«Домбыра» оқу құралы жарыққа шықты

1287

0

«Нағыз қазақ – домбыра» десек, сол қазақтың қазақылығын танытатын тұшымды іс-шаралар Ұлттық домбыра күні қарсаңында да өнерсүйер қауымды қуантты. Қуаныштың себебі – мектеп оқушыларына арналған «Домбыра» оқулығының тұсаукесері.

Өткен жұмада Халық­аралық Түркі академиясының ұйым­дастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра мәдениеті: дәстүр сабақтастығы және білім берудегі мәселелер» атты онлайн-конференция өтті. Алқалы жиын аясында Ха­лықаралық Түркі академиясы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойын­ша дайындап шығарған «Домбыра» оқу құралының тұ­саукесер рәсімі өтті. Өс­келең ұрпаққа арналған оқулықтың авторы белгілі күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры – Жанғали Жүз­бай.

– Домбыра – қазақтың жа­ны. Ұлттық аспапты өскелең ұрпаққа үйрету һәм оны арнайы мектеп бағдарламасына енгізу – бұл ұлттық болмыс­ты сақтауға бағытталған та­ғылымы мол қадамдардың бірі деп санаймын. Прези­ден­тіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 7 маусымында «Ұлттық домбыра күні» мерекесінде домбыраны арнайы пән ретінде мектептерге енгізу керектігі жөніндегі пікірі негізінде осындай ой туындап, кітап жазу ісін қолға алған болатынбыз. Болашақ үшін пайдалы еңбек деп ойлаймын, – деді кітап авторы.

Онлайн форматта өткен конференцияға Қазақ ұлт­тық өнер университетінің проректоры, өнертану ғылым­дарының докторы Тойжан Егінбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал күйші Жанғали Жүзбай, Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерваториясы Дәстүрлі музыка факультетінің деканы, өнертану ғылымдары Phd докторы Ержан Жәмеңкеев, Нұр-Сұлтан қалалық мем­ле­кеттік академиялық фи­лар­­мониясының бас директоры Ерлан Дәкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнертану ғылым­дарының магистрі Әлқуат Қазақбай, Нұр-Сұлтан қала­сындағы оқушылар са­ра­йының бас директоры Ербол Іргебай, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры Сержан Мұсайынов, «Қазақ­концерт» Мемлекеттік кон­церттік бірлестігінің «Халық қазынасы» ұжымының жетек­шісі Ерлан Рысқали және белгілі ғалымдар, бірқатар салалық, оқу орындары мен өнер саласындағы ұйым­дардың басшылары мен өкілдері қатысты.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылдың 7 мау­сымында «Ұлттық домбыра күні» мерекесінде домбыраны арнайы пән ретінде мектептерге енгізу керектігі жө­ніндегі пікірі жарияланған болатын. Осыған орай жалпы білім беретін мектептерде қасиетті аспабымызды оқыту жұмыстары қарқын алып, «Дом­быра» пәніне арналған оқу құралына қажеттілік туындады.

Egemen.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<