Қазақ тілі туралы сөз болғанда біз көбіне оның мәртебесін, қолданылу аясын немесе оны меңгерген азаматтардың үлесін талқылаймыз. Алайда бүгінгі ақпараттық қоғамда тілдің өміршеңдігін анықтайтын өлшемдер өзгерді. Енді тілдің қуаты оны қанша адамның білетінімен ғана емес, сол тілдің ақпараттық кеңістіктегі ықпалымен, цифрлық технологиялардағы қолданысымен және әлемдік аудиторияға қаншалықты жетіп жатқанымен өлшенеді.
Сондықтан мемлекеттік тіл мәселесіне бұрынғы көзқараспен қарау жеткіліксіз. Бүгінгі таңда қазақ тілінің болашағы сынып бөлмесінде немесе ресми құжаттарда ғана емес, әлеуметтік желілерде, медиаплатформаларда, жасанды интеллект жүйелерінде және халықаралық коммуникация кеңістігінде шешіліп жатыр.
Соңғы жылдары мемлекеттік тілдің дамуына қатысты жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мемлекеттік тілдің қоғамдық қатынастардың барлық саласында кеңінен қолданылуын көздейді. Құжатта қазақ тілінің цифрлық ортадағы үлесін арттыру, жаңа технологияларға бейімдеу және сапалы контент көлемін ұлғайту міндеттері белгіленген.
Бұл бағыттардың кездейсоқ таңдалмағаны анық. Себебі қазіргі әлемде тіл үшін күрес аудитория үшін күреске айналды. Кім ақпараттық кеңістікті игерсе, сол қоғамдық санаға ықпал етеді.
Жуырда Үкімет жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік тілдің ақпараттық кеңістіктегі үлесін арттыру мәселесіне арнайы тоқталды. Министрлік ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі онлайн-контенттің үлесі 78 пайызға жеткен. Мемлекеттік тілдегі интернет-ресурстардың үлесі шамамен 60 пайызды құрайды. Сонымен қатар отандық телевизиялық өнімдердің 70 пайыздан астамы қазақ тілінде эфирге шығуда.
Бұл көрсеткіштер мемлекеттік тілдің медиа кеңістіктегі орны жылдан-жылға нығайып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге мемлекеттік тілдегі ақпарат пен сапалы контентке деген сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Әсіресе жастар арасында қазақ тіліндегі цифрлық контентті тұтыну көлемінің өсуі байқалады. Соңғы жылдары өңірлік ақпарат құралдарында да қазақ тіліндегі цифрлық контенттің сапасына қойылатын талап күшейіп, аудиторияның сұранысы бұрынғыдан әлдеқайда арта түсті.
Осыған байланысты министр бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл саясаты талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды, қазақ тіліндегі контенттің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруды тапсырды.
Бүгінде ақпараттық кеңістіктегі бәсеке тілдердің де бәсекесіне айналды. Азаматтардың басым бөлігі жаңалықты әлеуметтік желілерден оқып, қажетті ақпаратты интернеттен іздейді. Сондықтан тілдің өміршеңдігі оның интернеттегі үлесімен ғана емес, сапалы контент өндіру мүмкіндігімен де өлшенеді.
Қазақ тіліндегі контент көлемі соңғы жылдары айтарлықтай артқанымен, ғылыми-сараптамалық материалдар, деректі жобалар, технологиялық өнімдер мен жасанды интеллект жүйелеріне қажетті деректер қоры әлі де жеткіліксіз. Бұл жағдай мемлекеттік тілдің цифрлық ықпалын толық жүзеге асыруға кедергі келтіреді.
Мемлекеттік тілдің даму мәселесі ғылыми ортада да кеңінен талқыланып келеді. Филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасиловтың айтуынша, қазақ тілі өзінің фонетикалық жүйесі, лексикалық байлығы және грамматикалық құрылысы жағынан дүниежүзіндегі ешбір тілден кем емес.
«Қазақ тілінің ақсап тұрған жері қоғамдық өмір салаларындағы қолданысы мен сөйлеушілерінің санына байланысты. Жалпы қандай да бір тілдің мықты тілге айналуы оның сөйлеушілер санымен өлшенеді», – дейді ғалым.
