Музыка әлемінің төресі еді…

1418

0

Аты өшкір мына хабар суық қандай,

Өнердің бәйтерегі құлағандай…

«Кеңес кетті» дегенде бойым мұздап,

Дел-сал болып отырдым тұра алмай.

Білмедім сенерімді, сенбесімді,

Қия алмай көкке қарап бұл есімді.

Бір жарық жұлдыз тұрғандай әуен төгіп,

Тәуба дедім, «Мәңгі ол ел есінде!».

Ата-ана үміт етіп атар таңнан,

Шаңырақта Кеңес атты шырақ жанған.

Бабасы – Жалаңтөс пен Әйтекенің

Батылдық, әділдігі қатар қонған!

Бір ғасырда бір туған Кеңес еді,

Ұлы өнердің көш бастар кемесі еді!

Сұлу саздың сардары, рухы биік,

Музыка әлемінің төресі еді!

Кім армансыз ағайын бұл тірлікте?!

Арманы жоқ бой ұрған пенделікке.

«Туған ел» деп жырлаған музасымен,

Елін тербеп барады ол мәңгілікке!

Ұрпақтарың, жан-жарың, ұлан далаң,

Халқың барда арзымас асыл бағың.

«Алдың пейіш болсын, – деп, артың кеніш»,

Бір Алладан тілейді Мұрат ағаң!

Мұрат СЫДЫҚОВ,

Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі,

«Құрмет» орденінің иегері,

күйші-композитор, ақын-жырау.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<