Ұлт ұстазымен үндесу

1942

0

Биыл аса көрнекті ұлт қайраткері, Алаш қозғалысының рухани көсемі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ақын, көсемсөзші, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуы еліміз ғана емес, сонымен қатар ЮНЕСКО шеңберінде кең көлемде аталып өтті.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының әлеуметтік өмірі мен мәдениетіне аянбай адал қызмет еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі, тарихта орны айрықша зор тұлға. Мерейтой аясында ұлт үшін өлшеусіз еңбек етіп, артына тағылымы мол мұра қалдырған ұлттың ұлы ұстазы Ахмет атамыздың танылмаған дүниелері зерттеліп, ұлт руханияты танымдық тың ақпараттармен толықты.

Ұлттың ұлт болып сақталуына ең бірінші – ана тілінің жоғалмауы себеп. «Тілі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деп Ахмет атамыз айтқандай, жер бетіндегі кез келген халықтың мәңгілік болып қалуы оның ұлттық тілінің сақталуына байланысты.

Жазушы, орыс, неміс және қазақ тілдерінің білгірі Г.Бельгердің айтуынша, орыс әдеби тілінің ең үлкен 17 томдық академиялық сөздігінде 120 448 сөз тіркеліп, түсіндірілсе, қазақтың түсіндірме сөздігінің 10 томдығында 2 миллион 550 мың сөз бар екен. Осындай жауһар тілімізді өз дәрежесінде пайдаланып, тіл білімінің атасы саналатын А.Байтұрсынұлының еңбегінің еш кетпеуі үшін дәл қазіргі күні қоғамның барлық саласында қазақ тілінің мәртебесі жоғары болуы қажет.

Осы орайда, Президент Қ.Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттарға мемлекеттік тілді меңгеруге толықтай жағдай жасалған.

Бүгінде республика көлемінде 90-ға жуық тілдерді оқыту орталығы бар болса, облыстағы тілдерді оқыту орталығы 2008 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Орталықтың негізгі мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту, тіл мәдениетін одан әрі арттыру және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді саясат жүргізу.

2022 жылы орталық арқылы 2205 адам, оның ішінде 894 адам мемлекеттік тіл, 444 адам орыс тілі және 867 адам ағылшын тілі курстарынан өтті. 40-тан аса іс-шараға 600-ге жуық адам қамтылып, 34 мекемеге 2319 кітап таратылды. БАҚ-қа 12 мақала жарияланды.

Биыл орталық үшін өте табысты жыл болды деуге болады. Ең үлкен жетістігіміз – облыстық «Үздік оқытушы» байқауының жеңімпазы, орталықтың мемлекеттік тіл оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Алтынай Орынбаева шілде айында Тараз қаласында өткен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқытушылар арасындағы республикалық байқауда бас жүлде иеленді. Бұл біздің орталық болып құрылғалы оқытушыларымыздың қол жеткізген ең үлкен жетістігі десек те болады. Сондай-ақ, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында қазан айында өткен облыстық «Үздік авторлық жоба» байқауында А.Орынбаеваның этностарға арналған қарапайым және базалық деңгейдің 40 сағаттық курс бағдарламасы үздік деп танылып, I дәрежелі дипломмен марапатталды.

Сонымен қатар, орталық оқытушыларының құрастыруымен әзірленген «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» атты әдістемелік оқу құралы ұлттық сараптамалық комиссияның оң қорытындысын алып, республика көлемінде таратылатын болды. Бұл да – мемлекеттік тіл оқытушыларының жемісті еңбегі.

Орталық мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында қабылданатын мемлекеттік бағдарламаларды, іс-шаралар жоспарын іске асыруға қатысады, облыста тілдерді меңгеру бойынша нысаналы индикаторлар мен нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді.

Аталған мерейтой аясында біздің аймағымызда да ұлт ұстазын ұлықтаған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, көрнекті қоғам қайраткерінің өмірі мен ел игілігі жолындағы зор еңбегі дәріптелді. Атап айтқанда, Қызылорда қаласындағы 20/19 шекара қызметі мекемесінің қызметкерлеріне «Ахаңның айшықты ойлары» тақырыбында диктант жұмысы, өңіріміздегі зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «А.Байтұрсынұлы тағылымы және қазақ жазуы» тақырыбында ашық сұхбат алаңы, мемлекеттік қызметшілер арасында «Алғыс айту – парызым» тақырыбында эссе жазу байқауы, тіл мамандарының қатысуымен «Әдістеме әлемі» тақырыбында облыстық семинар, «Ахаңның айшықты ойлары» атты облыстық челлендж, т.б. көптеген шаралар өткізілді.

Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесін және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуын атап өтуге байланысты облыстық онкүндік іс-шаралар жоспарына сәйкес қаладағы мекемелер мен білім беру ұйымдарында «Ұлт ұстазы» тақырыбында ақпараттық дәріс сағаттары, «Ахаңның айшықты ойлары» тақырыбындағы диктант, «Тіл – ұлттық қазына» тақырыбында оқырман сағаты, «Ұлт ұстазымен үндесу» атты облыстық челлендж және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылды.

5 қыркүйек күні облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағановтың қатысуымен «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі» атты пленарлық мәжіліс өтті. Онда тіл жанашырлары мен қоғам қайраткерлері облыстағы қазақ тілінің қазіргі ахуалы, А.Байтұрсынұлының өмірі және ғылымдағы еңбек жолы туралы баяндамалар, тіл жанашырларының келелі пікірлері тыңдалды.

Ұлттың тарихын жазу үшін ең алдымен төл жазбасы болуы қажет, ал бұл әліпбиді қажетсінеді. Өзінің саналы ғұмырын қазақ қоғамында білім мен ғылымның дамуына, ағартушылық ісіне арнаған А.Байтұрсынұлы осы қажеттілікті өтеп, ең алғаш қазақ әліпбиін жасап шығарды. Әліпбиі бар елдің әдебиеті, тарихы, мәдениеті бар. Әдебиеті дамып, мәдениеті танылып, тарихы жазылып, ұрпақтан ұрпаққа мол мұра болып қалады, ұлт ретінде әлемге танылады.

 «Елу жылда ел жаңа» демекші, кез келген қазақ, қазақстандықтың бір-бірімен тек мемлекеттік тілде сөйлесетін уақыты келді деп ойлаймын.

Мартана ДӘУЛЕТБАЕВА,

облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<