Даламыздың үнісің сен, домбыра

3395

0

Қазақтың қара домбырасының қасиеті сонда – күмбірлеген қоңыр үнін естігенде еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін елең ете қалары анық. Иә, екі шектен шертілген тұп-тұнық  әуезде тұла-бойыңды еріксіз баурап әкететін тылсым күш бар. Домбыраның үнінде даланы дүбірлеткен тұлпардың шабысы, аққу-қаздың қанат қағысы, бозінгеннің боздағаны, күйшінің көкірек шерін қозғағаны, бәрі-бәрі бар. 

Дариға, домбырамды берші маған,

Жаныма келші жарым, келші балам.

Бейуақ іңірдегі көңіліме,

Күй болып, күңіреніп енші, далам, – деп жырлаған Мұқағали ақын. Қарап отырсақ, осы бір шумақтың өзінде ақын жанына серік болған домбыраның қадір-қасиеті айқын аңғарылып тұр.

Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінің домбырашысы Еркін Базарбаев бала күнінен-ақ домбыра тартуға әуес болды. Әкесі ішкі істер саласының қызметкері болса да домбыра шертіп, ән айтатын. Сондықтан болар, бойында талабы бар баласын осы өнерге баулыған еді. Тасбөгет кентіндегі №176 орта мектебінде білім алған Еркін 9-сыныптан кейін қаладағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне оқуға түсті. Мұнда ұстазы Әлия Мұратбаевадан, колледжді бітірген соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп,  жоғары білім алды. Консерваторияда жүріп, «Қазақконцерт» ұжымында, «Әлқисса» оркестрінің құрамында еңбек етті. Оқу орнын 2009 жылы бітірген ол Тұрмағамбет оркестріне шақырту алған еді.

Оркестр ел аумағын айтпағанда, әр жылдары өнер сапарымен Тәш­кен, Орынбор, Бакуде және Түр­кияның бес қаласында болып, бауырластарға  дәстүрлі өнердің  биік деңгейін танытып қайтты. Сондай-ақ, елімізде дәстүрлі өтіп тұратын «Жұбанов көктемі» шығармашылық фестивалінде өнер көрсетіп, жүлделі орындар иеленіп жүр.

Домбырашы жігіттің жұбайы Айгүл Әбдіғаппарова да – өнер адамы. Қаладағы «Өнер» мектебінде фортопианодан дәріс береді. Ұлттық өнерді ұлық тұтқан Еркін Базарбаев балаларын да домбыра үйренуге бау­лып, олардың болашағына зор үміт артады.

– Тәуелсіз еліміздің тарихында ұлттық аспабымыз – домбыраның орны ерекше. Қазақ өнерінің киесі тұнған қасиетті бұйым. Сондықтан домбыраның үнін бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру – біздің басты парызымыз, – дейді ол.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<