Ұстаздың ұмытылмас бейнесі

577

0

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтіні» халық даналығынан белгілі. Ұлағатты ұстаздың абыройын уақыт сыншының арттыра беретініне жылдар куә. Бұл сөз ширек ғасырдан аса уақыт аймақтың білім саласының дамуына зор еңбек сіңірген аяулы ұстаз Күлшар Рахметованың дүниеден өткеніне қырық күн толуына орай айтылып отыр. Расымен, еңбегі елеулі ұстаздың есімін жерлестері ұмытқан жоқ. Бүгінде еліміздің әр қиырына тараған мыңдаған шәкірттің жүрек түкпірінде ұстазға деген риясыз алғыс сақтаулы.

Күлшар Рахметова 1930 жылы Сырдария ауданында өмірге келіп, осы ауданның №40 орта мектебін бітірді. 1952 жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтынан кейін осы мектепте ұс­таздық еңбек жолын бастады. 1960 жылға дейін Коммунизм, Аманкелді атындағы орта мектептерде физика пәнінен сабақ берді. 1960-1962 жылдар аралығында партия қызметінде болды. Одан кейін Сырдария ауданының Тереңөзек ауданына қосылуына байланысты қайтадан ұстаздық жолын жалғастырды. 1963-1968 жылдар аралығында оқу бөлімінің инспекторы, әдіскері, Орджоникидзе атындағы мектептің директоры қызметін атқарды.

Директор болған жылдары мектепті жөндеуден өткізді. Мұғалімдер арасында ұйымшылдық пен ынта пайда болды. Оқушылардың білім сапасы артты. Осы жұмыстардың арқасында Бүкілодақтық мұғалімдердің ІІ съезіне делегат болып қатысты.

1968 жылы Қазақстан Компартиясы Сырдария аудандық атқару комитетіне хатшы болып сайланды. Осы қызметті 7 жыл атқарып, 1975 жылы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл жұмысты табаны күректей 12 жыл абыроймен атқарды. К.Рахметова ауданның білім саласын басқарған жылдары бірнеше жаңа мектеп салынып, өнер, спорт мектептері ашылды. Әдіскерлік кабинеттер жұмысы жандана түсті. Бақылау күшейтіліп, озат тәжірибені тарату мақсатында семинарлар ұйымдастырылды. Пәндік кабинеттердің саны мен сапасы артты.

Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аудандық оқу бөлімі 1978 жылы Бүкілодақтық ауыспалы туды, 1979 жылы бастауыш сыныптар бойынша өткен байқауда республикалық туды жеңіп алды. Мектеп басшы­ларынан бастап бірнеше мұғалім марапатқа ие болды. Жаңашылдық, шығармашылық жұмысқа бетбұрыс жасалып, аудандық, облыстық семинарлар өткізілді.

Шәкірттерінің бірі, Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Ибадулла Құттықожаев аяулы ұстазды өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын басшы деп еске алады.

– Институттан соң бір жылдай Шиелі ауданындағы №181 орта мектепте еңбек еттім де, келесі жылы Қызылорданың іргесіндегі «Комсомол» ауылындағы №144 орта мектепке физика пәнінің мұғалімі болып орналастым. Бұл елді мекен ол кезде Сырдария ауданына қарайтын. Осы кезден бастап аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып істейтін Күлшар апайды жақсы тани бастадық. Ол басшы ретінде мектепке келіп, жағдаймен танысып, өтетін түрлі шараларға қатысып тұратын. Өте әділ болды, жұмысты жақсы істейтін директорлар мен қатардағы мұғалімдерге қандай да бір пайдалы жақсы ұсыныстары болса, үнемі қолдау көрсетіп отыратын. Сондықтан педагогтар өз қызметтерін белсенді атқаратын. Мен апайдың дем беруі арқасында өз жұмысымнан бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсене аралас­тым. Сондай іргелі ізденістер нәтижесінде физика пәні кабинеті бойынша ауданда бірінші орын иелендім. «Жыл мұғалімі-92» байқауының жеңімпазы, «Халықтық педагогикадан» озат тәжірибе мектебі жетекшісі, сабақты жаңа тәсілмен берушілердің облыстық шығармашылық тобының мүшесі, т.б. Менің осындай биік дәрежеге жетуіме Күлшар апайдың ізденгіш педагогтарды ұдайы қолдап отыратыны, адалдығы мен әділдігі негізгі себепші болды деп айта аламын, – дейді ол.

Күлшар Рахметова 1987 жылы еңбек жолын аяқтап, зейнеткерлік демалысқа шықты. 25 жылдан аса уақыт облыстық конференцияларға делегат, аудандық партия комитетіне, бюро мүшелігіне, аудандық кеңеске депутаттыққа сайланып отырды. 1993 жылы «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Әр жылдарда Қазақстан ком­сомолының VII съезіне, мұғалімдердің Бүкілодақтық ІІ съезіне, Қазақстан мұғалімдерінің V съезіне, Әйелдердің және Білім қоғамының республикалық съезіне делегат болды. КСРО, Қазақ КСР Халық ағарту саласының үздік қызметкері белгісімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет грамотасымен, Қазақ КСР Оқу министрлігінің грамотасымен марапатталды. Басшылық еткен мектеп және оқу бөлімдері одақтық, республикалық, Қазақ КСРО Оқу министрлігінің грамотасымен марапатталды.

Ардагер ұстаз осы жылдың 7 тамызы күні 92 жасқа қараған шағында өмірден озды. Саналы ғұмырын болашақ ұрпақ тәрбиесіне сарп еткен Күлшар Рахметқызының жарқын бейнесі көз алдымызда. «Жақсының аты өлмейді» деген шындық шығар. Ақ жүректі абзал жан, үлкеннің де, кішінің де көңілін таба білетін, кез келгенге үлгі, өз ісінің білгірі болатын. Ұлағатты ұстаз Күлшар Рахметқызының жүріп өткен жолы мәңгі өшпейді, рухы мәңгі жасай береді.

Д.АРЫСТАНБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз