Халық қазынасының қайнар көзі

2463

0

«Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Салық халық қазынасы саналады. Ол – мемлекетпен бірге пайда болды және мемлекеттің өмір сүріп, дамуының негізі. Адамзат дамуының бүкіл тарихы бойына салық нысандары мен әдістері өзгерді, игерілді, мемлекеттің қажеттіліктері мен сұрау салуларына бейімделді. Мемлекет құрылымының өзгеруі, өркендеуі әрқашан салық жүйесінің қайта құрылуымен, жаңаруымен қабаттаса жүреді. Отыз жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздікке ие болған сәттен бастап, мемлекеттің кірістерін қалыптастырудың шешуші көзі болған салық және кеден салаларын нарық кезеңіне бейімдеу мақсатында үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Бюджеттің кірісін арттыру керек» деп тапсырма бергені белгілі. Бұл тапсырма да кірістер органдарына үлкен міндет жүктейді.

Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орыновпен болған  сұхбат осы тақырып төңірегінде өрбіген еді.

– Ғалымжан Қалдыкөзұлы, тәуелсіздік жылдары барлық сала реформаға ұшырады. Салық жүйесі реформаларын еске салып өтсеңіз…

– Мемлекеттің қуатты болуында салықтың шешуші рөл атқаратыны белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүниеге келген Салық, Кеден қызметі органдары, бүгінде біріктіріліп заман, қоғам талабына сай жетілдірілген, мемлекет мүддесін қорғайтын беделді мемлекеттік органға айналды.

Жалпы салық органының құрылуына Одақтың ыдырау алдындағы КСРО Қаржы министрлігінің 1990 жылғы 12 ақпандағы бұйрығы негіз болды. Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 16 наурыздағы қаулысына сәйкес қабылданған Қаржы министрлігінің 3 мамыр 1990 жылғы «Мемлекеттік салық қызметін құру туралы» бұйрығы және облыстық қаржы басқармасының 12 маусымдағы бұйрығы негізінде қаржы басқармасының, Қызылорда қалалық, аудандық қаржы бөлімдерінің мемлекеттік кірістер бөлімінің ізінде ашылды.

Облыстық мемлекеттік салық инспекциясының басшысы болып С.Аманжолов тағайындалды. Одан соң, 1991 жылы 9 шілдеде Тұңғыш Президенттің «Қазақстан Республикасының салық қызметін құру туралы» Жарлығы негізінде Қазақ КСР Бас салық инспекциясы және оның аумақтық мемлекеттік салық инспекциялары құрылды. 1991 жылы Бас мемлекеттік салық инспекциясының 12 қазандағы  бұйрығымен Д.Ысқақов облыс бойынша мемлекеттік салық инспекциясының бастығы болып тағайындалды. Құрылу кезінде облыс бойынша штаттық кестемен саны 140 бірлік белгіленсе, оның 5 бөлімнен тұратын 23 бірлігі облыстық мемлекеттік салық инспекциясында, аудандар мен Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік салық инспекцияларына 117 бірлік бөлініп бекітілген.

2002-2003 жылдары салық органдарында барынша автоматтандыру жүргізіліп, ірі ақпараттық жүйе Қазақстан Республикасының интеграцияланған салық ақпараттық жүйесі (ҚР ИСАЖ), салық есептілігінің электрондық нысандары – ИСИД, ҚҚС, ЭФНО, ведомстволық кадрлар, СГДС, Лука-бюджет, Құжат айналымы бағдарламалары енгізіліп, іске қосылды.

2014 жылы құрылымдық өзгерістерге байланысты бұрынғы салық, кеден органдары және қаржы полициясының экономикалық қылмыстар бойынша атқарылып келген қызметі біріктіріліп, бір мемлекеттік кірістер органы аясында өз жұмысын бастады. 2019 жылдың наурыз айында экономикалық тергеу қызметі мемлекеттік кірістер органдары құрамынан бөлініп, қаржы мониторинг органына қосылды.

– Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін кеден ісін жүргізу тың дүние болды емес пе?

– Иә, облыстың кеден органдары өз тарихын 1992 жылдан бастап жазды. Кеден комитетінің 1992 жылғы 23 ақпандағы бұйрығымен Шымкент кеденінің «Қызылорда» бекеті құрылып, басшылыққа кеден қызметінің полковнигі Тимур Байхожаев тағайындалып, 1995 жылға дейін қызмет атқарды.

Қаржы министрлігінің 1994 жылғы қаңтардағы «Қазақстан Республикасы кеден мекемелерінің құрылымындағы өзгерістер туралы» бұйрығымен «Қызылорда» кеден бекеті Қаржы министрлігінің облыс бойынша кеден басқармасы, өзгерістерден кейін кедендік бақылау департаменті болып өзгерді. 2014 жылғы Үкіметтің құрылымдық өзгерістеріне байланысты кеден қызметі мемлекеттік кірістер органының құрамына енгізілді.