Социолингвист-ғалым Аман Абасилов әлемдік тілдік тәжірибеде тіл дамуын жоспарлаудың төрт негізгі бағыты бар екенін атап өтеді. Олар:
1.Тілге мәртебе беру арқылы дамытуды жоспарлау.
2.Тіл дамуын корпустық жоспарлау.
3.Тілдің қолданыс өрісін кеңейтуді жоспарлау.
4.Тіл беделін арттыруды жоспарлау.
Ғалымның пікірінше, тілді оқыту, тіл меңгерту, тіл білудің экономикалық тұрғыдан тиімді болу бағыттары мемлекеттік тілдің болашағы үшін маңызды. Әсіресе қазіргі цифрлық дәуірде қазақ тілінің қолданылу өрісін кеңейтіп, оның беделін арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Себебі тілдің өміршеңдігі заңмен ғана емес, оның қоғамдағы сұранысымен, ақпараттық кеңістіктегі ықпалымен және сапалы контент арқылы өлшенеді.
Бүгінде әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тіл тек мәдени құндылық қана емес, экономикалық ресурсқа да айналып отыр. Нарық қай тілде сөйлесе, бизнес те сол тілде қызмет көрсетуге ұмтылады. Соңғы жылдары Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсететін кәсіпорындардың, қазақтілді цифрлық өнімдердің және ұлттық брендтердің көбеюі мемлекеттік тілдің экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын аңғартады. Сондықтан қазақ тілін дамыту шығын емес, елдің адами капиталы мен болашақ экономикасына салынған инвестиция ретінде қарастырылуы тиіс.
Қазақ тілінің болашағы туралы айтқанда бір маңызды жайтты ескерген жөн. Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Бірақ тілдің нақты күші оны күнделікті өмірде қолдану деңгейімен өлшенеді. Егер азамат ақпаратты басқа тілде іздеп, жаңалықты басқа тілде оқып, ойын басқа тілде жеткізсе, онда тілдің қоғамдық ықпалы әлсірей береді.
Осы тұрғыдан алғанда қазақтілді контенттің сапасы мен көлемі стратегиялық маңызға ие. Бүгінде жастардың негізгі ақпарат көзі – әлеуметтік желілер. TikTok, Instagram, YouTube, Telegram және түрлі стриминг платформалары қоғамдық пікір қалыптастыратын негізгі алаңдарға айналды. Сондықтан қазақ тілінің келешегі осы кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігіне байланысты.
Қазақ тілін әлемге таныту мәселесінде мәдени дипломатияның орны ерекше. Соның айқын бір ғана мысалы – Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы. Оның өнері арқылы миллиондаған адам қазақ тіліндегі әндерді тыңдап, қазақ мәдениетімен танысты. Бұрын қазақ тілін ешқашан естімеген аудитория қазақ әндерін іздеп, мәтіндерінің мағынасын зерттей бастады. Бұл – мемлекеттік тілді халықаралық деңгейде насихаттаудың ең тиімді үлгілерінің бірі.
Димаштың жетістігі бізге маңызды сабақ береді. Тілді әлемге таныту үшін тек ресми бағдарламалар жеткіліксіз. Әлем назарын сапалы мәдени өнім ғана аудара алады. Егер қазақ тілінде халықаралық деңгейдегі фильмдер, деректі жобалар, музыкалық өнімдер мен цифрлық контент көбейсе, мемлекеттік тілдің жаһандық ықпалы да арта түседі.
Тілдің беделі көбіне оны насихаттау көлемімен емес, сол тілде жетістікке жеткен тұлғалардың ықпалымен қалыптасады. Жастар белгілі бір тілді міндет болғандықтан емес, сол тіл арқылы білім алып, мансап құрып, әлемдік деңгейде танылуға мүмкіндік бар екенін көргенде үйренеді. Сондықтан мемлекеттік тілдің беделін арттыру үшін оны табыстың, кәсібиліктің және жаңа мүмкіндіктердің тіліне айналдыру маңызды.
Қазақ тілінің халықаралық кеңістіктегі әлеуетін арттыруда шетелдегі қандастардың да үлесі ерекше. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан қандастар ана тілін сақтап қана қоймай, қазақ мәдениетін насихаттап келеді. Олар әлеуметтік желілер арқылы қазақтілді аудиторияны кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды келесі ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқаруда.
