Бауыржан Рақышев, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы: «Отандық медицинаның қауқарлы екенін дәлелдеп келеміз»

3819

0

Кардиохирургия – жаңа технология мен күрделі әдіс-тәсілдерді ұштастырған медицинаның бас­ты бөлігі. Бұл салада кәсіби әлеуеті жоғары, терең білім мен еңбекқорлық, іскерлік қабілетті біріктірген, уақытпен есептеспейтін, өмірін осы жолға арнаған медицина маманы еңбек ете алады. Сондай үздік кардиохирургтардың бірі – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Сыр перзенті Бауыржан Рақышев.

Жуырда А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Алдабергенұлымен  әңгімелесудің сәті түсті.

– Бауыржан Алдабергенұлы, өткен жыл дәрігерлерді кәсіби тұрғыда сынаған өте күрделі кезең болды. Кардиохирургия – кез келгеннің жүрегі дауаламайтын сала. Таңдауыңызға өкінген кезіңіз болды ма?

– Бұл мамандық таңдауда саралай келе қабылданған шешім десе болады. Сондықтан ондай сәт болған емес. Кардио­хирургия – адамнан үздіксіз ізденіс пен жүйелілікті талап ететін күрделі сала. «Білім инемен құдық қазғандай» деген теңеу де тура медицинаға арнап айтылған секілді. Дәрігерге жаңа технологияны үйрену, емдеудің тиімді тәсілдерін іздеуді ешқашан тоқтатуға болмайды. Әрбір дәрігер тосын жағдайларға әуел бастан дайын болады әрі тәжірибе арқылы кәсіби біліктілігі жылдар бойы шыңдала түседі.

– Елімізде тұрғындар жүрек-қан тамырлары ауруларының қай түрімен жиі ауырады?

– Сәби құрсақта жатқан 4-5 аптада жүрек жұмыс жасай бастайды. Ол – адам дүниеге келіп, өмірден өткенше үздіксіз соғып тұратын ең негізгі мүше. Жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары – дүниежүзіндегі өлім-жітімге, мүгедектікке алып келетін негізгі себеп. Сондықтан бұған байланыс­ты көптеген бағдарлама жүзеге асты. Бас­ты мақсат  – осы аурулардан туындайтын өлімді және мүгедектікті азайту. Сол арқылы адамның өмір сүру ұзақтығын немесе орта жасты ұлғайтуды көздейді. Бағдарламалар нәтижесінде облыс орталық­тарында кардиологиялық және кардиохирургиялық, республикалық маңызы бар қалаларда ғылыми орта­лық­тар ашылды. Қазір жүрек-қан та­мырлары жүйесі ауруларын Қазақстанда емдеуге болады. Мұндай операциялардың барлығы елімізде жасалады. Жүрекке қатысты қандай да бір ауру кенеттен туындағанда да көмектің бәрін алуға мүмкіндік бар.

Жалпы жүрек-қан тамырлары жүйе­сінің аурулары бірнеше салаға бөлінеді. Жүректің ишемиялық, созылмалы ревма­тикалық ауруынан пайда болатын жүрек қақпақшаларының кеселдері жиі кездеседі. Сонымен қатар қолқа тамырының аурулары, созылмалы жүрек жетіспеуі және де жүрек ырғағының бұзылысы сияқты кеселдер науқасты аса қиын жағдайға ұшыратады. Келесі кезекте – туа пайда болған жүрек ақаулары. Күрделі туа пайда болған жүрек ақауы бар нәрестеге уақытылы ем немесе операция жасалмаса, ол өмірінің алғашқы кезінде-ақ жан тапсыруы мүмкін. Қазір елімізде барлық операцияны жасауға мүмкіндік туып, қаржы бөлініп, орталықтар құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілге­нінің арқасында көрсеткіш жақсарып, орташа өмір сүру ұзақтығы көтеріліп келеді. Орта жас 72 болса, денсаулық сақтау саласының алдында енді мұны 75-ке ұлғайту мақсаты тұр. Бүгінде жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларын емдеуге және алдын алуға бағытталған негізгі бағдарламалар орта жас ұзақтығын ұлғайтуға көмегі тиді деп айта аламыз. Қазақстанда айталық, жүрек трансплантациясы, жасанды жүректі орнату, жасанды сол немесе оң жақ қарыншаны орнату деген мәселелер шешімін тапты. Әрине, алда атқарылар шаруа көп.

