Өз уақытынан озып туған ғұлама

465

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы дүйім қазақты рухани тұрғыда бір көтеріп тастағаны анық. Даналықтың символы, руханияттың бағдаршамы – Абайды тану – әр қазақтың міндеті. Айтар ойын тура әрі батырып айтқан ойшылдың бір сөзі жанды қинап жатса, екінші сөзі  өкіндіріп-ашындырып жататыны жасырын емес. Адам бойындағы осынау алапат сезімдерді оятатын  Абай ілімі – теориялық тұжырымдама ғана емес, адам болып өмір сүрудің әдіс-тәсілі. Мақалада Қ.Кемелұлы Абай шығармаларының қазіргі уақытпен үндестігін, ақпараттық заманның өзінде өзектілігін ашып көрсеткендей. Көрсете отырып, ұлы ақын еңбектерін түсініп-тұшынып оқуға шақырғандай.

Ел Президенті өз мақаласында Абайдың 175 жылдық мерейтойы халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде аталып өтетіндігін айтты. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі де рухани-мәдени орда ретінде ұлы ақынның дүбірлі мерейтойына атсалысу және жоғары деңгейде атап өту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыруды қолға алып отыр.

Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі қорында сақталған құнды экспонаттардан «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты көшпелі көрме 17-20 ақпан күндері Сыр жұртшылығы назарына ұсынылатын болады. Облыстық музейдің аудандық филиалдары да ұлы ақынның мерейтойына өз үлестерін қосуда. Арал қалалық тарихи музейі «Абайды оқы, таңырқа!» атты әдеби-танымдық кеш өткізсе, Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейі «Өлең сөздің патшасы» атты жыр мүшайрасын ұйымдастырмақшы. Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Абай әлемінің сырын ұққан қаламгер» атты абайтанушылармен кездесу, Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлы ақын – Абай», Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Абай құнанбаевтың шығармашылығы мен әдеби мұрасы», Нартай Бекежанов мемориалдық өнер музейінде «Абай – ұлт биігі» тақырыбында көрмелер ұйымдастырылады. Ал, Сырдария, Жаңақорған және Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейлерінде ұлы ақынның өлеңдерін насихаттау мақсатында «Қазақтың бас ақыны – Абай» тақырыбында Абай оқулары өткізіледі. Қызылорда облысындағы бірден-бір рухани-мәдени мекеме ретінде облыстық музей Абай мұрасын насихаттау жолына бет бұрып, біліми-ағартушылық жұмыстарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған еліміздің мемлекеттік саясатына қатысты мемлекет басшысының қабылдап жатқан шешімдері баршамызға аян. Ұлттың асыл мұрасына айналған Абай еңбектерін сақтау, зерделеу, насихаттау, осы заманмен сабақтастыру – елімізді рухани тұрғыда алға жетелейтіні сөзсіз.

Меніңше, ұлтты ұйыстыруға негіз, қазақ халқының қуат алатын сарқылмас азығына айналған Абай философиясы – мемлекеттік саясаттың да алтын діңгегі, арқа сүйер қорғаны секілді. Өйткені Абай шығармалары арқылы барша қазақ, қазақ қана емес-ау, басқа ұлт өкілдері де рухани шөлін қандырады. Ел бірлігінен асқан береке, ел тұтастығынан асқан бақыт жоқ десек, Абай мұрасы осы бір қасиетті ұғымдарға жетелейтін баспалдақ. ХХІ ғасырдағы жас өрен Абай мұрасы арқылы өткенімен сырласады, сырласа отырып, болашағына дұрыс қадам жасайды. Абайдай ғұламаның шығармалары 10 тілге аударылатындығы да көңілді қуантып тастады. Бұл – шет мемлекеттерінің қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы – Абайдың мұрасына деген қызығушылығын, сұранысын аңғартады.

Мемлекет басшысы аталмыш мақаласы арқылы А.Құнанбаевтың шығармашылығына ел назарын аудартуды және рухани ақсап жатқан тұстарын биік тұлғаның туындылары арқылы емдеуді көздеді. Абайды әр адам өзінше оқып, өзінше қабылдайды. Ілімі ұшан-теңіз Абайдай дананың қай заманда болмасын өзінің сырласы мен мұңдасы табылатыны анық. Өйткені оның шығармалары өміршең. Абайдай дананың шығармашылығын қайта қарап, зерттеп-зерделеу жолындағы еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!

Бахыткүл БЕКМАМБЕТ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<