«Бізде әлі ақпараттық әлемге деген сенімсіздік бар»

2441

0

 «Бізде әлі ақпараттық

әлемге сенімсіздік бар»

IT – тиімді технология. Алысты жақын, жаяуды жылдам етіп  шаруасын бітіруге көмектеседі. Бұрынғыдай банктен ақша аударуға немесе темір жол және әуе билетін алуға табаныңыздан тозып әуре болмайсыз. Мемлекеттің бір түкпіріндегі оқиғаның жедел түрде технология арқылы тарап, бүкіл республика құлағдар болып отырғаны, ақыр соңы біздің кезекті кейіпкерден алған сұхбатымызды ұялы телефоннан оқуға мүмкіндік алғаныңыздың өзі  де осы технологияның арқасы. Жаңа заманның талабына сай қамдалып, еркін қолданысқа енген технология турасында ІТ маман, қаладағы «GRAND master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаевпен әңгімелескен едік.

5000-нан аса

ІТ маман жетіспейді

– Алмат, әңгімені мынадан бастасақ. Қазір ІТ саласы дамып, көптеген мүмкіндіктерге қол жеткіз­генімізбен, маман таңдауда әлі де сол баяғы көзқараспен келеміз. Бұл күнде компьютердің тілін білгеннің бәріне программист деген ортақ атау беріп, саланы әлі толық меңгермегенімізді көрсетіп жүрген жоқпыз ба?

– Біздің салаға келгенде жұртшылықтың көзқарасы әлі де дұрыс қалыптаса қоймағаны жасырын емес. Мәселен, заң процесімен айналысатын адамды заңгер дейміз. Бірақ олардың ішінде сала бойынша бірнеше тармаққа бөлінеді. Айталық, прокурор, адвокат, нотариус, жылжымайтын мүлік бо­йынша заңгер, тек қана ерлі-зайыптылардың, яғни отбасылық және ажырасуға байланысты мәселелермен айналысатын заңгерлер, тағы сол сияқты. Бұл деген сөз – әр саладағы заңгер басқа саладағы заң тармақтарын білмеуі мүмкін. Өйткені, ол өзінің тікелей жауап беретін саласы емес. Дәл сол сияқты, ІТ мамандары да жалпы «айтишник» аталғанымен, олардың өз ішінде бағдарламашы, серверлік құрылғылар маманы, компьютер технигі, жүйелік администратор, айти аналитик тәрізді тармақтарға бөлінеді. Сол себепті, бір ІТ маманы екінші бір айти салаға қатысты жағдайды білмей қалып жатса, таңғалатын жөні жоқ. Осы кезге дейін IT маман болу үшін бір бағдарлама тілін біліп, компьютер архитектурасын тану жеткілікті еді. Қазір талап күшейді. IT бағдарламалар кез келген салаға енгендіктен, ол агроном да болу керек, металлург та болу керек, дәрігер, нанотехнолог та болу керек. Себебі, бұл мамандардың бағыты әртүрлі. Бірі бағдарламаның ішкі кодын, яғни алгоритмін жазуға машықтанса, келесісі оның интерфейсін жазады. Үшіншісі – дизайнға жауапты.

– Еліміздегі IT саланың даму қарқыны қалай? Қандай өзгеріс, кемшілік бар?

– Мемлекеттік құрылымдар, бизнес саласы сандық әлемге өту қажет. Бізде әлі қорқыныш бар, ақпараттық әлемге сенімсіздік бар. Бұдан бөлек, IТ саласының мамандарына берік іргетас жетіспейді. Оны университеттен емес, мектеп қабырғасынан бастауымыз керек. Шетелдің мектеп оқушылары веб-браузер, мобильді қосымша жасайды. Ал бізде университет студенттерінің көбінің қолынан келмейді. Ал, мектептегі информатика пәнінің өту деңгейі мүлде төмен деуге болады. Біріншіден, құрал-сайман ескі, екіншіден, мұғалімнің білім деңгейі жеткілікті дей алмаймыз. «Delphi, turbo pascal, visual basic, сосын c, c+, c++»-ті өтеді. Бұл тілдер жаман емес, turbo pascal-дің көмегімен де бағдарлама жасауға болады. Бірақ, ол қазіргі нарыққа сай емес. Жыл сайын қайталанатын дүниені бұзып, жаңа жүйеге көшу маңызды. Кеше пандемия өршіген тұста цифрландырудың қандай деңгейде екенін байқадық, мектеп мұғалімдері де қандай платформада білім беруі жайлы бір тоқтамға келе алмады. Кей ауылдарда интернет жылдамдығы төмен. Онымен қоса карантин уақытында түрлі гаджет, ноут­бук секілді онлайн оқуда қажетті технологиялардың бағасы шарықтап кетті. Мұның барлығы уақыт еншісіндегі дүние, тек алға ұмтылыс керек деп білеміз. Қазір біз мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға күш салудамыз. Осы уақытқа дейін 200-ден аса оқытушы қосымша білім алып, қажетті кеңес­терге қол жеткізді. Статистикалық дерек бойынша, елімізде 5000-нан аса ІТ маман жетіспейді екен, ол жоғарыда айт­қан маман даярлау ісімен байланысты. Көшті ілгерілету, ойдағы нәтижеге жету өз қолымызда.

