Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек

2190

0

Атақты «Мен – қазақпын!» поэмасының авторы Жұбан Молдағалиевтің «Білем, білем бір қазақты» атты бір керемет өлеңі бар. Бұл өлеңнің кереметтігі авторы бір қазақты жырлау арқылы бүкіл ұлттың болмысын мақтан етеді. Осы өлең жолдарындағыдай, мен де «Білем, білем бір қазақты». Ол – бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері «Үш би» Құрмет белгісінің, «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің, «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» медалінің иегері,  Атырау қаласы №2 сотының төрағасы Мирамбек Ибрагимұлы Нағашыбаев.

Мирамбек Ибрагимұлы­ның есімін алғаш екі мы­ңын­шы жылдардың басында сту­дентімнің ата-анасынан ес­тідім. Баласының тағ­ды­ры бүлініп кетпеуіне Орал қа­лалық сотының судьясы Наға­шыбаевтың ықпалы мол бол­ғандығын ағынан жарылған ата-ана ризашы­лықпен ай­тып берген болатын. Істі бол­ған студенттің ата-анасы­ның айтуына қарағанда бала­сы бірге оқитын курстас бала­ларына болысам деп шатыл­ған. Ауылдан келіп оқып жат­­қан курстас достарына қо­қан-лоққы көрсетуші жат­жұрт­тықтарды мұның баласы «тәр­тіпке» шақырса керек. Әлгілер «қорыққан бірінші жұдырықтайды» дегеннің ке­бін келтіріп ұлттық кемсіту­шілік көрсетті деп арыз тү­­сірген. Сот барысында ша­ғым­данушылардың боп­салау­шылық әрекеттері анықталып екі жақ келісімге келіп, іс тынған. Өзіміз де, көрсе көз тойғандай, қайратты, ақылды көшбасшы студенттің ондай бейбастыққа бармасын біл­ген едік. Осының бәрін сот барысында анықтаған судья Мирамбек Ибрагимұлы «ар­баны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» бәрін салқынқан­дылықпен шеше білген. Жас адамдардың тағдырына сызат түсірмей, жазалауға емес істің жайын табуға ұм­тылған. Үміт еткен көзінің нұры – баласының тағдыры оң шешімін тапқанда қуанған ата-ананың «атына заты сай екен судьяның әділдігін ай­тып көңілімізді мейрамға бө­леді ғой, ғұмыры есіміндей шуақты болсын» деген тілегі әлі есімде.

Бұл біз білетін істің бірі ғана. Кісілігі болмысынан аң­­ғарылып тұратын Мирам­бек Ибрагимұлының өмір мекте­бінен түйгені мол тұлға екендігін кейінгі ресми, бей­ресми кездесулерде талай бай­қадық. Прометейдің мәңгілік сөнбейтін алауындай қызулы университет жастарымен кез­десулерде Мирамбек Иб­ра­гимұлы өз ісінің білгір ма­маны ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды же­­тік білетін әрі оны талдап тын­­дарманын өзіндік уәж­де­рі­мен иландыра алатын са­рабдал сарапшы, тұшымды тұжырымдарды тауып айта білетін шешен екендігін талай танытты. Мұның барлығы – сөз жоқ, көргенді түйгеннен, өз ісінді сүйгеннен бойда жи­­нақталатын рухани күш не­­месе Абайша айтқанда, «Ес­­тілердің айтқан сөздерін ес­­керіп жүрген кісі өзі де есті бо­лады» тәмсілінің ақиқат­тығы.

Сөзімізге арқау етіп отыр­ған Абай данамыз «Үш-ақ нәр­се адамның қасиеті» дей келіп, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» санамалап көрсетеді. Ал осы қасиеттер адамға тек пен тәрбие ар­қы­лы беріледі дегенді де ай­тады түйгенін тәлімге айнал­дыратын халқымыз. Текті айт­­сақ, тереңдеп кетуіміз мүм­кін. Тәрбиемен берілген бі­­лім­нің адами болмысқа ық­палы зор екендігін де баба­ларымыз айтып өтті. Оны өзіміз де өмірден көріп жүр­міз. Тәрбиенің бастауы шаңы­рақтан, жақсы әке мен анадан. Ұрпағына ақ пен қара, тақ пен жұп, көк пен жер, жақсылық пен жамандық ара жігін ашып көрсете алатын, бойларына жұғысты қыла білетін – ата-ана. Мирамбектің балаң шыбықтан дұрыс бой түзеуіне бар күтімді жасаған асқар тау әкесі Ибрагим ақсақал мен аяулы анасы Ақбике шешеміз. Темір жолдың темірдей тәр­­тіпке бағындырылған ыр­ға­ғында қызмет жасаған ата-ана отбасында да ыжда­ғат­тылықты, жауап­кершілікті, төзімділікті, ауызбіршілікті, еңбекқорлықты өмірлік ұста­нымға айналдырды. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» мақалының шынайылығы, қа­лып айтылмағандығы осыдан аңғарылса керек.

