Тарихтың алтын көмбесі

1637

0

Тарихтың тереңінен тамыр тартатын туған өлкеміздің жылдар қойнауындағы құндылығы мен маңызын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейдің орны бөлек. Өйткені, бұл – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отырған бірден-бір мекен. Өңірдің мәдениеті мен рухани ордасына айналған облыстық тарихи-өлкетану музейінде халықаралық музейлер күнінде жылдар бойы сақталып, сыны мен сырын жоғалтпаған тарих көмбесіне тағы бір мәрте куә болдық.

Мерекеге орай «Музей түні – 2023» мәдени шарасы өтті. Көңіл көкжиегін кеңейткен кешке мәдениет қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары, қылқалам шеберлері, өнер иелері, құнды дүниелерге жанашырлар, орта, арнаулы және жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Раушан Үмбетова музей қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, марапаттады.

– Баршаңызды Халықаралық музейлер күнімен құттықтаймын.

Өңірдегі 14 музейде сақталған 150 мыңнан астам экспонатты күтіп-ұстап, насихаттауда қызметкерлердің еңбектері ерен. Сіздерге шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Мира Қазбекова.

Мерекеге орай облыс музейлері бойынша «Музей – тарих, музей – өмір» атты «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, келушілерге «Туған өлкемнің тарихы» атты театрландырылған экскурсиялар жүргізілді. Аудандық музей филиалдарының тақырыптық көрмелері ұйымдастырылып, шараға келушілер «Сырдың сырлы келбеті» атты этноауыл келбетін тамашалады. Сыр елінің бұлбұл әншілері «Құт мекенім – Қызылордам!» атты ән-шашуларын тарту етті. Қазанғап атындағы музыкалық колледждің «Сырлы саз» оркестрінің орындауында «Қызылорда күй қанатында» атты мерекелік бағдарламасы, жергілікті қолөнер шеберлерінің туындыларынан ұйымдастырылған «Шабыт керуені» атты ұлттық киімдер шеруі көрермендерге жақсы көңіл- күй сыйлады.

Шараға қатысушылар «Музей тынысы» интерактивті көрмесін тамашалау арқылы музейдің жыл сайынғы жұмыстарымен танысты. «Балаларға сый» атты аквагриммен әрлеу кішкентайлар үшін қызықты да таңғажайып сый болды.

Ұлттық рухани мұрамызды түгендеуге және жинақтауға үлес қосу, музей қорын құнды экспонаттармен толықтыру үшін «Музейге сый» акциясы жылдағы үрдістен жаңылмай, жалғасын тауып, қор 100-ге тарта құнды жәдігермен толықты.

– Облыс бойынша музей қорында 156140, ал облыстық музейде 65430 экспонат бар. Осы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында қор 1178, оның ішінде облыстық музей 534 экспонатпен толықты.

Биылғы іс-шаралар Қызылорда облысының 85 жылдығына орай «Музей энциклопедиясы», «Тарих көмбесі», «Тұлғатану», «Бір әулеттің тарихы» атты жобалардан бастау алды. «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс музейлері бойынша «Жәдігерде бір сыр бар», «Тарихтағы сандар», «Музей энциклопедиясы», «Музей радиосы», «Жас өлкетанушы», «Құнды жәдігер», «Жәдігербаян», «Музей Тур» жобалары жүзеге асуда, – деді музей директоры Сапар Көзейбаев.

Шараның ең ерекше бөлімі Сыр елінде алғаш рет «Алтын адам» бірегей археологиялық жәдігерлерінен «Алтын киімді Ұлы дала елі» атты көрмесінің ашылуы екені даусыз. Мамандар әр киімнің тарихына ерекше тоқталып, бабаларымыздың өмір салтанатын суреттеп берді. Көрмеге еліміздің ерте дәуірдегі мәдениетін, тарихын айқындайтын ұлттық құндылықтар «Арқаның Алтын адамы» мен Алтын Орда дәуіріне жататын гипперреалистік кейіптегі «Болған ана» бейнесі, Батыс өңірінің «Сармат көсемі» мен «Тақсай ханшайымы» сынды «Алтын адам» бірегей археологиялық жәдігерлері қойылды.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов бабаларымыздың алтын жалатылған сауытпен жерленуі біздің ежелгі дәстүрден тамыр тартатын төл мәдениетіміздің көрінісі екенін айтты. Мәселен көрмеге әкелінген «Тақсай ханшайымы» 2012 жылы Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Долинное елді мекенінен археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған. Бұл қайталанбас ғажайып дүние ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орнынан анықталыпты.

Қаракеңгір өзенінің бойында орналасқан «Болған ана» кесенесінен 30-40 жас шамасындағы әйел адамның жерлеу орнында бағалы матадан тігілген шапаны, алтын тостағы мен сырғалары, темір сапы мен қатты тотығып кеткен айнасы және аяқ жағына қойылған кездік пен ертұрман қалдықтары болған. Ал «Алтын адам – Сармат көсемі» Атырау облысы Жылыой ауданы Аралтөбе қорғанынан Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекшісі З.Самашевтың басшылығымен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының қазба жұмыстары кезінде 1999 жылы табылған екен.

Мәңгілік музалар мекеніне айналған музей алтын адамдардың жарқыраған киімімен құлпыра түскендей. Музей түні жауған жаңбыр да жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ең бастысы көрмеге келген көрермен марқайып қайтты.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<