Бюджет түсімі қарқынды өсуде

3185

0

Салық − кез келген өркениетті мемлекеттің негізгі кіріс көзі. Әлемнің қандай мемлекетінде болмасын, табысқа не пайдаға салық салынады. Бүгінде елімізде салықтың 76 түрі болса, оны өтейтін 2 млн 300 мың салық төлеуші бар. Мемлекеттік кірістер комитеті салығын уақытылы өтейтін азаматтар аз емес дейді. Десек те, 79 мыңға жуық адам салық төлеуден жалтарып жүрген көрінеді. Олардың мемлекет алдындағы жалпы қарызы 543 млрд теңгеден асқан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Қазақстан халқына жолдауында ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексін халыққа түсінікті, қолдануға оңай, салық есептіліктерін оңтайландыру бағытында қайтадан жазуды тапсырған болатын. Бүгінгі күні Салық кодексі қайтадан әзірленуде. Дегенмен біздің өңірде салық төлеу мәселесі қалай жүруде, қандай жұмыстар атқарылды? Бұл туралы облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы  Ғани Амановпен әңгімелескен едік.

− Президенттің өткен жылғы Жолдауы салықтың рөлін күшейтті. Ол алдағы уақытта елдегі экономикалық, әлеуметтік салаларды жаңғыртудың негізгі тетігі болмақ. Ғани Мырзағабылұлы, бюджетті тиімді игеруде қандай жұмыстар атқарылды?

− Бюджеттің кіріс бөлігін және мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету,  салық салу мен оны өндіру жүйесін ұдайы жетілдіріп отыру, сондай-ақ салық төлеушіге қолайлы жағдай жасау арқылы сапалы мемлекеттік қызмет көрсету − кірістер органдарының басты  міндеті. Осыған сәйкес былтыр аймақта мемлекеттік бюджетке 59 млрд теңге артығымен қамтамасыз етілді. Оның ішінде республикалық бюджетке  28 млрд теңге, жергілікті бюджетке 31 млрд теңге.  Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджет түсімінің өсу қарқыны 138% құрап отыр.

Бүгінгі күннің басты талаптарының бірі – салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру арқылы салықты сапалы әрі мәдениетті басқару.

Осы орайда департамент тарапынан салықтық және кедендік әкімшілендіру бағытында  бірнеше мақсатты топтар құрылып, нәтижесінде бюджетке қосымша 19,2 млрд теңге өндірілді.

Облыс әкімдігінің қолдауымен салық базасын ұлғайту бағытында  уәкілетті органдармен бірлескен түрде біршама жұмыстар жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы бюджетке қосымша 939 млн теңге өндірілді. Оның ішінде жергілікті бюджетке түсетін жарнама мәліметтері ауыл әкімдіктері тарапынан жүргізілетінін ескере отырып,  қосымша  визуалды тексеру барысында 15,1 млн теңге, ал  коммерциялық мүліктердің қайта бағалануы бойынша 543,8 млн теңге өндірілді. Бұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Мемлекет қазынасын толықтыратын саланың бірі – кеден. Мұнда салықтың бірқатар түрі бар. Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру, шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу  және Кедендік рәсімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеу қажеттігін баса айтты. Осы ретте қандай оңтайландыру жұмыстары жүрді?

− Кеден саласындағы оңтайландыру бойынша бізде жұмыстар бір жүйеге түсті десем болады. Экспорт және импорт үшін ұсынылатын құжаттардың санын және оларды өңдеу уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін «Астана-1» ақпараттық жүйесі жұмыс жасайды. Салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына тығыз байланысты. Бұл бойынша салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру, шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу, Кедендік рәсімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеу қажеттілігі және бұл бірінші кезекте еліміздің сыртқы сауда көлемін ұлғайтады әрі инвестиция тартуға зор мүмкіндіктер беретіні сөзсіз.

Былтыр қаңтар айынан бері шетелдік көліктерді заңдастыру жұмыстары жүргені белгілі. Өңірде шетелдік көліктердің мәселесі қалай шешімін тапты?

− Үкімет қаулысымен еліміздің аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану және көлік әкелген жеке тұлғаларды кеңейтілген міндеттемелерінен босату шарттары мен мерзімінің қағидалары бекітілген. Осы орайда облыста жыл көлемінде 16 мың автокөлік құралы заңдастырылып, нәтижесінде 3,7 млрд теңге бюджетке төленді.

