Ел ертеңін ойласақ, ауылды дамыту керек

2637

0

Бұрын ауыл десе, бау-бақшасы жайқалып, төрт түлігі тең өрген, ырысы мен ынтымағы жарасқан құтты мекен көз алдымызға елестейтін. Ал қазір ауылдардың көбі сол бір тіршілік ырғағын өзгерткендей елестейді. Әрине, инвесторлардың қолдауымен шаруасы ілгері басып, әлеуметтік жағдайы жылдан-жылға жақсарып келе жатқан бірлі-жарым ауылдар бар. Бірақ бұған қарап, бар мәселе шешілді дей алмаймыз. Ауылдың тіршілік тамырын түбегейлі дамыту үшін міндетті түрде мемлекеттің қолдауы қажет. Осы орайда ауыл туралы өзіндік айтары бар азамат, қоғам белсендісі, «Егінші» ЖШС директоры  Ерұлан Өмірсеріковпен ой бөліскен едік.

– Ерұлан  аға,  аймағымыздың негізгі тіршілік тынысы – ауыл шаруашылығы. Бұл сала бойынша бірнеше жылдардан бері қалыптасқан тәжірибе бар. Ғылыми-техникалық жаңалықтар да кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіліп отыр. Әйтсе де салада әлі шешімін таппай тұрған сан түрлі мәселе бар. Осының себебі неде деп ойлайсыз?

– Дұрыс айтасыз. Ауыл шаруашылығында мәселе өте көп. Ең үлкен мәселе, біз кешегі кеңес үкіметі құрған ауыл шаруашылығын жүргізу жүйесінен кеттік, ал сондағы таңдаған нарық жүйесіне ауыл адамдарының дайын болмауынан басталды. Байыптап қарасақ, ауыл шаруашылығы – жүйелі құрылымға негізделген, өзіндік ерекшеліктері бар өзгеше бизнес саласы. Осы уақытқа дейін саладағы мемлекеттік саясаттың кемшілігі, арнайы бағдарламалардың жетіспеуі қазір өзіміз куә болып отырғандай, ауылдардың құлдырауына әкелді. Бүгінгі күннің өзінде ауыл шаруашылығы ауыл адамының шексіз сенімі мен шыдамдылығының арқасында және «ауылым» деп  жаны ауыратын  азғантай азаматтардың берекелі тірлігімен ғана тұрақталып тұр десек, бұған ешкімнің дауы жоқ.

Қазақтың бар рухани байлығы сақталған, қарашаңырақтың қазығы болып, өткеннің өнегесі қалған, төрт түлігін түлетіп, бақшасын егіп, берекелі шаруаға бейімделген ауылға қай кезде де ерекше көзқарас қажет деп ойлаймын. Мысалы, ауылда жұмыссыздық мәселесі туындайды деген – үш ұйықтасаң ойға келмейтін жағдай. Амал қанша, қазір біз осы жағдаймен бетпе-бет келіп тұрмыз. Кезінде ауылды жете түсінбейтіндердің ел  экономикасын  дұрыс жоспарламауы салдарынан жұмыссыз қалды. Ал жұмыссыздық – адам үшін ең қауіпті ауру. Бұл елді масылдыққа, ал масылдық рухани азуға алып келетін кесел. Үкімет осы кеселдің алдын алып, ауыл халқын тұрақтандырып, ауылда еңбек етудің  тиімділігін  айқындайтын, әсіресе, жастардың ауыл өміріне деген жанашырлығы мен жауапкершілігін  қалыптастыратын бағдарламалар қабылдамаса, іс насырға шабайын деп тұр. Ал сіз айтып отырған ауыл шаруашылығына байланысты ғылымның күйі кетті. Ғалымдарға тиісті материалдық қолдау көрсетпесе, келешекте ғылыммен айналысатын адам қалмайтын шығар. Ал ғылымсыз даму жоқ.

– Сіз – экономика саласының маманысыз. Кәсіпкерлікпен айналысып отырсыз, қазір «Қаракеткен пельменіне»  сұраныс жоғары. Дегенмен, өнімді өндіру бар да, әрі қарай оны үйлестіру (сату) жүйесі қалыптаспаған. Бұл мәселемен өзіңіз де бетпе-бет келіп жүрген боларсыз? Жалпы осы жағдайды реттеудің жолы қандай?