Салық және кеден саласын біріктірудегі негізгі мақсат – қазақстандық тауарлар мен қызметтердің, сонымен қатар еліміздің шекарасынан кірген әрбір тауардың соңғы тұтынушысына сатылуына дейінгі аралықтағы барлық қозғалысын, яғни сол тауарға салынатын салықтың толықтығын бақылау.

– Кезінде салық жүктемелері көп болды. Олардың саны қысқарып, орнына кірістің корпоративті салығы енгізілгені өз нәтижесін берді ме?

– Еліміз егемендікке ие болғаннан кейін салықтар мен алымдардың түрлерін, олардың бюджетке түсу тәртібін белгілеген алғашқы құжат «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» Заңға негізделген жаңа салық жүйесі қалыптасты. Осы Заңға сәйкес, 1992 жылғы 1 қаңтардан бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салық пен алым, 11 жалпыға міндетті жергілікті салық пен алым енгізілді.

Дегенмен, салық санының көптігі, айналымды анықтаудың қиындығы, шектен тыс дәлелсіз берілген салық жеңілдіктері, ставкалардың бірнеше түрлі болуы, халықаралық салық салу негіздерінің тыс қалуы және т.б. кемшіліктер жүйені одан әрі реформалау қажеттігін көрсетті. Осыған байланысты халықаралық салық салу принциптеріне сәйкестендірілген «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 1995 жылғы 24 сәуірде ҚР Президентінің Заң күші бар Жарлығы шықты. Енді бұрынғы 42 салық пен алым едәуір қысқартылып, олардың саны 11 болып қалды. Салық заңдарының негізгі кемшіліктері ескеріліп, жетілдірілген, шаруашылық субъектілеріне салықтандырудың тең жағдайы жасалған, жекелеген категорияларға берілген жеңілдіктерді жою арқылы жүктеме жеңілдетілген жаңа Салық кодексі дайындалып, 2001 жылдың 12 маусымында қабылданды. Одан соң нарықтық экономикалық саясатқа сай өзгертілген Салық кодексі 2008 жылы қолданысқа енгізілді. Оған 2018 жылға дейін 16 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Салық төлеушілерді қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, әкімшілік қызметті жеңілдетуге бағытталған жаңа редакцияда жазылған жаңа Кодекс 2018 жылдың қаңтар айынан бастап қолданыста.

Салықтар – кез келген өркениетті мемлекеттердің негізгі кіріс көзі. Әлемнің қандай елі болмасын, барлығында табысқа не пайдаға салық салынады. Жалпы алғанда, пайда дегеніміз – шығыстарды шегергеннен кейінгі табыс, ал табыс – шаруашылық субъектілерінің өз тауарын, қызметін, жұмысын сатқаннан түскен түсім. 2008 жылы енгізілген жаңа Салық кодексінде жылдық жиынтық табыс пен салықтық шегерістердің құрамы қайта қаралып, дүниежүзілік халықаралық стандартқа сәйкес заңды тұлғалардан алынатын табыс салығы, яғни корпорациялық табыс салығы деген жаңа термин енгізілді. Жылдық жиынтық табысты қалыптастыру әдістемесі, оны кейін түзету мүмкіндіктері, шығындарды шегеріске жатқызу, сол сияқты табысты анықтау, залалды көшіру құқығы және бюджетке төлеуге жататын салықты есептеу жолдары анықталып, салық ауыртпалығы барынша төмендетілді. Қазір корпоративтік табыс салығы шоғырландырылған бюджет түсімдерінің 16%-н құрайды.

2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығы жергілікті бюджетке берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы   «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығы жергілікті бюджетке берілді. Содан бері экономикалық белсенділік төмендегеніне қарамастан, жергілікті бюджеттердің түсімі жоспардағыдан 25% артық түсе бастады» деп бұл жөнінде атап өтті.

– Көлеңкелі экономикамен, жалған кәсіпорындармен күрестегі мемлекеттік кірістер органдарының алар орны қандай?

– Департамент көлеңкелі экономикамен күрес мақсатында арнайы жұмысшы тобын жасақтап, тәуекелі жоғары салық төлеушілерге талдау алгоритмі бекітілген. Тәуекелі жоғары салық төлеушілерді ерте сатыда анықтау үшін тауардың өткізілуі бар, шығу жолы анықталмаған, алынған тауар түрі мен сатылған тауардың түрі сәйкес келмейтін, сатып алғаны аз, алайда, сатылым көлемі көп бағыттарға басты назар аударылады. Биыл 28 салық төлеушінің іс-құжаттары прокуратура мен экономикалық тергеп-тексеру департаментіне процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданып, оның сот алдындағы бірыңғай тергеу тізіліміне 14 салық төлеушінің лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабымен тіркелді.

Біздің бастамамызбен жалған шот жазу белгілері бар екі ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталып, құқық қорғау органдары қылмыстық іс тіркеді. Осының ішінен, 6 жалған кәсіпорынның мемлекеттік тіркелуі жарамсыз деп танылып, 1 кәсіпорынға қатысты талап-арыз сотта қаралуда.