Қандастар тәжірибесі тағы бір ақиқатты көрсетеді. Тілді сақтау үшін міндеттеу жеткіліксіз, оған қажетті орта қалыптастыру керек. Қазақ тілі сұранысқа ие болған жерде ғана дамиды.
Қазіргі кезеңде мемлекеттік тілдің алдында жаңа сын-қатерлер пайда болды. Соның бірі – жасанды интеллект дәуірі. Егер қазақ тіліндегі цифрлық деректер жеткіліксіз болса, болашақ технологиялар бұл тілді толыққанды игере алмайды. Демек, қазақ тіліндегі ғылыми, танымдық, сараптамалық және медиалық контент көлемін арттыру ұлттық маңызы бар міндетке айналып отыр.
Қазақ тілінің алдында бұрын болмаған жаңа міндет тұр. Егер өткен ғасырда тілдің болашағы мектеп пен отбасыда шешілсе, бүгін оның болашағы цифрлық платформалар мен алгоритмдердің ықпалына тәуелді болып отыр. Әлеуметтік желілер қандай контентті алға шығарса, аудитория да соны тұтынады. Жасанды интеллект қандай тілдегі деректермен оқытылса, ертең сол тілге басымдық береді. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту мәселесі енді тек гуманитарлық емес, технологиялық міндетке де айналды.
Сарапшылардың пікірінше, әлемдегі ықпалды тілдердің басымдығы бүгінде олардың цифрлық кеңістіктегі үлесімен анықталады. Сондықтан қазақ тілін сақтаудың ең тиімді жолы – оны технологияның, ғылымның және инновацияның тіліне айналдыру.
Бұл мақсатқа жету үшін бірнеше нақты қадам қажет.
Біріншіден, қазақ тіліндегі сапалы журналистиканы қолдау жүйесін күшейту керек. Қоғамға әсер ететін аналитикалық мақалалар мен зерттеулер көбейген сайын мемлекеттік тілдің беделі артады.
Екіншіден, цифрлық платформалардағы қазақтілді контент өндірісіне жағдай жасау маңызды.
Үшіншіден, жасанды интеллект жүйелерін қазақ тіліне бейімдеуге бағытталған ғылыми жобаларды қолдау қажет.
Төртіншіден, әлемдегі қандастарды ортақ ақпараттық кеңістікке біріктіретін жаңа медиажобаларды дамыту керек.
Бесіншіден, қазақ тілін халықаралық деңгейде насихаттайтын мәдени бастамаларға тұрақты қолдау көрсетілуі тиіс.
Кейде мемлекеттік тілді қорғау деген ұғым оны сақтап қалумен ғана шектеліп жатады. Алайда XXI ғасырда тілді сақтау жеткіліксіз. Тіл дамуы үшін ол жаңа білімнің, жаңа технологияның және жаңа мүмкіндіктің тіліне айналуы қажет. Болашақта қазақ тіліне ең үлкен қауіп оны білмейтін адамдардан емес, оны қажет етпейтін ортадан келуі мүмкін.
Қазақ тілінің болашағы туралы пікірталас әлі де жалғасып келеді. Бірі оны заң арқылы күшейту қажет десе, енді бірі білім беру жүйесіне үміт артады. Алайда цифрлық дәуірдің шындығы басқа сұрақ қойып отыр: қазақ тілі ертеңгі технологиялардың, ғылымның және жаһандық коммуникацияның тілі бола ала ма?
Бұл сұрақтың жауабы министрліктердің есептерінде емес, күн сайын өндіріліп жатқан контентте жатыр. Егер қазақ тілінде сапалы журналистика жасалса, ғылыми зерттеулер жарияланса, жаңа медиа өнімдер дүниеге келсе, жасанды интеллект жүйелері қазақ тілінде еркін жұмыс істесе, онда мемлекеттік тілдің болашағына алаңдаудың қажеті болмайды.
Тілдің тағдырын заң ғана емес, қоғамның таңдауы шешеді. Сондықтан бүгінгі таңда мемлекеттік тілді қолдау дегеніміз – қазақ тілінде сапалы өнім өндіру, бәсекеге қабілетті ақпарат қалыптастыру және оны әлемдік кеңістікке шығару. Мемлекеттік тіл үшін күрес енді аудитория үшін күреске айналды. Бұл күресте жеңіске жетудің жалғыз жолы – қазақ тілін заманның ең қуатты коммуникация құралына айналдыру.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».






