«Еріктілер ісіне ел сүйсінді»

1104

0

 Биыл – еріктілер жылы. Бұл қатарға қосылған жастардың алды қауіпті індетпен күреске өз үлестерін қосып жатыр. Жер-жерден құрылған еріктілер ұйымы түрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларын жасауда. Көктемгі науқан кезінде дала диқандарына жәрдемдесіп жатқандары да жетерлік. Осы ретте «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиал төрағасы Талғат Оспанұлы Тілесті әңгімеге тартқан едік.

– Талғат Оспанұлы, еріктілердің көп еңбегінен хабардармыз. Десе де, осы істердің қоғам үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталсаңыз…

– Әлбетте, маңызы ерек­ше. Қазақта «болар бала он бесінде баспын дер…» деп бекер айтылмаса керек. Әлемді дүр сілкіндірген қауіпті індетпен күрес бә­рімізге ортақ екенін ел жастары әу бастан ұғынды. Бұл бағытта алдыңғы буын­мен бірге иық теңестіре еңбек етіп келеді. «Біз біргеміз!» акциясы аясында титімдей болса да үлес қосуды мақсат еттік. Теңіз тамшыдан құралатынын жақсы білесіз. Біз өңірдегі депутаттар мен меценаттарды, жас кәсіпкерлерді осы іске тарту арқылы күні кешеге дейін 1500 отбасын азық-түлік­пен қамтамасыз еттік. Олар­дың ішінде тұрмысы төмен отбасылар, жалғызбасты ана­лар және қарт кісілер алдыңғы қатарда. Карантин уақытында бізге белгілі бір талаптар қойылды. Барынша сақтық шараларымен үй­леріне жеткіздік. Бұған жасотандық 120 ерікті атсалысты. Акция әлі де жалғасып жатыр. Оған қоса қыздар үйде отырып, 3 мың бетперде тікті. Оны қо­ғамдық көлік тоқтамас бұ­рын жүргізушілер мен кон­­дукторларға, базарда азық-түлік сатушыларға, жалпы алғанда, халықпен тікелей байла­ныстағы жан­дарға үлес­тірдік. Жас кә­сіп­керлер қолдап, анти­сеп­тиктермен қамтамасыз еттік. Бұнымен шектеліп қалмаймыз. Студент жас­тардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында әлеуметтік желі арқылы ұлы Абайдың 175 жылдығына орай онлайн түрде интел­лектуалды сайыс өткіздік. Жеңімпаздар қар­жы­лай сыйлықтармен мара­патталып, жүлде онлайн түрде аударылды. Мұнан кейін де жастар өз өнерін онлайн көрсету арқылы «Үйде бол!» челленджін бастайды. Мұның барлы­ғының қоғам үшін өзіндік маңызы бар деп ойлаймын.

– Ауылдық жерлерде де еріктілер ұйымы құрыл­ға­нынан хабардармыз. Олар немен айналысып жатыр?

– Еріктілер барлық жерде де бар. Осы шара­лардың барлығына бірдей атсалыстық. Көктем – тір­шіліктің та­мы­рына қан жүгіріп, Жер-ана­­ның бауы­ры жібитін шақ. «Көк­темнің бір күні – жыл­ға азық» деуші еді ғой. Шаруа­шылық құ­ры­лым­дардың құра­мында арық қазу, егін егуге атсалысу тәрізді маңызды жұмыстарды атқаруда. Қай жерден құрылды, сол жерде еңбек етіп жатыр. Әлеуметтік желіде олардың жұмыстары көрініп тұр. Сырдария ауда­нына қарасты бірнеше ауылдың ерікті жастары карантин уақы­тына дейін жалғызбасты аналар мен тұрмысы төмен отба­сылардың ауласын таза­лап шарбағына дейін жаңа­лап берді. Қысқасы, еріктілердің ісіне ел сүйсінді.

