«Алда үлкен міндет тұр»

383

0

 – Қазақстан кубогының финалына шыққандарыңыз құтты болсын! Бұл 20 жылда қайталанған жетістік екен…
– Рахмет. Көптен күткен жеңіске көпшілікпен бірге қол жеткіздік. Мұның ішін­де ең алдымен қолдау көр­се­тіп келетін облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының, фут­болшылардың, бапкерлердің, барша жанкүйерлердің еңбегі бар. Өздеріңіз білесіздер, 20 жыл бұрын «Қайсар» Қа­зақ­стан кубогының финалында ойнап, өскемендік «Востокты» жеңіп, кубокты Қы­зыл­ордаға әкелген болатын. Енді осынша жылдан соң осы жетістікті қайталауға мүм­кіндік туып отыр. Финалға оңай­лықпен жеткен жоқпыз. Ақ­тық сынға дейін премьер-лиганың үздіктерімен ойнап, жарыс жолынан тайдырдық. Жартылай финалда жеңістің қалай келгенін көрдіңіздер. Соңғы секундтарға дейін үміті­мізді үзбей, «Тобылмен» тай­талас­тық. 12 жыл бұрын ел ку­бо­гының жартылай финалын­да қос­танайлық ұжымға есе жі­беріп алған едік. Кеткен есе­міз қайтты деген ойдамыз. Сәтін салса, 22 қыркүйекте «Аты­рауды» жеңіп, кубокты Сыр еліне жеткіземіз деп ойлаймын.
– «Атырау» командасымен бұған дейін де ойнадық. Шешуші сәт қалай болар екен?
– Әрине, кубок­ты алуға мүмкіндігіміз жетеді. Десе де, «Атырау» оңай шағылар жаң­ғақ емес. Қарсыласты дұрыс бағаламау – үлкен кемшілік. Финалға әлсіз команда жет­пейді. Оның үстіне қар­сы­ла­сымыз қатарынан үшін­ші мәрте ақтық сынға жетіп отыр. Бірақ мұндай нәр­се­лер бізді алаңдатпайды. Оның үстіне алғашқы турдағы кет­кен есені қайтарғымыз келеді.
– Біздің ойыншылардың арасында Тигран Барсегян мен Куле Мбомбоның ше­берлігін көріп жүрміз. Ко­мандада басқа қандай мықтылар бар?
– Команданы бөліп жарудың қажеті шамалы. Өйткені әр ой­ын­ның қорытындысына алаң­­­­дағы 11 ойыншы жауап­ты бо­ла­ды. Мысалы, біздің барлық позициядағы футболшылардың шама-шарқы өзгелерінен бір саты жоғары деп айта аламын. Әрине, голды көп соғатын ойын­­шыны кім ұнатпасын?! Бірақ, шабуыл бар, пас беру бар – әрбір гол көпшіліктің үле­­­­­­­сімен салынады. Сіз атаған ойын­шылар шабуылға етене араласатын футболшылар. Сон­­­­­дықтан олар гол соғып, ха­лық қошеметіне бөленіп жатады.
– Кубоктан бөлек, премьер-лигадағы болжам қан­дай?
– Кубоктың финалына өттік екен деп премьер-лиганы ысырып қойған жоқпыз. Сондықтан біріншіліктің негізгі аламаны саналатын чемпионатта жоғары орынға ілігуді көздейміз. Сол себепті үздіксіз жаттығу жұ­мыстарын жүргізудеміз. Қазір біріншіліктің қызған шағы. Барлық командалар қалыпқа келді. Қай-қайсысымен жолық­саң да оңай ұпай ұстатпайды. Дегенмен, әр ойында жеңіс үшін шығып, мақсатымызды жүзеге асыруға күш жұм­саймыз.
– Кейінгі жас толқын туралы пікіріңізді білсек…
– Қазір «Қайсардың» әр жасқа арналған футбол үйір­месі үздіксіз қызмет етуде. 2001 мен 2011 жыл аралығында туған жеткіншектер шеберлігін шыңдауға болады. Жақсы футболшы болып қалыптасуға бап­керлердің біліктілігі жет­кі­лікті. Бүгінде 26 бапкер ең­бек етіп келеді. Көбіне ауыл балаларының футболға келуі қиындық тудырып жа­тады. Сол себепті былтырдан бас­тап аудандардан клуб­тың ака­­демиясын ашуды қолға ал­дық. Мәселен, Қаза­лы ауданында үйірмеміз жұмыс істейді. «Қайсар» сапын­да­ғы Мақсат Байжанов, Асхат Тағыберген, Думан Нәр­зіл­даев сынды ағаларына қарап бой түзеп келеді. Біздің ор­та­лықтан қазақ футболының мақ­таныштары шығарына сене­мін. Қызылорданың брен­діне айналған клубымызға соң­ғы жылдары қолдау ерекше. Клуб тарапында ешқандай мұқтаждық жоқ. Футболшылар үшін бар жағдай жасалған. Қолдау барда нәтиже болатыны анық.
– Алдағы ойындарда да жеңіс тілейміз.

Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН,

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<