Сағыныштың сары жапырақтары

641

0

Молдахмет Қаназ Арал ауданы, Бекбауыл стансасында дүниеге келген. Шымкент педагогика институтының филология факультетін тәмамдаған.

«Чика – Дабылдың баласы», «Жер кіндігі» повестері жасөспірімдер мен балаларға арналған үздік шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде жүлде алған. «Сонар», «Жер кіндігі», «Арна», «Ақ тайлағым-ай», «Свет далекого солнца», «Құм қойнау», «Старая зимовка», «Армандай алыс жағалау», «Экспресс из полынной степи», «Жаңбырлы жаз», «Чика – сын Дабыла», «Қияндағы күн нұры», «Жанқожа» атты кітаптары жарық көрді.

Біз бүгін М.Қаназдың Зейнолла Шүкіров туралы естеліктер топтамасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Шақша

Зекең насыбайшыл адам еді. Қол басынан шағынырақ, саусақтай шыны шақшасын ешқашан жанынан тастамайтын. Көкбұйра ащы насыбай жарты литрлік үлкен бөтелкеде тұрады да, осы құйттақандай шақшаға керек кезінде салып алып, атып отырады. Әлдеқандай ойға батқан кезінде әлгі шақшаның басын сұқ саусағы мен бас бармағының арасына қыстырып, сол қолының жұдырығына сарт та сұрт ұрып отыратын. Бұл алғаш насыбайды араластырып отырмақ ниеттен басталған да кейін солай қалыптасып, әдетке айналып кеткен болу керек.    

Әнағаның (Әнуарбек Дүйсенбиевті айтамын) қолында тұратын шешесі де, енесі де – насыбайшыл адамдар. Бірде Алматыға екеуміз бірге келгенде жолда Зекеңнің насыбайы таусылып қалып, сол үйге асығып жеткен. Есіктен кіру бойына апайдың бірінен насыбай сұрап атып, құрыс-тұрысы жазылып, мәре-сәре боп қалды. Насыбайдың түр-түсі, қасиеті мен қуаты жайлы өзара біраз әңгімелесіп, базардан жақсы насыбай таңдап алуды сол кісіге тапсырғаны бар.

Зекең Қызылордада тұрған кезінде мен Қазалыдан бірде комсомол, бірде партия, бірде кәсіподақ, құдай-ау, бірінің құйрығын бірі иіскеп тұратын жиналыстарға апта, ай құрғатпай келемін де тұрамын. Сол кезде бізге оңтайлы поез облыс орталығына іңір қараңғысында жететін. Кейде қонақүйден орын алып, кейде алмастан таң қараңғысынан салып ұрып бірдеңем ұмыт қалғандай Зекеңнің үйінен шығамын. Табаным Қызылордаға тиіп, ол кісіге сәлем бермей кеткен кезім болған емес. Есікті Набат апам ашады. Залға шешінемін де түкпіргі жатын бөлмедегі Зекеңе озамын. Сырттан таза ауадан келген темекі шегіп, насыбай атпайтын адамға білінбесін бе, удай ащы иіс мұрынды жарып, бірден қолқа қабады. Зекең оянсын мейлі, оянбасын, бірінші шаруа көкала насыбайға толы түкіргішін ваннаға алып шығып, төгіп тазалап, суын жаңартып қолы жететін жерге қайта әкеліп қоямын.

Көбіне екі қолын басынан асырып созып тастап, шалқалай жататын. Тықырдан оянып басын көтереді. «Ассалаумағалейкүм» деп қос қолымды ұсынамын. Ол көк масаты көпшігін шынтағына ала бере алдымен қарманып көзілдірігіне ұмтылып: «Ау, провинция, келдің бе?» дейді. «Келдік. Жеттік». Басқа амандықты содан кейін сұраса жатамыз, әңгіме шай үстінде өрбиді.

Сол кездегі жиналыстың ырғындығы, Қазалы мен Қызылорданың аралығын тоздыратындығым соншалық, Зекең: «Осы жүрісіңнің орнына ғой бір-екі повесть жазып тастайтын едің» дейді. Басымды әкімдік қысып бара жатқан мен жоқ, творчество күйттеп отыруға жағдай қайда? Саған қарап отырған кемпір-шал, бала-шаға… Зекең оны білмесін бе, тек саяқ жүрістің соншама көптігіне күйінеді де.

…Сонан кейінгі іздейтіні әлгі күйттей насыбай шақша. Көбіне көрпесінің астынан табылады. Домаланып қашып кеткендей болса алып беремін.

Құйттай жез шылапшын мен бір шәйнек  жылы су, сабын, сүлгі алып келіп, қолына су құямын. Жуынып-шайынады. Әбден мұқалып бітуге айналған тұқыл тіс щеткісі бар-ды. «Зеке, жасы жетіпті ғой, мынаны тастамайсыз ба?» десем, «Осындайы кір алғыш болады» дейді де ысылдап-пысылдап жуына береді.

Қолында не қамшы, не таяғы жоқ Зекеңе әлгі шақша кәдімгідей қару да. Қазіргі жігіт ағасы, кезінде Нәкеңнің (Нәсіреддин Серәлиевті айтамын) көңіл толқытарлық әдемі әңгімесіне арқау болған Алпысбай інісі кішкентайында ойын қызығына түсіп, ескертуге құлақ аспай, кісілердің әңгімесін есіттірмей мазаны ала берсе, айғай сап сол шақшаны жіберіп келіп қалатын. Сөйтеді де саусағын шошайтып бұрышта жатқан шақшаны Алпысбайдың өзіне алдырады.