Қазір барлық салада цифрлық дамудың қарқыны күшті. Қандай төлем болсын, үйде отырып-ақ төлеуге болады. Сіздерде қалай?

− Иә, Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан бизнесті цифрландыру үшін пилоттық жобалар енгізіліп, cалық төлеушілерге кірістер органдарынан өздеріне қажетті қызметтерді алу оңтайлы болуы үшін «E-Salyq Azamat», виртуалды қойма, тауарларды таңбалау, электронды шот фактура, «Астана-1» АЖ, «E-Salyq Business», үш құрамдасты интеграцияланған жүйе секілді цифрлық технологиялары қолданылуда. Бұл − электронды мобилді қосымшалар, салықтарды электронды төлеу форматына көшіру, бюджет алдындағы қарыздарды білу, бақылау касса машиналарын  тіркеу, уақытша қызметін тоқтату және т.б. бизнесті оңай жүргізуге бағытталған жобалар. Өзіңіз айтқандай, бұлар кез келген қызметті үйден шықпай-ақ  алуға мүмкіндік береді және  уақытты үнемдейді.

Өңіріміздің мемлекеттік кірістер органдары 2023 жылы көрсеткен мемлекеттік қызметтер саны 656 810,  өткен жылмен салыстырғанда  96000 қызметке  артық көрсетілген. Жалпы барлық қызметтердің 99,7%-ы электронды көрсетілсе, қағаз түріндегісі  0,3% құрап отыр.

Департаменттің алдына қойған мақсаттарының бірі − салық төлеушілердің салық мәдениеттілігін көтеру. Оның ішінде салық есептіліктерінің уақытылы табыс етілуі, жеке тұлғалардың салығының уақытылы төленуі, хабарламалардың уақытылы орындалуы арқылы әкімшілік шараларды азайту.

Салық төлеушілерді ақпараттандырудың нәтижесінде салық есептілігін уақытылы тапсыруына келетін болсам, өткен жылмен  салыстырғанда 45%-дан 19 %-ға азайды.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойды. Өткен жылдың 3 наурызынан бастап жеке тұлғалар банкроттыққа өтініш бере бастады. Осы ретте біздің аймақтағы жағдай қалай?

− Бүгінгі күнге дейін (22.01.2024ж.) жеке тұлғаларға соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы 6068 арыз түсті.

Борышкердің атына тіркелген мүліктің болуы, қарыздың өтеу мерзімі 1 жылдан аспауы, екінші деңгейлі банктер және микроқаржы ұйымдарынан берешекті реттеу туралы құжаттарының жоқтығы арызды қайтаруға негіз болып отыр.

Бүгінгі күнге 983  жеке тұлға банкрот деп танылып, 608 жеке тұлғаға банкрот статусы қойылды.    

Мүмкіндігі шектеулі жеке тұлғалар үшін мүлік салығын және жер салығын есептеу кезінде қандай салықтық жеңілдіктер көзделген?

− Мүмкіндігі шектеулі жандар меншік құқығындағы барлық салық салу объектілерінің жалпы құнының 1500 еселенген мөлшердегі айлық есептік көрсеткіші шегінде мүлік салығын төлемейді. Сондай-ақ олар тұрғын үй қоры, оның iшiнде, оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жер учаскелерi, үй маңындағы, құрылыс алып жатқан жердi қоса алғанда, жеке (қосалқы) үй шаруашылығын жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн берiлген, гараждар орналасқан жер учаскелерi бойынша жер салығын төлеуге жатпайды.

Кірістер департаментінің биылғы жоспары қандай?

−Жалпы экономика әртүрлі бағытта өзгеріп, ел ішінде табыс табудың тәсілдері күннен-күнге қарыштап дамуда. Оған мемлекет тарапынан қолдаулар да аз емес.  Салықтық әкімшілендіру жұмыстарын күшейту арқылы салық базасын кеңейту − мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеті.

Сондықтан қазіргі таңда салық төлеушілерге салық заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстары барлық жаңа технологияларды пайдалана отырып жүргізілуде. Басты мақсат − құқық бұзушылық орын алу қаупі бар тетіктермен салық төлеушіні алдын ала хабардар ету және әкімшілендірудің барлық шараларын заң шеңберінде қолдану, сол арқылы салық төлеушілер тарапынан наразылық деңгейін барынша азайту.

Бұл өз кезегінде салық мәдениетін қалыптастыруға, адал салық төлеушілерді көбейтуге және мемлекеттік кірістер органдарына халықтың сенімін арттырарына сенім мол.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<