Кемер белбеу – бел сәні, кемел жігіт – ел сәні

1687

0

Тұлғаға төлқұжат

Оны ылғи сыпайы, көзге ұнамды қалпында кездес­ті­ресіз. Өзі туралы сұрасаңыз, өзгелер туралы көбірек әңгімелейді, солардың ішіндегі бей­несін іздеп табасың. Сәлем бергенде қол алысқан ада­мының қатарында тұрады, биік болмысы төмендейді.

1988 жылдары мен студент едім, ол – оқытушы. Фамилиямызбен атамайтын, атымызды да сирек айтады, інім, қарындасым дейді. Қасынан шыға алмай қаламыз. Сабағын үзіп сені тәртіпке шақырмайды, мініңді бетіңе баспайды.

Қазір де солай, сол қал­пынан айнымаған. «Пен­деміз ғой, кімде кемшілік жоқ дейсің» деп алысқа қарап отырып сөйлейді. Сол қалпымен дана Шәкәрімнің сөзін еске түсіреді. «Адамдар саған таңғалып, мақтап жатса, масаттанба. Себебі олар сенің Алла жарыққа шығарған жақсы жақтарыңды ғана біледі. Олардың Алла жасырған жаман жақтарыңнан хабарсыз болғанына шүкір де», – деген…

Бұл адам – аты-жөнін баршамыз білетін Мұрат Бақтиярұлы.

***

М.Бақтиярұлы 1958 жылы 17 мау­сымда Шиелі ауданы қазіргі Бала би ауылында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ мемлекеттік заң университетін, Мәскеу Халықаралық бизнес және информациялық технология университетін бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдар докторы, профессор.

Қызылорда педагоги­ка­лық инс­титуты тарих кафе­дра­сының аға оқыту­шысы, кафедра мең­герушісі, факультет деканы қызметтерін атқарды. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университеті Қызылорда фи­лиа­лының директоры болды.

1998-2003 жылдары об­лыстық мәслихат депутаты болып сайланды. 2005-2008 жылдары «Туған жер» қоғамының төрағасы, 2008-2011 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып қызмет етті.

2011 жылдан бері Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Се­­на­­тының депутаты. 2019 жылдың 2 қыркүйегінен бастап ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы.

ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин», «Ерен ең­бегі үшін» медальдарының, «Құр­мет», «Парасат» ордендерінің иегері.

Бірнеше ғылыми монография мен оқулықтың авторы.

Бір мақсат,

бір болмыс

Ол – Шиелі деген киелі жердің перзенті. «Қазақс­тан­ның 30 жыл­дығы» деп  аталатын бүгінгі Бала би ауылындағы №50 мектепте оқыды. Оқушы кезінен-ақ талапты, тәртіпті, белсенді болды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген, жарықтық мұғалімдерінің де болмысы дара болатын. Мектеп директоры «Еңбек Қызыл Ту» орденді Асанбек Бәкіров басқадан ерекше кісі еді. Асанбек ағай келе жатқанда балалардың бәрі сымдай тартылған солдат сияқты тұрған жерінде тұра қалатын. Ақтай, Жылқай, Кеңес, Қарабек, Сламбек, Сағымбай, Мирамбек, Майра, Шәрбан, Күләнда секілді ағай-апайлары – бәрі де бір-бір тұлға. Сөзіне ісі сай, сабақ бергендері қандай, кино көргендей боласың. Жүріс-тұрыстарына қызығасың, әр қимылын көшіріп алғың келеді. Тәрбие мен еңбек егіз жүрді. Бес мың халқы бар совхоздың таусылмайтын тірлігі бар, сабақтан босаған баланың бау-бақша отаудан, күріштікке көмек беруден қолы тимейді. Егістің бригадирі дала мұғалімдері секілді, олардың сабағы – жұмысқа салу. Шаруашылықтан кәдімгі үлкен адамдай шаршап орал­ғанда «әй, бала, бері кел» деп «қайнылардың бригадирі» – жеңгелері шақырып алады. Бірі – күбі піспектетеді, бірі – киіз бастырады. Осының бәрі сол дәуірдің балаларын еңбеккеш қылып есейтті.