Мініп жүретін «көлігі» – біз тәрізді інілерін де осы шақшаның түбімен жөнге сала береді.

Бірде Елеусіз Кенебаев ақын ағасын поезға алып шықпай ма?! Асығыстығы бар, әрлі-берлі сапырылысқан қалың топ арасынан зіңгіттей адамды жіптіктей етіп алып жүру оңай боп па? Зекеңнің илікпейтін аяғы кісілерге соғып ауырып қалды ма, әйтеуір, мазасы кетсе керек. «Дұрыс жүр» деп шақшасының түбімен онсыз да ақ тер-көк тер болып әрең келе жатқан Елеусізді осы шақшаның түбімен ұратын көрінеді. Сонда Елеусіз: «Тастап жіберейін бе осы» десе, «Тастап көр» деп қорқытатыны тағы бар. Қазақ мініп келе жатқан көлігін жөнге сабап салмай қайтушы еді…             

Қазақстан жазушыларының алтыншы съезіне Зекең обком арқылы аудандық партия комитетінен ұлықсат алып, мені «мініп» келді. Мәжіліс, сонан кейін бірі келіп, бірі кетіп жататын жігіттер бар, толастаған бір сәтінде «Молдахмет, суға түсіп алайықшы» деді. Жарайды. Зекеңді шешіндіріп, көтеріп апарып шомылғыға отырғыздым да суды ағыттым.  Сол сәтте телефон шыр етіп, соған ұмтылдым. Оған барғанымша болмады Зекеңнің «Молдахмет-ші! Молдахмет!» деген ащы дауысы шықты. Жүгіріп келсем «Жап ананы! Жап! Пісірдің!» деп түтеп отыр. Жалма-жан шүмекті жаптым. «Шақша қайда әлгі. Шақшам!» деп жан-жағына қаранады. Қанша жерден көтеріп алып кеп, мәпелеп жүргеніммен шаруасы жоқ. Шақша қолында болғанда соны маған жібермекші ғой баяғы. Әлде түбімен сабап ала ма кім білсін?  

Ыстық суды бірден толық ағытып, салқынын аздау жібердім бе, әлде аға келе ыстық су молайып кетті ме, илікпейтін аяғы құрымағыр қызарып қалды. Бірақ, күйген жоқ. Күймегенмен, әйтеуір Зекең бір шырқырауын шырқырады.

Сөйтіп, мен де шақша жей жаздағаным бар.

Оборон

Зекең біржола мүгедек болып қалатында түйеден бірге құлайтын Әбілмәзін деген түйедей құрдасы бар. Аралда тұрады. Зейнолла десе жанын беретін сондай ақеден құдайдан тілеген қазақы азамат. Аралға табаны тисе болды осы құрдасының үйіне түседі, аяқ жетер жерде қонақта болса, осы үйге келіп қонғанын қалайды. Сонан түн ортасы екен демей, ол кезде көлік тапшы, арқаланып Әбекеңнің үйін бетке алып шұбырынамыз. Зекең денсаулығына байланысты жайларды бөгделерге көп білдіргісі келмейтін намысқой еді. Шақырғанмен әртүрлі сылтаулар айтып, кез келген үйге бара бермейді. Әбілмәзіннің үйіндегі жеңгеміз де жайсаң, мезгілсіз кезде мінгесіп-ұшқасып талай босып жүргенімізде бір қабақ шытқанын көрген емен. Зекең осы үйдің босағасын аттаса болды, әкесінің үйіне келгендей жеңілденіп шешініп тастап аунап-қунап, емін-еркін көсіліп жатады. Өйтпесе, неге келсін? Елу жылдығы тойланғанда да алыстан келген қонақтарын осы үйден аттандырған. «Көңіл көңілден су ішеді», бұл кедей, шаруа жігіттің өзіне деген соншалық адалдығын Зекең де әрқашан айтып, жанына баурап риза боп, сырттай қамқорын соғып отыратын.

Ертеректе – жетпісінші жылдары – осы үйде бейсеубет адам жоқ, өзіміз оңаша отырғанда Зекеңнің балалық шағы өткен Бөгеннің басы, жастық, теңіздің сол кездегі үйрек ұшып, қаз қонып жататын дәуренді кезі әңгіме болып, оның сабағы жігіттердің арғы ауыл мен бергі ауыл боп, жақ-жаққа бөлініп төбелесетіндіктеріне дейін барды. Тыңдап отырсам, сол төбелестің жуан ортасында Зекең де болатын көрінеді. «Ананы өйтіп, мынаны бүйтіп едік қой» дейді кәдімгідей елігіп.  Мүгедек адамды арқалап жүріп адам қалай төбелеседі? Осы жағы күмәнді көрінді де, дуылдаған әңгіме шамалы саябырлаған кезде Зекеңнің көңіліне келмейтіндей етіп «Қалай төбелестіңіздер сонда?» деп қайта сұраймын ғой анықтағым кеп. Сонда Зекең қызып қомпаңдап арқалана түседі:

– Жұрттан қаламын ба, ойынға мен де араласамын. Кейде соңы төбелеске айналады. Мына Әбілмәзін мені арқалап жүреді. Қолым жеткенін ұстап, сабаймын. Әбілмәзін шаршаған кезде «мені тап өткелдің аузына тастап кет, оборонда отырамын» деймін.