Мәмілелерді жарамсыз деп тану бойынша қалыптасқан сот тәжірибесіне сай ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 280-бабын кеңінен қолдана бастадық. Жыл басынан жалған шот-фактуралар жазғаны үшін 11 салық төлеуші 116 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, ауданаралық экономикалық сотқа жыл басынан мәмілесін жарамсыз етіп тану үшін айналым сомасы 4 млрд 575 млн теңге құрайтын 117 салық төлеушіге қатысты құжаттар жолданып, сот қарауында. Айналым сомасы 494,2 млн теңге құрайтын 39 салық төлеушінің күмәнді электронды шот-фактуралары кері қайтарылды. Осындай алдын алу әрекеті арқылы әділетті салық төлеушілерімізді қорғап отырмыз.

Көлеңкелі экономикамен күрес күнделікті жұмыс барысынан тыс қалмайды. Салық төлеушілердің чекті ұруынан бастап, салықтан жалтару мақсатында сенімсіз салық төлеушілермен есеп айырысуларына дейін талданып зерделенеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жеке бақылауымда.

– Биылғы жоспардың орындалуы барысы қалай? Жаңа жылды қандай көрсеткіштермен қарсы алу жоспарланып отыр?

– Сыр өңірі мұнай, уран өнімдерін өндірумен қатар, үдемелі индустриялық даму бағдарламасына сай кейінгі жылдары әр салада даму серпіні байқалады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және тағы басқа салаларда пайдалануға беріліп жатқан нысандар саны өсті. Облыстық әкімдік, құқық қорғау, жергілікті атқарушы, сондай-ақ, уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара бірлесіп атқарған іс-қимылдар нәтижесінде салық және бюджетке түсетін басқа да міндетті төлемдердің болжамын жыл сайын асыра орындауға қол жеткізіп отырмыз.

Облыс әкімі Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың тікелей тапсырмасымен өңірдің салық салу базасын қалыптастыру және бюджет түсімін ұлғайту мақсатында арнайы Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Бұл жоба аясында мемлекеттік органдар арасында іс-қимыл, мәлімет алмасу тиімділігі артып, жергілікті бюджетке тек осы жылдың 11 айында 1891 салық төлеушіден 1 млрд 69 млн теңге қосымша резерв өндірілді.

Қосымша табыс көзін жан-жақты іздестіру үшін жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар жұмысын жоғары деңгейде үйлестіріп, біздің департаменттің сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасап, жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етуге қолдау көрсеткен облыс әкіміне алғысымды білдіремін.

Осы жылдың 11 айында облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік бюджетке 146 млрд 638 млн теңгенің түсімдерін қамтамасыз етіп, тапсырма 118,5% орындалды. Оның ішінде республикалық бюджетке түсірілген салық көлемі 81 млрд 820 млн теңге (орындалуы 135,2%), өткен жылдың осы кезеңінен 15 млрд 457 млн теңгеге артық. Ал, жергілікті бюджет түсімі 64 млрд 818 млн теңге болып құралды, өткен жылмен салыстырғанда өңір қазынасына 12 млрд 670 млн теңге артық қамтамасыз етілді (124,3%). Жалпы облыс бойынша 2021 қаржы жылында департаменттің тиімді жұмыс жасауы нәтижесінде жергілікті бастапқы бекітілген бюджет жоспары 11,2 млрд теңгеге ұлғайтылып, әлеуметтік-экономикалық дамуға оң әсерін тигізді.

Жылды нәтижелі аяқтау мақсатында департаментте әкімшілендіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде. Салықтық және кедендік әкімшілендірудің күшейтілуі нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 20,1 млрд теңгенің қосымша кіріс көздері қамтамасыз етілді. Республикалық бюджеттің 82,6 млрд теңге көлеміндегі жоспары 101% орындалады деп күтілуде.    Алдын ала бағалауымызша, жергілікті бюджетке 71,5 млрд теңге жоспары орындалуы 100% күтілуде.

«Мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып өз елінің патриоты болуы тиіс» деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, біз әрқайсымыз осы аталған берік қағиданы ұстанып, еліміздің өркендеуі жолында аянбай қызмет жасауымыз керек. Күрделі кезеңдерде, бюджеттің тек табысын арттырмай, оның жыл сайынғы өсімін қамтамасыз етуде мемлекеттік кірістер органдарының қол жеткізген жетістіктері Қаржы министрі Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаевтың, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Әли Сапарғалиұлы Алтынбаевтың мақсатты және қарқынды жұмыстарды іскер ұйымдастыра білген кәсіби шеберлігінің нәтижесі деп білемін және сол үшін алғысымды білдіремін.

Тарихы тереңде жатқан Ұлы Даланың егеменді ел болып, көк Туын желбіреткен, Әнұранын шарықтатқан, еркіндіктің бастауы – Тәуелсіздік мерекесімен барша облыс тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын! Қадамы батыл, қарышты дамыған Мәңгілік еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<