Жастүлек Мұрат мектептен соң Ташкенттің жоғары оқу орнына барып бақ сынаған, құлап қалды. Ауылға келіп, тағы жұмыс істеді, әскери борышын өтеп оралды. Содан кейін Алматыдағы ҚазМУ-дың тарих факультетінің дайындық курсына, сосын негізгі бөліміне түсті. 1986 жылы оны қызыл дипломмен бітіріп, жолдамамен Қызылорда пединститутына келді. Үш жыл оқытушы болды, мамандығы бойынша студенттерге дәріс оқыды.

Осы кезде ректор Бақберген Досманбетовке біржола Ал­матыға кеткісі келетінін, от­басының сол жоқта екенін айтып, жұмыстан босатуын өтінген.

– Келіннің мамандығы не? – деп сұрады ректор.

– КазМу-дың араб бөлімін бітірген.

– Онда мен шығыстану факуль­тетін ашамын. Ал, өзіңді кафедра меңгерушісі қыламын, бірлесіп жұмыс істейік, – деді ол кісі. Жас маман бұған қарсы уәж айта алмады. Бақберген Сәрсенұлы мамандарды осылай таңдайтын, оларға жағдай жасай білетін. Біліміне қоса өз ортасына деген көзқарасын есепке алатын. Мұрат та осы жақсы қасиетті бойына тоқыды. Кейін өзі бір оқу орнының директоры болғанда маман таңдаудан жаңылған жоқ.

1989 жылы білімін онан әрі жетіл­діруді ойлаған Мұрат Алма­тыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың аспирантурасына түсті. Отбасымен пәтер жалдап тұрды. Үш жасар Айгерім балабақшаға барады. Мектепте сабақ беретін зайыбы Зағипа мен өзінің алатын ақшасы күнкөрістерін өтей алмады. Басыңа тартсаң, аяғың ашық қалатын бір күндер еді. Аспирантурасына қоса екі жерде жұмыс істеді. Қарауыл болып алпыс сом, көше сыпырып тоқсан сом тапты. Таңғы сағат төртте тұрып, алтыға дейін көпқабатты үйлердің ауласын тазалайтын. Қып-қызыл жігітке жараспайтын сияқты. Таныстары көріп қалса, сыпырғыны тастай салып, теріс айналармын дейтін. Олай емес екен, ешкімге бас көтеріп қарамады, жұрттың жұмысы қанша?! Абай дана ғой, оның «есектің артын жу да, мал тап» дегенін сонда түсінді.

Ақыры аспирантураны тауы­сып, Қызылорда пединститутына қайтып келді. Бақберген Сәрсенұлының ұсынысы бо­йынша қызметке кірісті. Ол кісі аз уақытта институтты университетке айналдырды, уәде еткеніндей жаңа мамандықтар ашты. Университетке Қор­қыт ата атын берді, оқу орнының керегесін кеңейтті. Ал, Мұрат аға оқытушылық қызмет ат­қарды. Филология факу­ль­тетінің, сосын тарих және құқық факультетінің деканы болды.

Осы кезден бастап Мұрат өзінің білім, ғылым саласына біржола бет бұрғанын сезінді. Әуелі тарихтан кандидаттық, сосын саяси ғылымдар саласынан докторлық диссертация қорғады. Арагідік оны облыс басшылығы әртүрлі қызметке шақырып отырды, бірақ, олардан бас тартты. Ал, 2008 жылы сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықов өзіне идеология жөнінде орынбасар болуды ұсынғанда келісім берді. Себебі бұл лауазым арқылы білім саласын дамытуға біраз үлес қосуға болатын. Шын мәнінде Болатбек Баянұлы – өзім білдімге салмайтын, әр істі ақылдасып шешетін кішік мінезді жан. Сондықтан онымен бірге қызметтес болған кездері жалпы идеологияға, оның ішінде білім саласына қатысты көп іс атқарылды.