– Сонда қалай?

– Теңіздің жағалауынан Бөгенге қайтар жол – біреу-ақ. Сол жерде, жалғызаяқ жолдың қақ ортасында отырып аламын. Мыналар ана балаларды маған қарай дүркіретіп қуады. Мен қолымның іліккен жерінен – балағынан болса балағынан, сирағынан болса сирағынан шап беріп ұстап аламын да жібермеймін. Өзім де ұрамын. Оған дейін бұлар да жетпей ме? – дейді.

Әбілмәзін де, басқалар да онысын көзбе-көз растайды.

Зекең өте қайсар адам еді, қою қара шашы қашан да тіп-тік, едірейіп тұрады, тарақ пайдаланбайды, қолымен тарақтай салады. Өмірбақи аурумен арпалыса жүріп, соншалық білім жинап, қазақ әдебиетіне көп олжа салғанының өзі-ақ оның қайсарлығына айғақ емес пе?

Оны да қойшы. Бәрінен де отырған орнына омалтып тастап кетпей, өздерімен бірге арқалап шығып, онысымен қоймай арқалап төбелестіріп жүрген Әбілмәзіннің көңілін айтсайшы. Қайран, қазақ жаны-ай…

Молотилка

Бір жылдары пәтерсіз қалған Елеусіз бүкіл отбасымен үйіліп-төгіліп Зекеңнің осы Чехов көшесіндегі  соңғы үйінде тұрды. Қазалы жақтан әлдеқандай себеппен келгенмін. Набат апам Бөгенге шалы науқастанып кетті ме, әлде басқа бір себеппен кетті ме, әйтеуір, үйде жоқ екен. Ашқұрсақтау жалақ-жұлақ үш еркек картаны ермек қып отырғанбыз. 

Үйде апамның жоғынан хабардар, Зекеңнің жағдайы болмай жатқанын білетін Қызылорданың өзінде тұратын, үлкен бір мекемеде есепші болып істейтін бір немере ағасы дәл сол сәтте ақынды үйіне шақыра келмесі бар ма?! Көтеріп жүретін бір іні онсыз да керек, енді бірімізді несін тастасын, іздегенге – сұраған, үшеуміз қопарыла көтеріліп дайын машинаға мініп алдық та қонаққа тарттық.

Ас-су әзір, дастарқан жасаулы тұр екен. Жаз айы, күн ыстық болатын. Қоңырсалқын үй, бейсеубет адам жоқ. Бір мезгіл оңаша жайланып, әңгіме-дүкен құрып, жақсы демалып қайттық. Ойда пәлендей ешнәрсе жоқ, көңілдіміз. Кешқұрымғы шай үстінде Елеусіздің әйелі Мейізге Зекеңнің шағынып отырғаны:

– Ойпырмой, – дейді, – келінжан-ай, «ауылыңды шауып шық, жолдасыңды тауып шық» дегеннің не екенін бүгін білдім. Кісінің үйіне өзі адамды абайлап апармаса, болмайды екен. Жердің үстімен барып, астымен қайттым. Менде енді ол үйдің босағасын аттайтын бет қалмады, – деп тоқтап алады. 

Біз соншалық не болып қалды деп елең еттік. Аңқаулық Елеусіздің бір басына жетеді. Кейде бірдеңенің шиін шығарып ап, кейде әзілдің астарын лезде түсіне алмай «А? А?» деп алақ-жұлақ қапалақтап қалатыны бар.

Мейіз болса:

– Не болды, аға? – дейді.

– Бардық. Барсақ бәрі дайын, ас та төк. Көрді ғой мыналар. Дастарқанға отырар-отырмастан әй-шәй жоқ екі жағымнан екі молотилка кірісіп бір берді дейсің. Құдай басқа салмасын. Апыр да топыр, күрс те күрс. Алдымыздағы түгел кетті. Несін айтасың, бұлар енді дастарқанды шайнап тастамаса болар еді-ау деп, ой, құдайым сақтасын, қылпылдап әрең отырдым. Бір кезде ет келді. Жыландары басылған шығар десем, ет те солай. Нағыз молотилканың өзі. Барған құрлы құрсын, өліп қайттым, келін. Жегені де ешнәрсе емес, жесін ғой. Бәрінен де қабырғама батқаны май салған қазанжаппайды жапырақ-жапырағымен көрпенің астына тығып жібергенін қайтесің. Әй, өлдім-ау…

Елеусіз болса көзі аларып орнынан қозғалақтап:

– Қой, Зеке, өйткен жоқпыз ғой, – деп кәдімгідей қызарақтап қалды.

Жабыла күліп жатырмыз.    

Ашығып барған біз бала кезден сүйікті асымыз сары майға шылқытқан ыстық нан – қазанжаппайдың алдында қалай шыдап тұрайық. Өршелене кіріскенбіз да. Сонымызды Зекең аңғарып, әбессінген де сол жерде ескерту айта алмай іштей «бұларды ма?» деп түйіп алған, біз болсақ оңаша отырған соң өзімізді еркін ұстағанбыз.