– Беткеұстар қандай нәти­желеріңіз бар? Ерік­­тілердің еңбегінің ішін­де қа­йсы­сына ерекше тоқталар едіңіз?

– Сіз білесіз бе, облыс орталығында қақпақсыз қал­ған құдық көп. Бұ­рын­дары үлкен мәселе болып көтеріліп жүрген. Кейін бәсеңдегендей болды. Сөйтсек, бұл проблема әлі де бар екен. Облыста 85 құдық қақпақсыз жатыр. Біз мұны тексерерде қа­сымызда арнайы бөлім мен басқармалардың мамандары болады. Мән-жайды анық­тап, дейін және кейін деген фотоесептермен әлеуметтік желіге жариялап отырдық. Құдықтардың барлығы коммуналдық салаға тие­сілі деп ойлаймыз. Бұл – қате пікір. Олардың ішін­де теміржолға да, электр желілеріне де қарайтындары бар. Біз ашық құдықтың басына барғанда сол маңдағы тұрғындар келіп, алғысын білдіріп жатады. Олардың сөздеріне қара­ғанда, жағдай көптен бері осындай. Металл қабылдау пункттерін араладық. Қа­былдамау керегін айтып түсіндірме жұмыстарын жүр­гіздік. Ал олардың бізге не айтқанын білесіз бе?! Бүтін тұрған қақпақты ұрлағандар әдейі­леп сын­дырып, қырық бөліп апарады екен? Сынық қақпақты қабылдамауға олардың еш құқы жоқ. Міне, ұры-қары дегеніңіз қоғамнан айласын асырып, жан бағып жүр. Бұл да – біздің қоғам болып күресетін мәселеміз. Еріктілердің де еңбегі зор. Осы нысандардың барлығын аралап, жіті бақылауға алды.

– Жастардың ұйымдас­тыру­шысы ретінде ал­дыңызға үлкен мақсаттар қойған боларсыз. Осы кез­ге дейін жинаған тә­жіри­беңіз бар. Өңір жас­тарының басын қосуда, бір арнаға тоғыс­тыруда қандай қасиет керек?

– Орталық алаңдағы жұмыс орнымнан үйге қайтып бара жатып велосипедпен түрлі трюк­тар көрсетіп жүретін жастарды көретінмін. Күн сайын жандарынан өтіп бара жатып, бұларға не істеуге болады деп ойландым. Өйт­кені, маған олардың жүріс-тұрысы қазақы менталитетке келіңкіремейтіндей кө­рі­неді. Көпшілігі денесіне сурет салдырып алған. Өтіп бара жатып, біреуін әңгімеге тарттым. Шара өткізіп, осы қабілеттерін сынға түсіргім келетінін жеткіздім. Олар келісе кетті. Көп ұзамай демеуші тауып, көше спортынан жарыс ұйымдастырдық. Бәрі бел­сенді. Жеңімпаздарды мара­паттау сәтінде жүр­гізуші менің атым мен қызметімді атап, ортаға ша­қырғанда олар таңғалғаны бар. Мен мұнда не айтқым келді?! Әлбетте, қай ортамен тілдессеңіз де, сол ортаның тілімен сөйлеу керек. Олар «Nur Otan», «Jas Otan» ұйым­дарына қатысып көр­меген, тек оқта-текте те­ледидардан көріп, естіп қалатыны болмаса… Бізге қарапайымдылық керек. Алдыңызға жағдайын айтып келген адам ресми киі­ніп, галстукпен отырған сізге ағынан жарылып еш­теңе айта алмайды. Қара­пайымдылық үстіңіздегі киім­нен бастап көрініп тұрады. Сіздің сұрағыңызға жауап осы. Барлық жасты бір арнаға тоғыстыру үшін олардың әрбірімен өз тілінде сөйлесу керек. Сонда ғана сіздің жоспарыңыз бен мақсатыңыз барлығына түсінікті болады.

Әңгімелескен

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<