“Өмір белестері” ойға жетелейді

858

0

«Мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, кіндігі байланған еліне адал қызмет етіп, абыройға, сый-құрметке бөленген салиқалы аға буынның арасында Өмірбек Мөрәліұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы ерекше. Сындарлы сәтте ел мүддесі үшін аянбай қызмет атқарғанын ел бағалайды».

Биыл 70 жасқа толып, Сыр жұртшылығының ыстық ықыласына кенелген мерейтой иесі Ө.Шәменовті қабылдап, облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстаған аймақ басшысы осылай деген еді. Шындығында, қоғамның сан тарау соқпағын жүріп өтіп, мемлекеттік қызметтің барлық сатысында қызмет еткен Өмірбек Мөрәліұлы қай кезде де елдік мүддені бәрінен биік қоятын. Осындай кісілік келбет, кемел ұстанымымен әркез халықтың риясыз қолдауына ие болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында атақонысы – Жалағаш ауданына қарасты «Коммунизм» совхозының заман талабына сай көркейіп, абаттануына зор еңбек сіңірді. Сондай-ақ, 1999-2003 жылдары облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өңірдегі өзекті мәселелердің шешім табуына өзіндік үлесін қосқанын қараша халық біледі. Ал 2007-2010 жылдары Жалағаш ауданының әкімі лауазымын атқарған тұсында аудан көлемінде әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңадан инженерлік инфрақұрылымдар салынып, ауылдардың ауызсу жүйесі қайта жаңғыртылды. Ауданның байырғы тіршілік тынысы – егін саласындағы еңбек те еселене түсті. Қайраткердің қоғамға, мемлекетке сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет» орденін иеленді.

Жақында ғана жарыққа шыққан «Өмір белестері» атты кітапта Өмірбек Мөрәліұлының алғаш еңбекке араласқан кезінен бастап өмір өткелдері, қызмет сатысындағы есте қалар елеулі шақтары баяндалған. Кітап авторы, Өмірбек ағамыздың аяулы жары Сәуле Қайыпназарқызы Шәменова қосылған қос өзендей өмір иірімін көркем ойымен кестелеп жазған. Тұрмыс-тіршіліктің қиын да қызықты сәттерінде, ат үстінде жүрген сындарлы шақтарда азаматына қолдау таныта білгенін байыпты естеліктері арқылы баян еткен. Осылайша келін болып түскен киелі шаңыраққа, қадірлі ата-енеге деген ыстық ілтипаты мен құрметін жеткізе білген.

Кітаптағы әрбір естелік шынайылығымен тартымды, оқырманды бей-жай қалдырмайды. Ой елегінен өткізіп, өнеге алар тұстары мол.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<