2030 жылға дейін 180 мамандықтың  жойылу қаупі бар

Осыдан 3-4 жыл бұрын Окс­форд университетінің құрметті профессоры, құқық саласындағы әлемге әйгілі ІТ кеңесші Ричард Сасскиндтің «Мамандықтар болашағы» атты кітабы жарық көрді. Автор жаңа технологиялар дәстүрлі жұмыс түрін жеңілдетуі мүмкін деген пікір білдірген және болашақта IT-генетик, интеллектуалды жекеменшікті бағалау, медициналық робототехник, вир­туалды өмір архитекторы секілді мамандықтардың қарқын алатынын алға тартқан екен. Маман ретінде осыған алыпқосарыңыз бар ма?

– Бізде «Көрінбейтін компьютер» деген түсінік бар. Мәселен, қазір «ақылды» тоңазытқыштар қолданысқа енді, азық-түлік азая бастаса, ол бірден хабар береді, – микротолқынды пештер де солай. Жалпы, техниканың барлығы автоматизацияланған. Қытайда 15000 зауытты автоматты жүйеге көшірді. Ұялы телефонды адам емес, енді роботтар құрастырады. Қарапайым банкке несие төлеу­ге кассаға барсаңыз, терминал арқылы төлеуіңізді сұрайды. Бұл ретте еліміздегі «Kaspi bank»-тің автоматизациялануы жоғары деңгейде дер едім, олар тұтынушыға қажеттінің барлығын ескерген.Мұнан соң еңбек нарығы – көпсалалы. Әр салада әртүрлі кәсіп танымал. Мәселен, банк секторында тәуекел-менеджері сұранысқа ие болса, фармацевтикада сату мамандары мен GR-менеджерлер қажет. Ал  ІТ-саласында көбіне құрастырушылар мен sales-менеджерлерді іздейді. Әрі көп жерде адам күшін технология алмастырғанын ескеру керек. Бүгінде жасанды интеллект санадан асып түсіп, робототехника жаңа қарқынмен дамып келеді. Сондықтан креативті ойлайтын және серпінді инновацияны жасауға қабілетті жаңа мамандарды әзірлеуге ден қойған дұрыс. Ол үшін алда пайда болатын немесе тұрақты сұранысқа ие болып қала беретін мамандықтарды айқындауға ықпал ететін құралға, яғни атласқа сүйену қажет. Себебі, кейбір мамандықтар еңбек нарығынан мүлде жоғалып кетуі мүмкін деген қауіп бар. Неге десеңіз, технологиялық модернизация, индустриялық революция кешенді өзгерістерді алып келді. Ричард Сасскинд 2020 жылға қарай бухгалтер маманының қызметі оңтайландырылады деген. Менің өзімнің де қарамағымда бухгалтер жоқ, бұл кешегі болжамның бүгін ақиқатқа айналғанын көрсетеді. Бүгінде ресейліктердің atlas.ru сайтында 2030 жылға дейін жо­йылу қаупі бар 180 мамандықтың тізімі бар, яғни олар толығымен жойылмайды, процестердің оң­тайландырылуына байланысты қызметкерлердің міндеті артады. Егер бұрын компанияда жекелеген бөлімдер көп болса, қазір бүтін бір бөлімнің орнына бір ғана әмбебап маман жұмыс істейді. Ол тікелей қызметімен қатар әкімшілік, азаматтық және еңбек құқықтарына қатысты сұрақтарға жауап береді. Бұл әрбір кәсіптің уақыт өте қарқынды трансформациядан өтетінін айғақтайды. Икем мен бейімділік керек. Көп ұзамай бірнеше маманның орнын өзін әр бағытта дамытқан, бір әмбебап маман ғана алмастыруы бек мүмкін. Сондықтан, бізге осындай құнды кеңестерге құлақ түре жүрген жөн.