Мысалы, сол кезде қолға алынған «Балапан» бағдар­ла­масы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінен Қызылорда республикада бірінші орынға шықты. Осыған байланысты білім министрі облысқа келіп арнайы семинар өткізді. Жеке кәсіпкерлер балабақша салу ісіне тартылды. Бұл жұмыста бар күшін сарыққан кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев болды.

Ел азаматтары Мұрат Бақтияр­ұлы­ның бастамаларын әр кезде қолдап отырды.

Бір мектеп,

бір колледж

Сырдарияның жағасында жат­қан елеусіз ауылдан шығып, Санкт-Петербор импе­ра­тор­лық заң универ­ситетін алтын медальмен бітірген, туған халқының тәуелсіздігі үшін күресіп өткен Мұстафа Шоқай феномені Мұрат Бақ­тияр­ұлы­ның тұл­ға­сынан сезі­ліп тұрады.

Халықтың ішінен қайнап шыққан өкіл екенін сөзімен де, ісімен де көрсетіп келеді. Бір кезде Уақытша Үкімет басшысы Керенскиий Мұстафа Шоқайға Ресейдің министрі бол деп ұсыныс жасапты. Сол ұсынысты қабыл алғанда Мұстафа үлкен шенеунік болар еді, өмірі де өзіне қолайлы бағытқа бұрылар еді. Ол ұлты үшін күрес жолын таңдады.

Мұрат Бақтиярұлына да өмірде талай шенеуніктік ұсыныс жасалды, бірақ ол өзіне білім мен ғылым жолында қаламын деді. Заман нарық заңын ұстанғанда бизнеспен айналысты, бірақ ғылымды тастап кете алмады. Ақыры бизнеспен айналысу керек екен, ақшаны адам капиталына салайын деп шешті. Сөйтіп, Қызылордадағы таратылған Қазақ мемлекеттік заң академиясының филиалы негізінде қазақ гумани­тар­лық заң және техникалық жоғары колледжін ашты. Бұл Қызылордадан ашылған ең алғашқы жеке оқу орын­да­рының бірі болатын.

Мұнда қазір 100-дің үстінде мұғалім еңбек етеді, 2 мыңға жуық оқушы дәріс алады. Колледж бүгінгі таңда өңіріміздің техникалық, гуманитарлық, экономикалық және құқықтық бағдарын жүзеге асыру мақ­сатында 36 мамандық бо­йынша күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде 9 және 11 сынып негізінде білім беруде. Өзі құрылғалы бері колледж талай табыс пен жетістіктерді иеленіп, іргелі оқу орнына айналды. «Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орнының үздігі» атанды. Сондай-ақ, Оңтүстік өңірлер­дегі оқу орындары ішінен «Алтын көшбасшы» сертификатын иеленді. Мұндай табыс­тар тізімін соза беруге болады, 2016 жылы «Өсу қарқыны» критерийлері бо­йынша «Сала көшбасшысы» халықаралық сертификатының 1 орын рейтингіне, 2017 жылы «Жыл көшбасшысы» ұлттық сертификатының 1 орын рейтин­гіне ие болды. Мұның бәрі – күндіз-түні басты ойдан, қолды істен босатпай еткен еңбектің нәтижесі.

Мұрат Бақтиярұлы жас ұрпақтың білім мен тәрбиесіне үлес қосудан үлкен бақыт жоқ деп есептеді. Сенатқа да сол үшін барды. Заң шығару орны арқылы білім беру саласына олжа салуды ойлады. Білім бағытындағы проблемаларды тереңірек көргісі келді. Талай елді аралады – Германия, Финляндия, Норвегия, Оңтүстік Корея… сол елдердің тәжірибесінен түсінгені, мек­тепті бақылайтын органдарды азайту керек екен. Әр мектеп өзіне тиісті қаржысын өзі игеруі қажет. Мысалы, Грузияда білім бөлімі деген жоқ, демек, мектептер өз мүддесіне масылдықпен қарамайды, бі­реу­­дің бұйрығын күтіп отырмайды.