Кейін қолданудан шығып, жоғалып кетті. Біздің жас кезімізде молотилка деген болатын. Оны, әрине, Зекең де көрген. Қырманның басына апарып қояды. Анадай жерде трактор, трактормен аралық құрмен жалғанып зырқырап айналып тұрады. Сонда молотилканың оқпанына не салсаң да жан қаратпай шайнап, ұнтап, құсып тұратын. Сақадай сай үш-төрт жігіт оқпанға кезек астық атып, ақ тер-көк тер шалдығып жүретін. Адам шыдатпайтын өте өнімді машина еді. Тамаққа тап сондай боп тиіскен болсақ, обал не, Зекең бізді соған теңейді ғой баяғы. 

Бір есек ақша

Зекең айналасындағы інілерінің мінез-құлқын, қабілетін, қарымы мен адамгершілігін, не керек, бар болмысын бес саусақтай тап басып, біліп отыратын. Атап айтуға болмас, қазір қатарда жүрген екі жігіт туралы сонау жылдары әншейін сөз арасында айта салған бағасы бүгінгі күні айна-қатесіз дәл келгеніне кейде өзім де бас шайқап таңданып қоямын. Сол мінез, сол пейіл.

Інілерімен әзілдесіп, қажап, қызықтап отыратын. Қай әзілінің астарында да шындық бар. Мәселен, маған: «Ау, провинция, келіп қалдың ба?» дейтін, «әкім» дейтін. Сонда әзіл астарында «жазбайсың, басыңа пайдасы жоқ шаруаға уақыт өлтіресің, сирек жазасың» тақылеттес мән жатады.

Ертеректе Қызылордаға бір келгенде, осы Өмірзақ Жолымбетовке  көрші Зекеңнің орталықтағы құрқылтайдың ұясындай екі бөлмесінен Чехов көшесіндегі обкомның су жаңа кірпіш үйінен кең пәтер алып, соған көшкенін есітіп, қатты қуандым. Ағаға сәлем беріп, «қоныс жайлы болсын» айту – парыз. «Құл қашса Қоңыраттан шығады», облыс орталығына табаным тисе, алдымен кластас дос Серік Сейітмағанбетовті тауып алатынмын. Ол кезде педагогикалық институттың студенті. Жетім. Елдегі жалғыз ағасы болса өңеш жалаңаш кедей. «Ленин жолына» өлеңін сұрап бастырып, нәпақа тауып беретін Нәсреддин Сералиев ағамыз. «Өзімді асыраған Нәсір ағам» дегенді шығарып жүрген де осы Серік.

Сережа болса қыбыжықтап базарлыққа бөтелке алып барғанымды қалайды. Осы жерде де бастап көріп жіберуге емеурін қылып, мұрынды ерсілі-қарсылы умаждап жұтынып қояды. Түлкі құрсақ мұғалімнің айлығы құрымағыр қайбір аяқ созуға жетіп жатыр. Мен болсам ескерткіш болып тұрарлық бірдеңелерді қош көремін. Ойланып-толғанып, екеуміз тіркесіп жүріп кітап дүкенін біраз аралап, ақыры, ақын ағаның жан жүрегіне жақын теңіздің суретіне тоқтап, соны сатып алдым да, емексіп қалмасын деп Сережаға сыртында «Для стихов» деген жазуы бар сүп-сүйкімді блокнот алып бердім. Бардық арқаланып. Сол жаңа пәтерге отырып, Зекеңнің көзінше сурет сыртына арнау сөз жаздық. Кейінгі оншақты жылда не болғанын білмедім, сол теңіз жағалауының пейзажы ақынның көзі тірісінде қарсы алдында, күйсандықтың үстінде қабырғада ілулі тұрды. Серік блокнотын әрі-бері аударыстырып қызықтап, Зекеңді де қызықтырып көрсетіп отыр. Сонда Зекең:

– Мына блокнотқа өлеңді толтырып жаз. Толғаннан кейін Алматы барасың. Оны кітап етіп шығарасың. Кітап дегенің қыруар ақша. Астананың ақындары кітаппен байып жатыр. Ондай ақшаны өзің де көтере алмайсың, бір есек сатып алып, соған екі қоржын етіп теңдеп қайтасың, – дейді.

Біздің Сережа болса мәз, екі езуі құлағына жетіп, мұрнын тартып қойып қос тізесін сабалап ай бір рахаттанып күледі-ау. Бәріміз де мәз.

Серік өлеңді сирек жазатын. Зекең бір жағынан соны да мегзеп отыр.

Сыпыра сүйіс

Зекеңнің махаббаты турасында бас-аяғын бүтіндеп сабақтай жазу ауыр. Ауыр болатыны бұл кісінің жігітшіліктерінің қай-қайсысы да әу бастан-ақ қасіретпен басталып, тақсіретпен аяқталып жатады. Ақынның осы «мәселедегі» кейбір әрекеттері мен жан толқынына куә болып, сыр бөліскен де жайларым бар-ды. Көңіл шіркін көк дөненге мінуін мінгенмен, «барар жері Балқан тау» боп күйрей беретін-ді. Сабақтауға келмейтіні сол. Бір-жар қызғылықты сәттері болмаса…

Ертеректе, қызық қылайын десе бұ Құдайға оңай ғой, жер-жаһан бір адамға кең, екі адамға тар, Зекең мен Сережа (Серік Сейітмағамбетовті айтамын) бір қызға ғашық боп қалып, екеуара бақталас, біраз кикілжіңдесіп дүрдараз жүрген жағдайлар да болды. Сөйте жүріп екеуі де бірінен бірі ат құйрығын кесісе алмайды, сыйластықтарын үзбей ағалы-інілі қатысып жүре берді. Сережа Зекеңе аптасына бір келмей жүре алмайды, Зекең Сережаны аптасына бір көрмей тағы отыра алмайды. Кейін жол өз-өзінен үш айырылды, әлгі қыз бір жаққа, Сережа бір жаққа, Зекең бір жаққа кетті. Айтайын дегенім де ол емес.

