі – үш жаста қарындасы, анасы бар. Сол ауылда ашаршылық кезде бірде-бір адам қалмаған. 40 шақты шақырым жерде нағашыларының ауылы бар екен. Өзеннің бойында орна­ласқан. Сонда анасы айтады: «Мекемтас нағашыңның ауылына барайық. Ең болмаса, өзеннің суынан балық аулап, соның етін жеп, сорпасын іше­міз» деп  жолға шығады. Жолға шыққанда арттарынан қасқыр ереді. Сонда анасының қауқары жетпегеннен кейін, еңіреп отырып, мынадай ше­шім қабылдайды. «Мекемтас қазір біз қарындасыңды жолда қалдырамыз. Мына қасқырға. Егер ол қасқырдан құтыла алмасақ. Ендігі кезек менікі. Бірақ сен Мырзахметтің бір түйір баласысың. Сен аман қалуың керек».  Мен бұны айтып отырғаным, сол ананың өмірлік ерлігі мен қазіргі кезде мына перзентханадан шыға сала баласын тастанды қылып, біреудің үйінің алдына тастап кеткен аналар мен сол ананың арасында қандай үлкен рухани айырмашылық жатыр?! Сондықтан бізде руханият саласында атқарылатын қызмет көп. Пандемия кезінде өнегелі отбасылар беки түсті. Ал, кейбір отбасылар, әсіресе жас отбасылардың іргесі сөгіліп жатыр. Сондықтан ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтары бойынша Білім және ғылым министрлігі арнайы пәнді енгізуді міндет деп есептеймін.

– Қырымбек Елеуұлы, осы биыл айтулы даталы мерекелер, әрине, пандемияға байланысты бірінші орын­ға шықпай қалды. Рухани дүниелер. Әйтпесе, біздер биыл Абайдың 175 жылды­ғын, Әл Фараби бабамыздың, Алтын Орданың мерейтойын тойлауымыз керек еді. Осыны  қай деңгейде ұйым­дастыра алып отырсыздар?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтты ғой, «Біз тойды тойлау үшін емес, ойлау үшін пайда­ланайық» деп. Біз тойдың маз­мұн­дылығына көп көңіл бөліп отырмыз. Мысалыға, Абай­дың 175 жылдығын, яғни  халықтың қатысатын көп шараларын қысқарттық. Одан үнемделген қаржығы мына әлеуметтік мәселелерді шешуге, пандемияға қарсы кү­реске пайдаланып жатырмыз. Ал, бірақ Абайдың атымен Қасқабұлақтағы, Ақшоқыдағы басқа да Абай мен Шәкәрім атымен, Құнанбайдың атына байланысты Абай орындарын салу және жөндеу жұ­мыстарының бәрі жүріп жатыр. Ең негізгі мәселе Абайдың шығармаларын өркениетті ел­дердің он тіліне аударып, шы­ғардық. 10 тамыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, үкімет қаулы қабылдады. Бірінші рет Абай күні тағайындалды. Енді жыл сайын 10 тамыз күні біз Абай күнін тойлайтын боламыз. Оның мазмұнына сонымен бірге, мы­са­лыға, Абайтану тарихы мен оның хрестоматиясы дайындалып жатыр. Әсіресе, жоғары оқу орындарында тарих, филология факультеттерінде міндетті түрде болуы керек. Ал, енді Гумилев атындағы Евразия университетінде Абай академия­сы ғылыми зерттеу институтын құрдық. Өйткені, Абайтанумен айналысатын ғы­лыми орталықтар көп. Бірақ, бір жүйеге келмеген. Сондықтан бір жүйеде болсын деп Абай академиясын ғылыми-зерттеу институтын құрғанымыз сол. Сондықтан осы мақсатта жұ­мыстар көп атқарылып жатыр. ЮНЕСКО-мен бірге атқарып жатқан жұмыстар бар. Мысалы, кеше ғана Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойып, 11 шетелдік Абайдың мұрасын аударып, насихаттауда еңбегі сіңіп жүрген азаматтарға «Дос­­тық» орденімен марапат­тау туралы шешім қабылдап отыр. Сондықтан барлық шетелде орналасқан Қазақстан ел­ші­лік­терінде Абай орталық­тарын ашып жатырмыз. Бұл жұмыс әрі қарай өз жалға­сын табады. Абайдың 175 жыл­дығына, Әл Фарабидың 1150 жыл­дығына  байланысты, Ұлық ұлыс – Алтын Орданың 750 жыл­дығына байланысты және Шымкент қаласының 2200 жылдығына байланысты (қазір ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болды) көптеген іс-шаралар онлайн формада және мазмұндық ақпарат арнасында онлайн фор­масында өтетін болады. Үлкен рухани жетістіктерге жетуге мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Әсіресе, осы рухани ізденістерде жас мамандардың, жас ғалымдардың, жас өнер қайраткерлердің шын ниетпен араласып жатқаны қуантады.

– 1931-1932 жылдардағы зұлматтың қорытындысы бо­йынша бізде мемлекеттік тұр­ғыда әлі күнге дейін саяси шешім шығарылмады. Жа­қында Америка жазушысы Сараның «Аштық жайлаған дала» дейтін еңбегінің қазақ тіліндегі нұсқасы жарияланды. Украинада қолдан жа­салған геноцидке байланысты жасалған дүниенің   85 жылдығы қарсаңында шық­қан еңбекте қазақ даласы қамтылған. Осыған қашан Үкімет назар аударады?