Ақыры, Қызылордасынан тағы бір оқу ордасын салуды қолға алды. Өзінің білімге қосқан үлесін жетімсіз деп санады.

Өткен жылы Сырдарияның сол жағалауынан бой көтеріп, пайдалануға берілген бұл мектеп «Orda School» деп аталады.

Мектептің даму стратегия­сына сәйкес ауқымы кеңейіп, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған 700 орындық жаңа ғимаратта 500-ден астам 1-6 сынып оқушылары білім алады.

Өткен  жылы  респуб­ли­калық тамыз конференциясында Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сала­сындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, оларды кезең-кезеңімен ше­шуді тапсырды. Мұны­мен бірге Мемлекет басшысы өз Жолдауында педагогтардың мәр­тебесін көтеру, білім сапасын арттыру, еңбек нарығына сапалы мамандар даярлау, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту мәселелерімен бірге бала тәрбиесіне қатысты нақты басымдықтарды айқындап  көрсеткен болатын.

«Orda School» – осы талаптарды орындап отырған бірегей оқу ордасы. Бұл мектепте 47 сынып кабинеті бар. Олардың бәріне интерактивті тақта және бейнекамералар қойылған. Сабақ барысын, мектеп директоры да, үйде отырған ата-аналар да бақылай алады. Оқушылар үшін домбыра, би, қолөнер, шахмат, дзюдо және робототехника үйірмелері ұйымдастырылған. 6 спорт залы, бассейні, 300 орындық акт залы, 500 орындық асханасы бар. Балардың үзіліс кезінде демалатын орны, айналысатын ісі де назардан тыс қалмаған. Заманауи мүмкіндіктердің бәрі қамтылған. Мектептің атшаптырым ауласына алма бақ егілген, мұғалімдерге арналған 8 пәтерлік үй салынған. Бүгінде жаздық бассейні бар 180 орындық тынығу лагерінің құрылысы жүргізіліп жатыр, ол келер жылы іске қосылады. Балалар жазғы демалысын осы жерде өткізетін болады.

Осыны көргенде тәуелсіз қазақ елі балаларының бақыт­ты екенін сезінесіз.   

Тіршілік тіні,

тірілер өлшемі

2010 жылы ұлт тәуелсіз­дігінің күрескері Мұстафа Шоқайдың 120 жылдығына орай облыс басшысы Б.Қуан­ды­қовтың тапсырмасымен Фран­цияның Ножан-сюр-Марн қаласындағы Мұстафа тұрған үйдің жанынан тұлғаға бюст қою жұмысы қолға алынды. Осы жұмысқа Мұрат Бақтиярұлымен бірге Базарбай Атабаев, Тұрғанбай Маханов секілді ардагер ағалар атсалысты. Туған жерінен топырақ апарылды, сәулетші Амангелді Кененбаевтың шеберлігімен жасалған тас мүсін тұғырға қондырылды. Сол кезде тұлғаның жары Мария Шоқайдың бейітіне барып дұға бағышталды. Сонда бейіт әкімшілігі Мария Шоқай жерленген жер телімінің мерзімі біткелі тұрғанын айтты. Бір реттік төлем 50 жылға жарайды, содан кейін төлем жасалмаса, ол жер тегістеліп, басқа біреуге берілетін заңдарын түсіндірді. Осыны естіген Мұрат Бақтиярұлы дереу қалтасынан мың евро суырып берді. Сөйтіп, Мария анамыздың мәңгілік мекенінің тірілер өлшеміндегі мерзімі тағы да жарты ғасырға созылды.

Біздің кейіпкеріміз де – тәуелсіз ойлардың иесі. Жағымпаздықтан, жаба­то­қу­дан алыс жан. «Тура сөйлеп, туысқанына жақпай қалатын» кездері де болып тұрады.

