Мен оқыған кітап

2606

0

Кітап адамның тұлға болып қалыптасуына көмегін тигізеді. Өзімнің оқыған кітаптарыма келетін болсақ, біріншісі – Бердібек Соқпақбаевтің «Өлгендер қайтып келмейді». Мені ол тақырыбымен тартты.

Кітап негізінен үш бөлімнен тұрады: автор әрқайсын дәптерге бөлген. Әр дәптер өз ішінен шағын-шағын көріністерге бөлінген. Романда кейіпкер саны көп емес. Ауылдың мамыражай мезгілі мен адамдардың тіршілігін баяндайды, соның ішінде бір адамның тағдыры арқылы өмір шындығын танытуды мақсат етеді. Басты кейіпкер – Еркін Мамырбаев. Онымен ең алғашқы дәптерде, бозбала бір бойжеткенге ғашық болып жүрген 15-16 жасында танысамыз да, үшінші дәптерінде сүйгеніне қосыла алмай, жапан далада еш шарасыз тастап кетеді. Осылайша отызға шыққан кезінде қоштасамыз.

Бердібек Соқпақбаев өз сөзінде «өлетін тек адам ба? Іске аспаған арман, қол жетпеген мақсат, бір нәрседен түңілген, талақ ету, үзілген үміт… Осының бәрі өлген емей немене?» дейді.

Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі» – ертегідей әсем табиғат пен бала қиялынан шыққан  трагедиялық шығарма. Баланың қиялы мен жалғыздығы бейжай қалдыра қоймайды. Жазушы «өзімен бірге ойнайтын достары жоқ бала осындай табиғаттың ортасында өзімен-өзі болып жүре беретін» дейді. Үлкен төмпешік үстінде ешкімге мән бермей-ақ кеме мен өзінің анасының жылы құшағын, бетінен сүюін армандаған баланың ең алғашқы ертегісі осы болатын.

Екінші ертегіні өзінің атасы айтып берген. Баланың жалғыз сенер асуы – осы атасы. Бірақ ең өкініштісі, қатты қынжылтатыны – баланың қиялынан туған екі ертегінің де ешқайсының орындалмайтыны. Кітап соңы өте аянышты, мұңды аяқталады. Сәби жүрегіне соншама жыл қадалған қара дақ «кешір» деген сөзден жазылуы да мүмкін емес. Адамдар арасында әділдік пен мейірімділік іздеген баланың, кітап соңындағы, аянышты оқиғадан кейін әрбір оқырманның көкейінде «соңы неге мұншалықты аянышты?» деген сұрақ қала бермек .

«Кітаптың тірі организм сияқты жаны бар деп ойлаймын. Себебі оларды ақыл мен жүрек иелері жазды. Кітап дегеніміз – сыртқы әсемделген дизайн ғана емес, ойландыруға шақыратын әріптер, сөздер, сөйлемдер, идеялар әлемі». Сол үшін де кітап оқуға кеңес беремін, кітапты өзге үшін емес, өзіміз үшін оқуымыз тиіс. Білім көкжиегін дамытып отырайық.

Арайлым Жалғас,

М.Мәметова атындағы педагогикалық

жоғарғы колледжінің студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<