– Коронавирус инфекциясының жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын науқастарда салдары қандай болды? Алдағы уақытта адамдар вируспен өмір сүруі мүмкін дегендей тұжырымдар да айтылды…

– Әлемді түгел қамтыған коронавирус үнемі қалуы мүмкін екенін шетелдік және отандық ақпарат көздері таратуда. Оны уақыт көрсетеді. Қазір вирустың өзі мутацияға ұшырап, түрін өзгертіп жатыр, сондықтан оның көріністері де әртүрлі болады. Коронавирустың ағымы жүрек-қан тамырлары жүйесімен ауыратын адамдарда ауырлау өтеді. Өлім-жітім де көп болуы мүмкін. Коронавируспен күрестің басталғанына да бір жылдан асты. Сондықтан көптеген тексеру, статистикалық мәлімет, түрлі елден жиналған ақпарат әлі бір жүйеге келтірілу үстінде. Екпе мәселесі де қолға алынуда. Сарапшылар тұжырымдарын айтып жатыр, меніңше толыққанды нәтижеге әлі жеткен жоқ. Науқастарда кейіннен пайда болатын асқынулар да болуы мүмкін. Әзір жедел кезеңімен кездесіп жатырмыз. Салдары қалай болады? Оны білуге әлі уақыт керек.

– Коронавирус жұқтырған науқасқа ота жасадыңыз ба?

– Белгілі тәртіп бойынша ауруханаларда ковидтік орталықтар жасақталғаны белгілі. Біздің орталық еліміздегі ең басты әрі алдыңғы қатарлы хирургиялық ғылыми орталық болғандықтан, күнделікті жұмысты жалғастырдық. Қанша күрделі кезең болғанымен, хирургиялық көмекті қажет ететін, жағдайы ауыр кісілер пандемия өтіп алсын деп күтіп тұрмайды ғой.

– Біздің елдің медицинасы көбіне дерттің салдарымен күресетін секілді. Аурудың шығу тарихын, түпкі себептерін іздестіресіз бе?

– Әрине, науқаста дерттің шығу себебі міндетті түрде зерттеліп, анықталады. Кез келген аурудың алдын алу – үлкен мәселе. Жалпы ауруды болдырмау қан қысымының төмендеуі немесе жоғарылауына әкелетін себептермен күресу, дұрыс тамақтану, өмір салтын ұстану деген секілді қарапайым ғана дүниелерден басталады. Ағзамызға дұрыс қарым-қатынас жасамайтын бол­сақ, ол кез келген уақытта жұмысынан жаңылуы мүмкін. Мысалы, тұмау ауруының асқынулары жүрекке әсер етеді немесе баспаның (ангина) асқынуы ревматизмге ұласып, жүрек қақпақшаларын зақымдауы мүмкін. Ишемиялық жүрек ауруларына келсек, алғашқы кезекте қан қысымы мен қандағы қант деңгейін қадағалаған дұрыс. Мүмкіндігінше майлы тағамдарды шектеп, зиянды әдеттерден аулақ болып, күнделікті режимді сақтап, артық салмақты азайту керек. Артық салмақ – жүрекке үлкен жүктеме.

– Адам бойында қандай белгілер болған кезде дәрігерге шұғыл қаралу керек?

– Бірінші кезекте төс сүйегі артының күйдіріп ауру сезімі туындап, оның жауырынға, сол қолға немесе жақтың асты, мойынға таралуы. Мұны жедел коронарлық синдром деп атайды. Бұл – жүрек инфарктінің алғашқы белгілерінің бірі. Оған қосымша адамда қорқыныш сезімі пайда болып, денеден суық тер шыққан жағдайда көп қозғалуға болмайды әрі жедел түрде дәрігерге хабарласу қажет.

– Елімізде жүрекке бұрын жасалмаған миниинвазивті операцияларды жасайтын санаулы маманның бірісіз. Бұл опера­цияның тиімділігі қандай?

– Жалпы медицина оның ішінде кардиохирургия бір орында тұрмайды, үнемі даму үстінде. Шетелде жаңа емдеу әдістері пайда болса, ел медицинасына да енгізуге тырысамыз. Жүрекке операция негізінен көкіректі кесіп, ашу арқылы жасалады. Миниинвазивті операция көкіректі толық ашпай, қабырға арасынан кішкентай тілік немесе тесу арқылы видеокамера, медициналық құрал-жабдықтар көмегімен орындалады. Әрине, жүрекке жасалатын бүкіл операцияны олай жасауға болмайды, ондай кезде көкіректі ашамыз. Минизвазивті операция адамды қатты жарақаттамайды әрі науқастың реабилитациялық қалыпқа келуі де тез болады. Ауруханадан шығуы, қалыпты өмірге оралуы тезірек жүреді.

– 1987 жылы 23 сағат бойы жүрек ауыс­тыру операциясын жасаған поль­шалық кардиохирург Релига Збигневтің операциядан кейінгі фотосы әлемге тарады. Өте шаршаңқы кел­бетінен кардиохирургтің әр қимылы ма­ңызды екенін, оның сол кездегі халін ұға түстік. Мұндай операция­лар жиі жасала ма?