– «Қаракеткен пельмені» – менің жеке жобам. Шағын кәсіпкерлікті дамытамыз десек, Үкімет тарапынан тұрақты қолдау қажет. Қазір «Қаракеткен пельмені» өзінің өндірістік шегінде тұр, даму үшін қаржылық қолдау қажет. Осындай жағдайда Үкімет әр деңгейдегі кәсіпкерге әртүрлі қолдау шараларын қарастыратын қолжетімді бағдарламалар дайындауы керек деп ойлаймын. Айталық, кәсібін бастағысы келгендерге, одан әрі дамытуға деген сияқты. Қазір елімізде шағын кәсіпкерліктің өрістеп кете алмай, жұмысын тоқтатып жатқанының бір себебі осында. Бағдарламалардың көбіне дерлік өзгерістер енгізу керек. Ауылда өнім өндірудің экономикалық тұрғыда тиімділігін арттырып, барынша мемлекеттік жеңілдіктер берілгені дұрыс. Өнім өндірушілер «тауарымды қайда өткізем?» деп басын ауыртпай, өзінің негізгі тірлігімен айналысатын жағдай жасалса ғана ауылдық өнім көлемі артатын болады.

– Қазіргі күйіп тұрған мәселе – баға. Басқасын айтпағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тым қымбат және күннен-күнге өсіп барады. Мына сауал ылғи көкейімізде тұрады, өзімізде, яғни, облыс аумағында өндірілген тауарлар бағаның тұрақтануына неге әсер етпейді? Мәселен, ет-сүт, күріш, бақша өнімдері, жем-шөп өзімізде өндіріледі ғой…

– Бүгінгі баға саясатына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар салыстырмалы айтқанда, өрт сөндіргенмен бірдей. Мысалы, 90% сырттан әкелінетін тауарға бағаны қалай реттеуге болады? Әр өнімнің кемі 60-70%-ын өзімізде өндірмей, бағаны төмендету өте қиын. Шындығында, өзі қымбатқа сатып әкелген тауарына «азғантай баға қой» деп кәсіпкерге қалай айтасыз? Алдымызда тұрған аса ауқымды мәселе – азық-түлік қауіпсіздігін сақтай алмасақ, жағдай өте қиын. Ол үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, өзімізде өнім өндірмесек, осылайша бар тапқанымызды өзге елге беріп, сол елдің экономикасын дамытамыз.

Бағаның тұрақсыздығы бірінші кезекте халықтың  қалтасына тиеді. Бүгінгі күннің басты мәселесі – азық-түлік қымбатшылығы. Ал азық-түліктің бағасы тиімді болу үшін ауылдарды жүйелі дамыту керек. Бұл қиын емес қой. Мемлекеттен бөлінетін қаржының тиімділігін барынша арттыру керек деп ойлаймын. Сіздің көз алдыңызға елестету үшін бүгінгі Үкіметтің ОРЦ (склад) салуға бөлейін деп отырған 230 миллиард теңгесіне Қызылорда облысында 400 мың қойы бар, 10 шақты қой шаруашылығымен айналысатын ауылдарды қалпына келтіруге болар еді деп ойлаймын. Әр ауылдың өндіретін өнім көлемін  айтпағанның өзінде, әр ауылда кемі 230 адам жыл он екі ай тұрақты жұмыспен қамтылар еді. Меніңше, Үкімет бар қиындықты нарыққа сілтемей, осындай батыл қадамға бармаса, ауыл шаруашылығы да дамымайды, бағаны да тұрақтандыра алмаймыз.

– Бүгінде жұмыссыз тұрғындарға «мал асыра» деп айту оңай,  алайда мал жаятын жайылым, шабындық жерлер жоқ. Бұл мәселені шешудің мүмкіндігі бар ма?

– Ауыл шаруашылығының бір саласы – мал шаруашылығы. Мал шаруашылығын дамытуға көп жер көлемі қажет. Өз басым жайылымдық жер Үкіметтің қарауында болса, дұрыс болар еді деп ойлаймын. Жыл сайын шаруаға қажетті жайылым жерді ауыл әкімі кепілді беретін жүйе қалыптастырмаса, жер дауы ауылдың мазасын алып тұр. Қазақшалап айтқанда, «құда да, құдағи да тыныш болатын» шешім керек. Қалай болғанда да, қаланың тыныштығы ауылдың тіршілігіне тікелей байланысты екенін түсінетін кез келді.

