Көпшілікпен ой бөліскен «Сырласу»

2751

0

Жергілікті «Тұмар» баспасынан профессор Серікбай Қошқаровтың әңгімелері мен ой-толғамдары жинақталған «Сырласу» атты кітабы жарық көрді. Көпшілік қауымға арналған толымды туындыда әріптестері туралы шынайы пікірлері мен автор шығармашылығы жөнінде замандастарының лебізі жинақталған.

Кітап бірнеше бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімінде автордың қаламынан туған әңгімелер оқырман назарына ұсынылады. Одан кейін әріптестер лебізі топтастырылса, келесі кезекте мақалалар мен ойларын оқырман таразысына тартады.

«Сөз жақындатады, қосады, суытады, алыстатады. Сөздің құдіреті сонда. Содан осы құралды абайлап қолданбаса да болмайды. «Айтылған сөз – атылған оқ» деп бекер айтпаған. Кітап атауы – «Сырласу». Сырласу көп нәтижеге бастау болады. Сырласу дегеніміз – пікірлесу, ойласу, бөлісу, ортақтасу, келісу. Сырласу арқылы олқылықты анықтау, жарықтан көлеңкені ажырату, кемшілікті білу, бұрыстың алдын кесу, дұрысқа жол ашу, жақсылықты көбейту» дейді автор кітаптың кіріспесінде.

Ұзақ жыл бойы өңірдің білім, ғылым саласында жемісті еңбек еткен Серікбай Қошқаров қызметтен қолы босағанда құдіретті қаламды жанына серік етіп, ой маржанын ақ қағаз бетіне түсіріп, шығармаларын ұсынып жүргенін жақсы білеміз. Ендігі кезекте сол дүниелерді бір кітапқа жинақтап, халыққа сүбелі туынды ұсынғаны құптауға тұрарлық.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<