Руханият шырақшысы

1456

0

Биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық ­акция­сы бойынша Ұлы Абайдың 175 жылдығы ­мерейтойына орай М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Шығыс ғұламасы Әбу Насыр Әл Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай жазушы Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» ­романы таңдалды. Айта кетейік, қос шығарманы да қазақ оқырмандары үлкен ықыласпен қабыл алды. Басты мақсат – рухани кемелденіп, барша халық ғұламаның өмірімен, шығармаларымен ­танысу, ұлы мұрасын ­насихаттау.

Әбу Насыр Әл Фараби (870-950) – астролог, социолог, математик, физик, музыка теоротигі. Отырар медресесінде, Шам, Самарқан, Бағдат шаһарларында білім алған, қыпшақ даласының ұлы энциклопедист-ғалымы. Тарихи деректерге жүгінсек, 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп ізденген ойшыл, философия, логика, этика, медицина, математика, музыка салаларына 164 трактат жазып қалдырған ұлы ғалым. Ол өз шығармаларында көбінесе Аристотельдің еңбектерінен нәр алып, шығармаларымен сусындаған. Адамның болмысына көбіне философиялық тұжырымдар жасау үшін этика, логика саласы бойынша саралап, рухани бастауларды жан дүние үндестігінен, әдеміліктен, бақыттан іздеген.

Ғұламаның «Мемлекет қайраткерлерінің қанатты сөздері», математиканың шығу себептеріне байланысты «Ғылымдардың шығуы» трактаты, астрономияға байланыс­ты «Алгебраға түсініктеме» кітаптарын атауымызға болады. Әл Фарабидің қай шығармасын алсақ та әлемді мойындатқан шығармалар. Әл Фарабидің Шығыс, Бағдат халқын таңғалдырған бір ерекшелігі, ойын түсінікті, анық жеткізе алатын өзгеше қасиеті болған деседі. 948 жылы Мысырда жазылған шығармасы туралы Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактатында» былай деді: «Адам толығымен жетілуі үшін ол көптеген мәселелерден тәуелді болады. Себебі, ол барлық қажетті нәрселерді жалғыз өзі жасай алмайды әрі қол жеткізе алмайды. Сондықтан адам өзінен басқа да адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек және сонда ғана ол толық жетіліп, бақытқа қол жеткізе алады» деп, өз шығармасында қайырымды қалада бақытты болу үндестігін алға тартады.

Немістің шығыстанушы ғалымы А.Мюллер: «Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы Әл Фараби грек  философиясыны ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияның ғылыми зерттеудің шын мәнінде, бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек» деп жоғары баға берген. Шығармаларын байқап қарасақ, шығыс халқының мәдениеті, әдебиеті, философиялық құндылықтары туралы көп зерттеп, ізденген, өмірін білім мен ғылымға арнаған гуманист ойшыл екендігін аңғарамыз. Әл Фарабиді руха­ният шырақшысы деп атаудың өзінде үлкен философиялық мән бар. Әл Фараби мына өлеңінде:

Ей, достым! Жалғандыққа жуымағын,

Көтеріп ақиқаттың ақ туын алғын.

Бұл дүние бізге мәңгі болмас мекен,

Пенде һәм жерде бақи болмайды екен.

Сызықтармыз сызылған бар болғаны,

Шимақтар шыр айналған шарда ол-дағы, –

деп адамзатты дүние қуып кетпей рухани бай болуға шақырады. Әл-Фараби туралы қызықты деректер өте көп. Фараби мұрасы әлі де тың зерттеулерді талап етеді. Баршамыз ұлы ғалым туралы жазылған «Ұстаздың оралуы» романын оқуға асығайық.

Әсия ӨМІРЗАҚОВА,

кітапханашы.

Арал ауданы, Қосжар ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<