Облыста киберспорт командасы

құрылды

– Big Data, әлеуметтік инженерия, жасанды интеллект жайлы не айта аласыз?

– Қазіргі таңда жасанды интеллект, Big Data салалары әлемдік драйвер бола алады және Big Data күннен-күнге өсіп келе жатыр. Бұған адамдардың ақпарат алмасуы себеп. Жиналған ақпаратты machine learning-ке салып, мәліметті адамзат игілігіне де, адамзатқа қарсы мақсатқа да іске асыруға мүмкіндік бар.

– Қазір бағдарламалауға баулитын мектебіңізде шәкірт көп, қарқын байқалады. Бірер жыл бұрынғы сұхбатыңызда Түркістан және Ақтөбе облыстарынан да осындай мектептерді ашуды жоспарлап жүргеніңізді айтқан екенсіз…

– Экономикадағы ақпарат­тық жүйе мамандығы бойынша білім алдым. Польшада білімімді шыңдадым, осы салаға қатыс­ты ізденіс, жаңа бастамаларды қолға алу жоспарымда. IT технологияны үйрететін мектеп ашу идеясы да 10 жыл бұрын ойыма келді. «Неліктен Қызылордадан аштың?» деген сұрақ болды. Нұр-Сұлтан, Алматы секілді алпауыт қалаларда бәсекелес көп болғандықтан, бұл істі туған өлкеде бастауды шештім. Бүгінге дейін 3000 адам оқып шықты, бастапқыда тегін оқулар ұйымдастырдық. Уақыт өте бизнес психологиясы мен маркетинг негіздерін ескере отырып, ақылы қызметке көштік. Оқытулар 5999-дан 69999 теңгеге дейін барады.  Психологтар алға тартқан теорияға сәйкес 99.99 бен 100 адам миында мүлдем екі бөлек әсер етеді екен. Ағылшындар соңы тоғызбен аяқталатын тауар бағаларын charm prices яғни «тартымды бағалар» деп атаған. Өткен ғасырдың аяғындағы зерттеулер көрсеткендей, соңы тоғыз санымен аяқталған тауарлар басқа бағадағы тауарларға қарағанда көп сатылған. Эксперимент кезінде 36 доллар тұратын тауар бағасы 39 долларға өзгергенде тауар сатылымы 30%-ке  артқандығы дәлелденген. Ірі компаниялар да тоғыз санын бағаға пайдаланады. Мысалы, Apple. Кезінде Стив Джобс iTunes дүкендеріндегі әндерді альбом түрінде емес, даналап 99 центтен сатуды ұсынған. Нәтижесінде алғашқы 6 күнде 1 миллион ән сатылған. Бізде осы технологияны пайдаландық, қарқын жоғары. Өз еркімен оқып, жетілемін деген жастар саны артып келеді. Қазір «AVALON» киберспорт ойындары байқауларын ұйымдастырудамыз, бұған дейін 500 адам қамтылды. Осы жобаның нәтижесінде облыста «Portal IT Sports» киберспорт командасы құрылды. Құрамында 8 адам бар, жақында олар 12 млн теңге инвес­тиция тартты. Мұның өзі үлкен жетістік деп айта аламын. Сонымен қатар «JAS MAMAN» жобасы бойынша біз жоғары білікті мамандарды даярлауды қолға алдық, яғни жастар мемлекеттік «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы шыңдала алады. Қазір бізден 83 жас оқытудан өтті және олардың 33-і тұрақты жұмысқа орналасты. 15-і жауап күтуде. «HARD CODE NIGNT» жобасы бойынша мамандар тәулік бойы оқимын деген әрбір адамға көмекке келе алады. Ал, «RED HACK» – болашақ хакерлердің ортасы. Мұнда олар ойын барысында  киберкриминалистика, вай-файды бұзу секілді түрлі тапсырмаларды орындайды. Арнайы қаржылай сыйлық қарастырылған. «AT-IT» – мұғалімдердің біліктілігін арттыруды көздейтін жоба. Осындай бастамалар арқылы ІТ саласының өркендеуіне өз үлесімді қосуды қалаймын. Қазір карантин уақыты болғандықтан, көптеген жоспар өзгерді. Түркістан және Ақтөбе облыстарынан мектеп ашу да келер жылға қалды.

Әңгімелескен

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<