– Жалпы операцияның орташа ұзақтығы 3-4 және 5 сағатқа созылуы мүмкін. Ұзақтығы жағынан 16-20 сағатқа созылған операция­ларымыз болды. Бірақ, мұндай ұзақ уақыт алатын жұмыс күнде қайталанады дей алмаймын. Жүрек операцияларының әртүрлі сатысы бар, сондықтан уақыты да әртүрлі. Қолқа тамырларының жарылуы секілді жедел жасалатын операция ұзаққа созылуы мүмкін. Кейде бір адамға операция күрделілігіне байланысты бірнеше рет жасалады. Ал, 10-12 сағат бойы операция жасау қалыптасқан жағдай әрі бізге айтарлықтай қиындық тудырмайды. Кардиохирургтің жұмыс барысындағы міндеті – операцияны дұрыс жасап, адам өмірін сақтап қалу. Мұндай кезде бізде басқа мақсат та болмайды, бар назарыңды операцияға аударып, уақытқа да қарамайсың.

– Елімізде сырттан келетіндерден гөрі, сыртта емделетіндер көп. Медициналық туризм жолға қойылды дей алмаймыз…

– Медициналық туризмнің жандануы – өз уақытымен болатын жағдай. Қазір халықтың отандық медицинаға деген сенімі, көзқарасы жақсы. Біз өз жұмысымыз арқылы отандық медицинаның қауқарлы екенін көрсетіп келеміз. Сондықтан ел тұрғындары ғана емес, шетел азаматтары да емделуге келеді. Алайда, азаматтардың шетелге кетіп, емделіп жатқанын да жоққа шығаруға болмайды. Мұндай тұрғындарда «Медицина басқа мемлекеттерде жақсы дамыған» деген секілді сенім  болуы мүмкін. Біздің нарыққа кіріп, шетелдің медициналық орталықтарын жарнамалаушылардың да бары шындық. Бірақ, осыған қарамастан, қазір операциялардың барлығы елімізде жасалатынын қуана айта аламын. Шетелге шығып, ем іздеудің қажеті жоқ. Барлық керекті жағдай отандық медицинада қарастырылған. Бұл – еліміздің тәуелсіздік кезіндегі жетістіктерінің бірі.

– Қазір шетелдік дәрігерлер туралы кинолар танымал. Олар өздерінің медицинасын жарнамалап та жатқан секілді…

– Біздің елде де дәрігерлерге ­байланыс­ты түсірілген телесериалдар бар. Бірақ, мемлекет жабық емес, ашық. Жаһандану кезінде басқа мемлекеттің ақпаратын кіргізбей қою, тоқтау салу мүмкін емес. Ғаламтор арқылы әлемнің қай елінің болса да медицинасы туралы ақпаратты оңай табуға болады. Сондықтан дәрігерлердің жұмысы бәсекеге қабілетті болуы керек. Медициналық туризмнің дамымауы, ақпараттың көбеюі не жетіспеуін бір ғана саланың кінәсі деп айтуға болмайды. Кино – үлкен күш. Медицина саласындағы өз ісінің үздіктерін негізгі кейіпкер ретінде алып, тіпті өзін де қатыстырып, халыққа жұмысты дұрыс көрсете білсе, оның да көмегі тиер еді. Шетел кинолары, қанша дегенмен, адамға ой салады. Бізде халық саны салыстырмалы түрде көп емес. Бірақ сонда да азаматтардың шетел медицинасына жүгінуі экономикамызға тиімсіз. Қаржы ел ішінде қалуы керек. Ең бастысы, ел медицинасын дамыту үшін дәрігерлер аянбай жұмыс жасауы қажет.

– Әр аурудың психологиялық себептері бар дейді мамандар. Жүрек ауруларының психологиялық себептері болуы мүмкін бе?

– Кейде адамдар өзінде жоқ ауруды бар деп ойлауы мүмкін. Мұның да негізі көмегі тиеді. Шағымдану арқылы пациент дәрігерге дер уақытында қаралатын болса, оның шынайы ауруын табуы мүмкін.

– Кардиохирургтің бір күні қалай өтеді?

– Жұмысқа таңертең 07:00-де келемін. Бұрыннан солай қалыптасқанмын. Алдымен бөлімдегі дәрігерлермен жиналыс өткізіп, науқастарды қарап, жағдайымен танысқан соң, сол күнгі операцияға дайындаламыз. Операцияға дейін кеңестер өткізіледі. Мұнан соң, кардиохирургия, жансақтау бөліміндегі науқастардың жағдайын біліп, ем тағайындап, жаңадан келген пациент­терді қабылдаймыз. Сонымен қатар орталықта дәрігерлер ғылыммен де айналысады. Бұл, жалпы, күнделікті жұмыс барысымен дөңгеленіп келіп жататын дағдылы еңбек. Сондықтан бізде уақытпен санасу деген болмайды. Қажет болған жағдайда түнде де, күндіз де жұмыс орнымызда қалтқысыз қызмет етеміз.

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<