– Бұл америкалық жазу­шының еңбегін Досым Сәт­паев аударған. Менің айтайын дегенім арнайы қазақ хал­қына қарсы геноцид туралы шешім қабылданбаған. Бірақ ұжым­дастыру (коллективизация), Кі­ші Октябрь жүргізу – Голо­ще­киннің идеясы. Мұның арты осындай трагедияға алып келді. Халқымыздың жартысынан айырылып қалдық. Ал енді саяси құрбандарды реаблитацялауға байланысты мемлекеттік комиссия құру туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында арнайы Жарлық қабылдады. Комиссияны мемлекеттік хатшы бас­қарады. Біз қазір зиялы қауым мүшелерімен жұмыс жасап жатырмыз. Аманшылық болса, қыркүйек айында комиссия өзінің жұмысын бастайды. Келесі жылы, бұйырса, тәуел­сіздігіміздің 30 жылдығы. Осы­ған орай мемлекеттік комиссия біраз жұмыстарды ат­­қару керек. Өйткені, «өлі разы болмай тірі байымайды» дейді. Біз тәуелсіздік үшін кү­рескен қаһармандардың, тә­уел­сіздік үшін құрбан болған асыл азаматтардың рухына қызмет жасауымыз керек. Оған тәуелсіз мемлекет ретінде саяси шешімдерді қабылдауымыз керек. Қазір сол жолда тиісті жұмыс басталып кетті.

– Қырымбек Елеуұлы, рухани әңгіме қай бағдар­ламаның болса да аясына сыймайды. Мұның мәселесі де, айқай-шуы да көп. Сіз соның басшысы, Мемлекеттік хатшы ретінде көрерменге, өсіп келе жатқан жастарға, әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген жастарға қандай ой, қандай сара сөзіңізді айтар едіңіз? Мемлекеттік қызметкер – мемлекеттің айнасы деген…

– Бір ғана мәселе – Тәуел­сіздік. Оны нығайту, қолдан бермеу, көк байрағымызды көктен құлатпау. Оны іске асыру саясатында әртүрлі ой-пікірлер болуы мүмкін. Бір-бірімізді тыңдайық, бір-бірімізді сый­лайық. Бірақ тәуелсіздікке келгенде қазақ бір болуы керек. Президентсің бе, қарапайым адам­сың ба тәуелсіздікке кел­генде ата-бабадан қалған кең-байтақ жерімізді сақтап, өскелең ұрпаққа қалдырып кетуіміз қажет. Өскелең ұрпақ халқымыздың арманы мен үкілі үмітін іске асырсын десек, осы тәуелсіздігімізді баян­ды етуіміз  керек. Меніңше, тә­уелсіздік ұлттық идеоло­гияның өзегі болуы тиіс. Пре­зидентіміздің халықты тың­дауға, билік пен халықтың арасында диалог құруға көп көңіл бөлуі де содан. Біржақты болмауымыз керек. Кезінде Бұқар жырауға айтқан екен: «Ой, қандай Сіз бақытты адамсыз. Хан да тік тұрып сіздің сөзіңізді сыйлайды, қара да ата деп алдыңызда жүгіріп жүр. Сізден бақытты адам жоқ қой» дегенде Бұқар жырау: «Нағыз бейшара» менмін. Өйткені, ханға – қараның, қараға ханның айтқанын айтып жүремін депті. Егер мүмкіндік болса, әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген жастар халық пен биліктің арасында дәнекер болуға, билік пен халықтың бір-біріне деген сенімінің нығаюына еңбек етсе деймін. Бір ретте Ә.Кекілбаев ағамыздан сұрағанмын: «Әбеке сізге мемлекеттік қызметтің керегі не? Ғұлама жазушысыз, ЮНЕСКО, БҰҰ – ХХ ғасырдың 100 ұлы ойшылының қатарына кіргізді. Бақытты адамсыз ғой. Кітабыңызды жазып отырмайсыз ба?» дегенімде,  «Мәселе қызметте емес. Көшеде тұрып ақыл айту оңай, ал биліктің ішіне кіріп, сол билікті дұрыс жолға түсіру қиын.  Мен сол жолда жүріп, тәуелсіздігіміздің рухани келбетін, әділетті қо­ғам қалыптастыру үшін би­­лік­тің ішіне кіріп атсалысуды дұрыс көрдім» деген болатын. Сондықтан мемлекеттік қызметке келген азаматтар сондай мақ­сатпен келуі керек. Тә­уел­сіздігіміз үшін қызмет етуге атсалысса, құба-құп.

– Қырымбек Елеуұлы, уақытыңызды бөліп, эфи­рімізге келгеніңізге алғы­сы­мызды айтқым келеді. Әри­не, руханият жолы әрқа­шан талас-тартыста. Оған ішкі күштер мен сыртқы күш­тердің әсер етіп отыратыны өзіңізге аян. Осынау майданда барлық ел бас­қарған азаматтарға ынсап пен төзім, сабыр мен қуат тілейміз. Халық өз ұлттық руханиятымызды ешқашан екінші кезеңге қалдырмай, жүректерінде сақтағай. 

Таспадан қағазға түсірген

Ғазиза Әбілда,

Сара Адайбаева,

Мейрамгүл Дауылбайқызы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<