Махамбет ақынның «Өте­містен туған он едік, Оны­мыз атқа қонғанда, Жер қа­йысқан қол едік» дейтін өлең жолдары бар. Сол сияқ­ты Иб­рагим ақсақалдан тараған тоғыз ба­ласы бү­гінгі таңда өскен-өн­ген үлкен әулет. Өскен-өнген де­генді са­нына қарап айтып отыр­ға­нымыз жоқ. Салиқалы істері­не қарап елдің беріп отыр­ған бағасы. Алтын ұя ауыл­дарын абаттандыру, әсі­ресе ұрпақ­тан-ұрпаққа қа­ла­тын ағаш отырғызу, ділі мен дінін та­нуға имандылық орнын ашу сынды көз көрген игі істерінің бірлі-жары­мын ғана атап отырмыз.

Бұл жөнінде Арал ауда­нының әкімі Мұхтар Ораз­баев «Сарқылмайтын сағыныш» кітабында «Нағашыбаевтар әулетінің мәртебесі аралқұм­дықтарға ғана емес, сонымен бірге бүтіндей аудан жұрт­шылығына ортақ өнеге мек­­тебі іспеттес. Ибрагим аға ұр­пақтары ұлттық үр­діс­ті, зама­налық үдерісті та­биғи түрде үйлестіруімен де дара­ланады. Заңгер ма­мандығына таңдау жаса­ғандары рес­пуб­ликаның бес об­лы­сында әріп­тестер мен әлеу­мет сені­міне ие. Мұ­най­шы, ұстаз, атан­ған­дары да танымал» дейді.

Осы кітапта Мәде­ниет қайраткері Ермек Жұмахмет­ұлы: «Ибрагим ағамыз өте байсалды, ойланып сөйлейтін, берекелі, пейілі кең, көне әң­гімелерден хабары бар кісі екен. Сөйтсем, қазақ әде­бие­тінен мол хабары болып шықты. Үйге мерзімдік басы­лымдардың бәрін жаздырып алады екен. Әсіресе, жібермей оқи­тыны «Жұлдыз» жур­на­лы болып шықты» дейді.

Мұның барлығы – кейіп­керіміз Мирамбек Ибрагим­ұлының азаматтық келбетінің қалыптасуына оң әсер еткен қайнар бастаулар. Мәкең­нің адамдармен қарым-қаты­на­сындағы ерекше аура, сөзге беріктік, істің барысын бол­жаудағы ой айқындығы жо­ғарыда атап өткен тек пен тәрбиеде жатыр деген сөзі­міздің мәнісі осы.

Тәрбиеден туындайтын із­гіліктер жөнінде Мирамбек Ибрагимұлы «Заң» газетіндегі «Ата Заңның авторы –  халық» атты мақаласында былай дей­ді: «Егер біз ұрпаққа бала жастан ұлтжандылық қа­сиет­ті дарыта алсақ, әрбір аза­матымыз еліміздің патриоты болып шығатыны хақ. Сон­да ғана біз қоғамның шы­найы конституциялық келбе­тін ажарландырып, жаңа конституциялық мәдениетті қалыптастырамыз. Мәдениет­тілік, отансүйгіштік, ұлтжан­дылық әрбір отбасындағы тәр­бие шеңберінен бастау алса, әділдік пен заңдылық­тың күретамыры – Ата За­ңымыздың қайнарынан қуат алады» деп пайымдайды. Бұл – «Ел боламын десең бесігіңді түзе, тәмсіліңді тү­зе» деген қуатты сөзбен үн­де­сіп жатқан жақсы ой. Конс­титуция қазақ мұраты үшін қызмет жасайды дегенді жет­кізіп тұрған түйін сөз.

Сөзіміздің кіріспесін Жұ­бан ақынның «Білем, білем бір қазақты» өлеңімен бас­та­ған болатынбыз. Жайық жұр­ты жүз жылдығын тойлап жатқан жыр сұңқары Жұбан ақын қилы заманның өзінде қисынын тауып болмысы бө­лек қазағын мақтан етсе, үлгі көрсетсе кейінгі буын неге жаңғыртпасқа. Қазақтың мар­ғасқа ұлдарын Жұбанша «Бі­лем, білем бір қазақты» деп азаматтық келбетін ашып неге жазбасқа, жырламасқа. Шын шабыт үстінде туған ақын өлеңіне кезек берелік:

«Жылқыда

Жақсыны айтса

қазанат деп,

Адамда

Мақтайды ерді азамат деп.

Мұнымен

Бір дидарлас болғандар да

Кетеді жігіт-ақ деп,

Қазақ-ақ деп»

Дана халқымыз «Жақсы­ның жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жатады. Сын­дарлы салада әділдіктің үстем­дік құруы үшін адал қызмет жасап жүрген қазақтың бір баласы Мирамбек Ибрагим­ұлы тарапына жылы сөз айту, мерейтойы қарсаңында ме­рейін үстем ету – ата-ба­бамыздан келе жатқан дәстүр сабақтастығы. Өсер елдің өнегелі әңгімесі, насихаты.

«Біз Мәңгілік Ел боламыз деп, кемел мемлекет құруды көздеген халықпыз… Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан – 2050» стратегиясының бас­ты межелерінің бірі – осы» деген болатын Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ел мен Елба­сының сенімінен шығып, «Қа­зы – халықтың ожданы» деген сенімге селкеу түсірмей ақ сөйлеп, әділдіктің үстемдік құруына бар ғұмырын арнап келе жатқан Атырау қаласы №2 сотының төрағасы Ми­рам­бек Ибрагимұлы Нағашы­баевқа деніне саулық, отба­сына амандық тілейміз. 

Азамат МАМЫРОВ,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<