Ақынның аты енді ғана шығып, қызығы басылмай дүрілдеп тұрған алғашқы – әсіресе, алпысыншы жылдары – Қызылордадағы құрқылтайдың ұясындай өтпелі екі бөлмеге жастар ағылып бірі келіп, бірі кетіп жататын. Бұл үй аты аталмаған әдеби отау тәрізді. Ағаға сәлем беріп, әңгіме-дүкен құрысатын, өлең айтады. Зекең оны мандолинамен не домбырамен сүйемелдеп отырады. Бұл төсек тартып жатқан адамға айта қаларлықтай демеу, әрине.

Сондай бір отырыспадан соң сәлемші кісілер лоблып тобымен шығатын болады, ішінде кейін келіп қосылған Серік те бар. Топ еркек-ұрғашы, үлкен-кіші, сүйкімді-сүйкімсізі бар ала-құла болса керек. Қоштасарда жұрт ұмсынып Зекеңнің қолын алады. Сөйтсе, Зекең қолын алған адамды бос жібермей, керектісін де, керексізін де қалдырмастан бетінен сүйетін көрінеді.

– Зекең күнде жанында жүрген мені де сүйді. Уай бір, сыпыра сүйіске тап болып, қарық болдық та қалдық, – дейді Серік санын шапаттап, екі езуі екі жақта мәз-мейрам.

Сол мол сүйістің себебі әлгілердің ішінен Зекеңе еліктің лағындай бір қыз ұнап қалса керек. Ұнағанмен шаруа қиын. Жұрттың көзінше бөліп-жарып сүйе алмайды, еріп кете алмайды, бөлініп өзің ғана қал деп тағы айта алмайды. Жұрт бұ тегін сүйістің төркінін білсе де білмегенсіп, жымия күлісіп кете  беріпті.

Валет қарға

Әу бастан-ақ картаға құлқым аумаған адаммын. Арнайы іздемеймін, реті келгенде ермек үшін жеңіл-желпілерін ойнайтыным болмаса, со шіркіннің майын езіп іше алмай-ақ қойдым. Таңнан таңды атыратын жұрттың қайтіп шыдайтынын қайдам, бір-жар сағаттық ойынның өзі мені мүлде жалықтырып жібереді.

Үш-төрт адам бас құрасып қалып, уақыт өткізе алмай ерігіп отырған кездерде Зекеңмен карта да ойнайтынбыз. Бірде Сережа (Серік Сейітмағамбетовті айтамын. Зекең де оны Сережа дейтін) тағы бір елдің жігітімен отырғанда төртеуміз уақыт өткізбекке кәдуілгі қысыр ойын – подкиднойға кірістік. Отырысымыз солай болды да, мен Зекеңмен жақпын. Әрі ойнадық, бері ойнадық. Алдында ұтыңқырап, одан кезек-кезек итжығыс түсіп, ақыр аяғында көбіне біз ұтыла беретін болдық. Оның басты себебі жалыққан мен салақси бастадым. Алғашқыда көңілді отырған Зекең ұтылған сайын күйгелектене берді. Ойын аяғында қыруар дүниесі тәркіге кеткендей тас-талқан тал берені шығып, картасын лақтырып ашуланбасы бар ма?!

– Әй, сен өзің қандай адамсың? – дейді маған. – Валет қарғаны неге жүресің? Оның дамасы түу бағана кетіп қалған жоқ па? Не бағып отырсың? Осындай да ойын бола ма? Ойнаған соң дұрыстап ойнамайсың ба?!

– Кетсе кеткен шығар… Қайдан білейін, – деп жұмсартқым келеді. – Талай карта кетіп жатыр ғой.

Оған көне қоятын Зекең бе, тіпті «білмейтінің бар неге ойнайсың?» деп өзіңе пәле жауып өршелене түседі. Сонан картадан қашып шықтым. Сонда да сол күні күнұзақ Зекеңнің мүлде көңіл-қошы келіп болмады.       

Сол бір болмашы оқиғадан кейін шатасып жатам ба, деп онымен мүлде карта ойнамайтын болдым, ойынға ыңғайласа бастағаннан әрқилы дәлел айтып сырғақтап, пәлелі жерден аулақ отырамын.

Ойға алған шаруасының қандайына болса да соншалық құштарлықпен жанын сала кірісетін кісі еді. Бұған дәйек те, дәлел де мүлде көп. Тегін ойын – картаның өзіне болып отырғаны анау. 

