«Менің жырым – жан хәлімнің тәпсірі»

1663

1

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ақындық өнерде өзіндік қолтаңбасы бар, бірнеше жыр жинақтарының авторы, ақын Елубай Әуезовтың «Менің жырым – жан хәлімнің тәпсірі» атты шығармашылық кеші өтті.

Шығармашылық еңбектерінде адамзат жаратылысы астарынан ақиқат іздеп, екі дүние арасындағы жұмбақ әлемнің сан қырлы құпиясын жырларына арқау еткен ақынның шығармашылары шынайылығымен бағалы. Сондықтан жырсүйер қауымның жүрегінен орын алған.

Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаев, сатирик жазушы Қазыбек Әшірбек сөз алып, ақын шығармашылығының басты тақырыбы – қарапайым өмір өрнектері екенін, сондықтан қалың оқырман жүрегіне қапысыз жол табатынын айтты. Сол сияқты, ақын Оңталап Базаралиев, жыршы Берік Саймағанбетов ақынның азаматтық ұстанымына қатысты жүрекжарды пікірлерін білдірді. Ақынға оқырмандар тарапынан сауал қойылып, өзара пікір алмасты.

Әлеуметтік желі арқылы ақын жырларымен жақсы таныс, тұрақты оқырмандарының бірі зейнеткер ұстаз Қанзада Алтаева кеш иесінің  шығармашылығына тілектестігін білдіріп, оның жаңа туындыларын шабыттана оқып берді. Сондай-ақ, жас оқырмандар жырға кезек берді.

Өмір жолы, шығармашылығы, шабытты шақтары туралы қызықты әңгімелеп берген ақын, сиясы кеппеген жаңа жырларын оқып, оқырмандардың риясыз ықыласына кенелді.

 Әдеби кешті қорытындылаған кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас, ел руханиятының дамуы жолында еңбек етіп жүрген өнер, шығармашылық өкілдерінің жұмыстарын жас ұрпаққа насихаттау бағытында жүйелі жоспар жасалғанын жеткізді. Ақынға шығармашылық табыс тілеп, естелік сыйлық табыс етті.

«СБ» ақпарат

Пікірлер:

Пікір жазыңыз