ӨМІР – ДӘПТЕР, АДАМ – ОНЫҢ ҚАЛАМЫ…

454

0

Зымыраған уақытқа тоқтам бар ма… Сол сынаптай сырғыған сағым жылдар санатында азды-көпті ғұмырының саналы жылдарын мәнді өткізген, туған жеріне шынайы қызмет жасаған, елдің есінде ұзақ сақталатын есімдер болады. Осындай өнегелі өмір кешкен азаматтардың қатарын Сағидулла Сағынайұлы толықтырады.
Өмір ешкімге мәңгілік бе­рілмеген. Әйтсе де, әрбір сә­тіңді мәңгілік есте қалар­лықтай етіп өткізгенге не жет­сін?! Өмір – дәптер, адам – оның қаламы. Қаламыңмен парағыңа не жазасың, өміріңде солар ғана қалады.
1958 жылы Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында дүниеге келген Үсенов Сағидулла Са­ғынайұлы 1974 жылы осы аудандағы №38 орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Қазақ по­литехникалық институ­ты­на түсіп, 1979 жылы «Авто­ма­­тика және телемеханика» мамандығы бойынша бі­тірді. 1979-1981 жылдары Қа­рулы Күштер қатарында офи­цер ре­тінде әскери борышын өтеп, 1981-1998 жылдары ор­та мектептерде «Информати­ка» пәнінен дәріс берді. 1998 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Эко­но­ми­ка­дағы ақпараттық жүйе­лер» кафедрасының аға оқы­­тушысы, экономика фа­ку­ль­теті деканының орын­ба­сары қызметтерін абы­рой­мен атқарды. Әр жылда­ры уни­верситеттің «Тестілеу ор­та­лығын», «Студенттердің білі­мін бақылау және бағалау» орталығын, «Информатика жә­не информатиканы оқыту әдіс­темесі» кафедрасын бас­қар­ды.
Ізденімпаз ғалым 2001 жы­лы «Жалпы білімдік информатика мен математика курс­тарының түсініктемелік ба­засын қалыптастыру әдісте­месі» тақырыбында канди­дат­тық, 2009 жылы «Жоғары оқу орындарында информатиканы оқытуға арналған электрондық ресурстарды қолдану және оның сапасын бағалаудың тео­риялық-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертацияларын сәтті қорғады.
Профессор С.Үсеновтің бас­шылығымен кафедра жанынан «Оқытудағы жаңа ақ­параттық технологияларды пай­далану әдістемесі» зертха­насы ашылып, ол соңғы үл­гідегі компьютерлермен, ин­­­терактивті тақтамен, му­ль­ти­­медиа, бейнекамера, ска­нер­мен жабдықталынып, интер­нет желісіне қосылды.
Оның жетекшілігімен құ­­рылған жұмыс тобы жа­са­ған «Студенттердің білімін ба­қылау және бағалау» ке­шенді бағдарламасы  ҚР Әді­лет министрлігі жанын­дағы зия­ткерлік меншік құқық ко­митетінде тіркелген.
Мемлекет басшысының «Қа­зақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсеке­ге қа­білеттілік» атты Қазақ­с­тан халқына Жолдауы біз­дің еліміздің ширек ғасыр ішін­­дегі екі жаңғырту үрді­сін аяқтап, үшінші эконо­ми­­ка­­мыз­дың әлемдік өсімі­нің лайықты деңгейге же­туін қам­­та­масыз ететін, жедел­де­тілген технологиялық жаң­ғыртылу басымдығына кө­шуі­мізді айқындап берді. Бұл біздерге, ғылым адамдары­на нағыз прагматикалық, нақ­­ты әрі түйінді, еліміздің бола­шағы үшін тағдыршешті мәсе­лелерді көтерген атаулы құжат болды.    
Осы негізде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді бан­кинг, цифрлы қызмет көр­сету секілді денсаулық сақ­тау, бі­лім беру ісінде қолданы­латын және басқа да перспективалы салаларды дамытудың ал­ғы шарттары айқындалып, осы бағытта тың бастамалар жү­зеге аса бастады. Еліміз­дің осындай сандық технология бағытындағы өсуіне про­фессор С.С.Үсенов се­кіл­ді ғалымдардың зерттеу жұ­мыстарының рөлі маңызды орын алады.  
Сағидулла Сағынайұлы­ның «Форматирование поня­тийной системы информа­ти­ки» оқу құралы мен «Раз­­­работка, оценка качества и применение электронных ре­­­сурсов по информатике для сту­­дентов вузов» монография­сы ғылыми-техникалық да­му­­ға белсенді ықпал етіп, компьютерлік техника негізін­де жаңа ақпараттық технологиялар енгізу, электрондық есептеуіш машинаны қолдану – тек ақпарат жинауға, сақ­тауға, өңдеуге ғана емес, жаңа білім алу­ға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық технология жасау­ға сеп болады. Алдағы кезде замана көшінен қалғысы келмеген әрбір азамат, мамандар, ғалымдар мен студенттер ұялы байланыс, телекоммуникация, сандық ТВ, кеңжолақты интернет, ақпараттық технологиялар, Е-үкімет, Е-сауда, интерактивті жарнама және әлеуметтік медиа саласындағы өзекті тақырыптардан тыс қа­луына болмайды. Бұл мәсе­ле­нің түйініндегі мамандар даярлау қажеттілігіне педа­го­гикалық көзқараспен аса мән берген Сағидулла Сағы­най­ұлы «Информатика» мамандығы магистранттарына арнап «Педагогические измерения в учебном процессе» таңдау кур­сын енгізіп, оны қажетті оқу-әдістемелік құралдармен қам­тамасыз етуге сүбелі үлес қосты.
Жетпістен аса ғылыми ең­бегі жарық көрген  Сағидулла Сағынайұлы өмірінің соңы­на дейін «Ақпараттық коммуни­кациялық технологиялар» ка­федрасының профессоры қыз­метін абыроймен атқарып, үл­кен беделге ие болды.
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының кор­респондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сағидулла Үсе­нов педагогика саласына, оның ішінде болашақ информатик мұғалімдерді, білікті мамандар даярлауға елеулі үлес қосқан ғалым, ұлағатты ұстаз ретінде ұжымның жадында ұзақ уақыт сақталады.
Өмір – өткен күндер емес, өмір – есте қалған күн­дер. Есі­мізде жаңғырып жатқан бірге өткізген көңілге қоным­ды сәттер мен азаматтық бол­мысын айқындайтын іл­кім­ді істері  қимас сезім бо­лып біздердің санамызда сақ­­тал­са, ал дәл қазір Сағи – жан жары Болаткүлдің мұ­­ңы-сағынышы. Пенде біт­кен өзін толғандырған, тебірент­­кен мұңынан қуаныш ізде­се, Болаткүлдің парасат-са­быр­лы­ғымен балаларынан жұ­ба­ныш табатынына бек се­німдіміз, тілектеспіз.
Бахытхан ӘБДІКӘРІМОВ,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ проректоры,
физика-математика ғылымдарының
докторы, профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<