Зин… Зина… Зейнол

Осағаңмен (Оспанхан Әубәкіровты айтамын) қашан, қай жерде, қалай танысып жүргенін Зекең айтқан да болар, бірақ, дәл қазір есімде жоқ. Бұл кісі Осағаңды кәдуілгі күнбе-күн аяқ-табағы араласып жүрген адамындай өте жақсы көретін, творчествосын жоғары бағалап, жанына балап қатты сыйлайтын-ды. Сондай бір жайға куә болып қалғаным бар…

Бірде екеумізден өзге жан жоқ, оңаша жайбарақат әңгімелесіп отырғанбыз. Телефон шыр ете түсті. Көтерді. Сөйлесті. Сол-ақ екен мәз-мейрам боп, арғы жақтағы кісімен әмпай-жәмпей шұрқырасты да қалды. Үзік-үзік әңгіме жұқанасы менің де құлағыма шалынып түсіне бастадым. Осағаң екен. Телефон шылдыры Алматы емес, осы қаланыкі. Қандай шаруамен жүргенін білмедім, түсінгенім, әйтеуір, қасында адамы жоқ, бір өзі.

– Зейнол, бір жарты сағаттан кейін саған барамын! – деген ірі дауыс бар.

– Тездет!

Зекеңнің күнделікті үйге жұмсайтын қаржысы жанында, төлқұжатының арасында болады, телефон тұтқасын қойған соң көрпенің астынан соны алып, апама Алматыдан келген қонаққа дайындала беруге тапсырма берді. 

Ендігі әңгіме Осағаң жаққа айналып, Зекең менің мұрныма қолын созып, бейнебір танау ішіндегі мұртты өзі жұлып алғысы келгендей: «Сіз мұрынның ішіне мұрт қойғансыз ба? Жұрт иегіне қоярға қылшық таба алмай жүргенде сізді мұрын ішіне мұрт қойып, не әкетіп барады?» – деп, әй бір айызы қана түйіліп күлсін келіп, күлсін. Оны тастай бере сол мәз-мейрам күйі «Республиканың чемпионы, ұрып жыққан он түйені» жатқа айтады. Әсіресе, лақтың кейпін келтіргенде жаны кіріп, сал боп жатқан бөксесіне дейін қимылдап жеңілденіп ойнай жөнеледі. Жоқ жерден концерт табыла кетті.

Тамақты қонаққа қаратып, әңгімемен уақыт созып қаңтарылып күтіп отырмыз. Осағаңның өзі жоқ, бірақ тағы телефон шалады.

– Ау, не болды? Қашан келесің? Бізді қаңтарып қойдың ғой…

Арғы жақтағы дауыс бағанағыдан да ірі, күжілдеп шығады.

«Міне, шықтым. Жолда келе жатырмын» дегеніне қарағанда, менің түсінігімде әлгі отырған үйінен шыққан, жолда телефон-автоматтан соғып тұр. Онсыз да жатқан адам  күтпей қайтеді. Күттік. Тағы да біраз уақыт кетті. Жары жолға келіп қалған қонақ әлі жоқ… 

Телефон тағы шылдырайды. Бұл – төртінші, әлде бесінші қоңырау.

– Зин… Зина деймін! Мен келе жатырмын. Кейіме енді… Жаяу келе жатырм…

– Иә, тыңдап тұрған Зина деген қарындасың болад…

Одан бетер жаны қалмай көзінен жас аққанша буынып қиқылдап рахаттанып күлсін келіп, күлсін.

– Зина ай қарағандай жолыңызға қарап отыр, алматылық ағай, – дейді қыздың дауысымен. Тегін концерттен несі кем?!

– Зин дейм! Ах, Зин! Жолда келе жатырмыз. Жолда дейм. Қазір міне. Кейіме енді. Жеттім, міне. Зина… Зина…

Кейін барып түсіндік. Осағаңның жолда келе жатқан түгі де жоқ, әлсін-әлсін телефон шалып, сол үйде үйелеп әлі шыға алмай отыр екен. Телефонды әр шалған сайын дауыс үстемелене, бұрынғыдан да жуанта түседі. Зекең болса, әр сөйлескен сайын шықылықтап рахатқа батады да қалады.

Көк жорғаны ерттеп мініп, алдына мың қой салған қонақ, ақыры, жетті-ау. Бұрын келіп жүр ме, әлде жаңағы отырған үйдің иесі есік аузына әкеліп салды ма, ол жағын біле алмадым, әйтеуір, Осағаң есіктен жалғыз кірді. Екеуі апақ-шапақ болды да қалды.

Өмір бойы науқас атаулының не түрімен арпалысып, сал боп жатқан адам көрінгеннің еркелігін көтере ала ма? Сіркесі су көтере ала ма? Ал, жандүниесі қабысқан творчество адамының өзі ұнатқан кісісінің еркелігі мен базыналығын Зекең бір адамдай-ақ азаматтықпен көтере білетін.

Ана-жүрек

Дүкенші әрі молда, сыбағалы түрмесіне отырып қайтқан қараторы төртбақ Әнәпия қарияның бәйбішесі, Зекеңнің анасы Набат кәдуілгі қазақ әйелдерінің соңғы тұяқтарының бірі еді. Жаны жайсаң болатын, талантты, инабатты, үлкен жүректі, міне, ана осындай болмақ деп кім-кімге де мақтана көрсетуге тұрарлық кісі-тұғын.

Баласы мертіккелі талай жыл шыбын жаны шүберекке түюлі жүрді. Әнекең болса түрмеде, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кез, қайран күтер адам шамалы. Сонан жан перзентін арқасына салып алып, жаяу-жалпылап бармаған бақсы-балгері, көрмеген дәрігері қалған жоқ. Арал, Қазалы өңіріндегі аяқ жетер жерді түгел адақтады. Болдырып барып, ақыры үміт үзіп тынған.