– Ауыл  шаруасына  кепілсіз несие беру, ауыл жастарына байланысты мемлекеттік бағдарламаларға өзгерістер енгізу мәселесін көтеріп жүрсіз. Осы жайлы тарқатып айтып беріңізші…

– Неше жылдан бері қоғамдық пікір қозғалатын барлық алаңда ауыл шаруасына кепілсіз несие беру керек екенін айтып келемін. Сол сияқты, кепілсіз деген тегін деген сөз емес деп түсіндірумен әлекпін. Үкіметке «ауылмен бірігейік» деп ұсыныс жасап жатырмыз. Бұл жерде айтпағымыз, ауылдың қордаланған мәселесін сырттай қарап шешу мүмкін емес. Әрбір мәселенің байыбына барып, түпкілікті нәтиже беретіндей шешімдер қабылдану қажет. Осы орайда облыстық қоғамдық кеңесте «Бай ауыл» жобамды таныстырдым. Басшылардың мұқият ден қойғанына қарап, қолдау табады деп үміттенемін.

Жуырда өткен Үкімет отырысында Президент ауыл халқын барынша қолдауды тапсырды. Әйтсе де қарызға белшесінен батқан тұрғындарды несие қарызынан жеңілдетпесек, Үкіметтен бөлінетін қаражатты кімге береміз? Бұл орайда тығырықта қалған  ауыл адамдарын экономикалық белсенді топқа қатыса алатындай жағдай жасамаса болмайды. Сонымен қатар, ауылдың болашағы – жастар. Жастарға байланысты «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына көп өзгеріс керек. Қандай өзгеріс қажеттігін facebook әлеуметтік желісіндегі парақшамда айтып та, ұсынып та жүрмін.

– Өзіңіз егін шаруашылығымен, оның ішінде күріш өсірумен айналысасыз. Өңіріміздің негізгі дақылын өндіруде көңіл бөлетін қандай мәселелер бар?

– Облыс  шаруашылықтары 80 мың гектардай жерге күріш егіп отыр. Күріш бағыты – негізінен нарыққа бейімделіп, жақсы дамып келе жатқан сала. Жыл сайын бұл салаға 15 миллиард теңгедей жеке инвестиция тартылады. Егілген дақылдан алынатын орташа өнім көлемін өздеріңіз көріп отырсыздар. Қазіргі күні көзіміз жеткен бір шындық – әр ауылдың әлеуметтік дамуы сол ауылдағы ірі шаруашылықтарға тікелей байланысты. Дегенмен, істің ілгері басуына кедергі келтіріп тұрған өзара келіспеушіліктер де бар. Мысалы, осы күні күріш саласындағы ең үлкен мәселе бұл – жер үлескерлерінің инвесторлармен бір мәмілеге келе алмауы. Түп-төркініне бойласақ, екі жақтың да өз шындығы бар. Айталық, инвесторға  кемі 5 жылға тұрақты, сенімді үлескерлердің жері қажет болса, үлескерлерге инвестор табысының әділетті бөлінгені керек.

Халықтың нақылына жүгінсек, «Бірлік бар жерде тірлік бар». Сондықтан күріш саласында экономикалық жағынан да, әлеуметтік тұрғыда болсын, ірі шаруашылықтардың жұмысы тиімді. Алысқа бармай-ақ, ірі шаруашылығы бар ауылдар мен шағын шаруашылықтары басым ауылдардың дамуын салыстырып көрсеңіз, айырмасы көрініп тұр. Сол себепті, бүгінгі жер дауына байланысты жер мен үлескерлер заңдарына өзгерістер енгізбесек, барымыздан айырылып, пұшайман болу қаупіміз де бар. Оны жасырудың жөні жоқ.

– Ой бөліскеніңізге рахмет айтамыз. Ауылды дамытуға арналған бастамаңыз баянды болуына тілектеспіз.

Сұхбаттасқан

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<