Қызылордадағы кейінгі үйде қара күйсандық тұрды. Өмір бойы ондайды көрмей өскен адам сол күйсандықта «Қамажай», «Үкілім-ай» тақілеттес бірсыпыра халық әндерін орындайтын. Топқа түспейді, оңашада ғана баппен кәдімгідей күйіне келтіретін.

Зекең дегенде жаны жоқ еді. «Мен олай-бұлай бола кетсем, күйі не болады? Жағдайын кім жасайды?» деп үнемі жаны тырнағының ұшында жүретін. Бірі келіп, бірі кетіп жататын сан-сапалақ қыздардан қызғанатын. Солардың арасынан күндердің күні баласына қарайтын, оның жағдайын өзіндей жасай білетін келін таба алмай пұшайман болатын еді.

Бәлкім, сол уайым түптеді ме екен кім білсін, оқиға ақыры апамның өзі қауіп алғандай болды да шықты. Қызыл өңештен ас жүрмейтін обырға ұрынды. Адам жігерінің, төзім мен перзентке деген махаббатының мықтылығына қараңыз, күнделікті үш мезгіл бір дастарқаннан ас ішіп отырып, күйреп кетеді деп науқасын Зекеңе екі әлде үш ай бойы сездірмей жүрді ғой. Шындық қашанғы ашылмай тұрсын, ақыры білініп тынды. Онда да Зекеңнің өзі сезіп қалғаннан кейін ғана анықталды. Бір барғанымда уайымға қатты батып, әбден болдырып отыр екен. Дегенмен, амал нешік, қашанда тағдырдың ғана қалауы болады. Қолдан келер шара жоқ.

Талай емнен нәтиже болмай іс әбден насырға шапқан соң апам туған жерде қалайын деп, баласын көндіріп, Бөгенге тартты.

Маған хабарлаған, Зекеңнің өзі алып келе жатқан болатын. Апама сәлемдесіп қалғалы Қазалыдан поезға шықтым. Қария жүдеу, шаршаңқы. Зекеңнің күйі одан да әрі. Сол жолғы есімде тайға таңба басқандай мықтап қалғаны, апам бұрынғысындай емес бой жазып, шамасы жеткенше қунап, еңсесі көтеріліп сергіп отыр екен. Неге дейсіз ғой.

– Қала, қала дейді осылар… Міне, көрмейсің бе, Төретамнан бері шыққалы кәдімгідей сергіп қалдым. Туған жердің желінің өзі қандай десейші, ауасын айтсайшы, – деп құштарлана дем алып көтеріліп сергіп отыр.

Шынында да сол күн сәл желқом болатын.

Бұл апамның соңғы сапары еді. Қарғасы үшін торға түскен торғайдай пәленбай жыл бойы қаланың тас қабырғасына еріксіз қамалып жүрген кеңпейіл дала адамының ақтық сөзі, сағынышы, ештеңеге теңеуге келмейтін кіндік қаны тамған жерге деген махаббаты болатын. Бұл жерде оның бейнетке толы бар қызығы, жастық шағы өткен.

Поездан бей-жай боп қатты бұзылып түскем. Қолынан талай дәм татып ем. Бір де бір рет қабақ шытқанын көрген де, сезгем де жоқ.

…Кейін Алматы келгенде Зекеңнің өзіне қоса, жүз бе, құдай-ау, екі жүз бе килограмм тартатын қызыл гранит құлыптасты осы Өмірзақ Жолымбетовтың көмегімен көтеріп қайтқанмын. Жаны жәннатта болғыр абзал анаға салған бір уыс топырағым сол ғана.

Ләк-ләк

1977 жылы Зекең елуге толды да бұдан заманның да, пейілдің де әлдеқайда кең кезі, мерей облыс болып жұмыла тойланды. Алматыдан ескі жанашыр достары Мұзафар, Қасым, Қабдыкәрім, Сағи бастаған арқалы топ арнайы келіп, той айтарлықтай ажарлана түсті. Қабекеңнің әнінің өзі неге тұрады…

Бір науқас екінші науқасқа ұласып, үнемі қыл үстінде отыратынынан хабардар мен азаматтың елеулі бір белесі – елу жылдықты көре алар ма, көре алмас па екен деп қыпылдап жүретін едім, бұған, әрине, қатты қуандым. Реті келгенде осындай қаупім болғанын оңашада өзіне айттым да. Арал мен Қазалыдағы мерекелерге түгел қатыстым, ұйымдастырылуына разы болдым.

Аудан басшыларына ескертіп, мұрсат алып, бұрын да үйде талай болып жүрген ағаны той үстінде отбасынан дәм татқызбақ ұйғарымға келгенмін. Шама-шарқымыз жеткенше дайындалдық. Зекеңнің олай-бұлай аунап еркін жатуына ыңғайлы болсын деп дастарқанды жерге жайғыздым.

Той болған соң қыздырма қалсын ба? Көңілі көтеріңкі, туған жерінде аунап-қунап қанаттанып жүрген Зекең де аздап алып қояды. Сөйтемін деп Қармақшыда дәрігердің араласқанын да олармен хабарласып есітіп отырмыз. Іштей қауіпсіз де емеспіз. Көріскен кезде жасырған жоқ, Зекең ондағы жағдайды өзі де айтты. Той иесі тартынғанмен әлеукендей жалаңдаған басқалар бар, ішпейтін ауыз ішетін ауызды байламайды. Біздің елде дастарқанда отырған жұртқа алдыртқызып қою міндеті де сөйлеуші мен асабаға жүктелетін зорлықшылдау салт бар. Сондай бір сәтте аудандық партия комитеті қызметкерінің бірі араласып жүрген аға сыбағалы сөзін сөйлеп, өзі төңкеріп тастады да:

– Әркіммен жағаласып отыра алмаймын. Осыны алмаған адам бар-ау ләк-ләк болсын, – деп «қарғай» салды.

Бұл жайшылықта, бастықтар ауданда жоқ кезде бастаңғы жасағанда, өзара бас қосқан кездерімізде есітіп жүрген сөзіміз. Өзімізге түсінікті, әзілге айтылатын мағынасыз әншейін бос сөз. Жұрт қобырлап жатқанда шала есітті ме, әлде мынау сөздің ауырлау мәні бар деп ойлады ма, аудандық атқару комитетінің төрағасы:

– Ол не? Ләк-ләк деген не? – деп емініп жан-жаққа алақ-жұлақ етті де қалды.

Жұрт жамыраса күліп жатыр. Сөз иесінің төрағамен бір-екі жас қана айырмалы құрдастығы бар болатын. 

– Ләк-ләк деген ләк-ләк, – деп мағынасын ашпай құпиялы бір асыл сөздей-ақ одан бетер пұлдап жұмбақтай түспесі бар ма?!

Төраға қалқанқұлақ, жаңғалақтау, аңқаулығы бір басына жететін жұқалтаң кісі еді.

– О не деген? – деп енді жалпақ жұрттан сұрады. Балаша қызықтап, шынымен-ақ білгісі келіп отыр. Былайғы жұрт жымың-жымың етеді.

Қызмет жасап отырған мен шыдамай төрағаға әбден түсінікті болсын деп:

– Ләк-ләк болсын деген жергілікті кеңестің депутаты болсын деген тілек қой, – деп «анықтап» өзіне жақындатып бердім.

Онсыз да күлуге сылтау таппай отырған жұрт жаппай жапырылды. Осының бәрін көріп отырған Зекең халайық сәл сабыр тапқанда:

– Кім де болса депутаттыққа қолы жетпей жүрген пақыр екен, – дейді әзілге астарлы мағына беріп. Төраға сонда «Ә…ә…солай ма?» деп бірдеңе ілгендей болды.

Тр…Тр… Трактор

Сол жолы, Зекеңнің елу жылдық мерейтойына орай, шаруашылықты аралатып, бала кезінде болған жер, суын көрсетіп, Сырдың көк шалғынына аунатып бой жаздырып жүрдік. Ана төбені, мына арық, ана қасқа жолды танып, балалық қиын кезеңдерді еске алып, соларға байланысты естелік әңгіме өрбітіп, шынында да бір жасап қалған-ды.

«Жылқы – кісінескенше, адам – сөйлескенше», ақынның шашбауын көтеріп жүрген топ бірте-бірте сұрыпталып, үш-төрт дастарқаннан кейін бойлары үйренісіп жақындаса бермей ме… Ресми жағы бой жаздырмайды, ал оңашалана келе адам өзін емін-еркін ұстайды, жарасымды әзіл-қалжың мерей тасытады. Күлкі – той сәні. Зекеңе бір керегі – сол.

«Құмжиек» кеңшарындағы мектеп директоры Ақаттың үйінде отырғанымызда сөз сөйлеудің ресми пошымы жалықтырып, әркім отырған орнына қарай үлкен-кішілі демей тізбектесе сөйлеуге – тост көтеруге келістік. Өзі ақынның тойы болса, дастарқан басында да баршама ақын отырса, бір ауыз қара өлең шығара алмайтын қазақ екібастан жоқ, тойдың буы тағы бар, тәуекел деп соған келіскенбіз. Әркім өзінің тиісті сөзін сөйлейді, сөйлеп болған соң оң жағындағы кісіге кезекті сөзді бір ауыз өлеңмен береді. Қызмет баққан кісілерден нендей өлең шыға қойсын. Олар қиқы-жиқы, быжырық-тыжырық шығып, күлкіге кенеліп, мәз-мейрам отырғанбыз. Табан астынан өлең шығарған адам оны сұлу, ойлы, ұйқасты, асқақ еткісі кеп те тыраштанатыны тағы бар.

Кезек маған келді. Көп ойланып, әшекейлейтін несі бар, өзі де, сөзі де, ұйқасы да дап-дайын. Сөзімді сөйлеп боп:

– Тр… тр…трактор,

Сөз алады редактор, – деген «өлең» шығарып, сөзді оң жағымдағы аудандық газеттің бас редакторы Сейіл Боранбаев ағамызға бердім. Жұрт жапырыла күледі, әрине. Зекең болса:

– Әне, өлең деп осыны айт. Әрі қысқа, әрі нұсқа, – дейді мәз болып.

Алғаусыз қатты күлгенде көзінен жас ағып, қиқылдайтын да қалатын. Көзілдірігін алып, жұдырығымен аңғалағын сүртіп жатты.

Молдахмет Қаназ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<