Осыған байланысты 2011 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып келе жатқан Мұрат Бақтиярұлының Үкі­метке, басқа да тисті орындарға жолдаған депутаттық са­уал­дарынан мысал келтірсек, ол біздің осы кісі жайлы айт­пақ болған ойларымызды орнық­тыра түсер еді.

2013 жылы шілде айында Қызылорда облысы Қармақшы ауданы аумағына «Протон» құлады. Осы жағдайға қатысты айтылған сенатордың сөзі:

«…Соңғы 20 жылдың ішін­дегі апаттардың ең зоры өткен шілдеде орын алғаны да рас. Сондағы апатта 600 тонна гептилдің басым бөлігі ауаға тарап кетті. Ал, гептилдің бәрі апат кезінде жанып кетті дегенге кім сенеді?! Бұл – бір мәселе. Екінші жағынан, Қазақстандағы мүдделі орган­дардың құзырсыздығы. Мысалы, жазда Испанияда пойыз апатқа ұшыр-ғанда үкімет басшысы сол жерден табылды. Ресейдің өзінде қай аумақта төтенше жағдай орын алса, жауапты шенеуніктер сол төңіректен табылады. Ал, бізде ше? Апат орын алысымен министр сол тұстан табылуы шарт еді. Олай болған жоқ. Неге?

Сұрақ көп. Үкіметтік комиссия құрылып, ол топ міндеттерін белгілеп, сосын әне-міне деп кірісіп болғанша бір ай уақыт өтті. Ендеше, бүгінгі атқарушы биліктің Байқоңырдағы апат жағдайына қандай көзқараспен қарап отырғанын осыдан кейін-ақ білуге болады. «Залалсыздандырып жатырмыз» деп кабинетте мәлімдеме жасағаннан гөрі құзырлы орган басшылары халықпен жүзбе-жүз кездесуі, оқиға орнында әңгімелесіп, сұхбаттасып, түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуі керек еді. Мәселенің бұлайша орын алғаны өте өкінішті».

Үкімет басшысына жол­даған тіл туралы сауалынан:

«…Кеңестік одақтың құра­мында болған – Өзбекстан, Грузия, Армения, Әзербайжан, Ресей де кеңес үкіметі кезінде қабылданған заңдарын өзгертіп, өз мемлекеттік тіл­деріне басымдық беріп отыр. Балтық жағалауы ел­дері тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік тіл туралы заң­дарына үш рет өзгерістер енгізді. Ал, Қазақстан Рес­пуб­ликасының тіл туралы заңы негізінен кеңес үкіметі кезінде қабылданғаны ешкімге жаңалық емес».

***

…Мұның бәрі – тіршілік тіні. Бүгіннен ертеңге жалғанып кете береді.

Мен Мұрат ағаның Мария Шоқайдың бейітіне ойланбастан ақша төлеп кеткен азаматтығы туралы естігенде үнсіз отыра қалып алыстағы анамыздың рухына дұға жолдадым.

Ой иірімдері

Ұстазымның еңбектеріне көз жүгіртіп шықпақ ем, тауысқанша бас ала алмадым. Осы жұмыстың бәріне қалай үлгерген? Бұл кісіде бос уақыт, жеке өмір деген болмай ма? Көкейіме осындай сұрақтар келді.

Ал, ол кісінің «Аманат» кіта­бындағы «Ой иірімдерін» оқып қана қоймадым, көші­ріп алдым. Мынау – сол көшіргендерімнен.

***

…Ертеректе арғы тегіміз Ғұн билеушісі Мөде бабамыздан Қытай императоры сәйгүлік атын сыйлыққа беруді сұрап, шабарманын жіберген көрінеді. Мөденің уәзірлері «Хан ием, бұл бізді басыну, тұлпарды бермеңіз, шабарманның басын алыңыз» деп кеңес береді. Сонда Мөде: «Жоқ, әлі талай желден жүйрік тұлпарлар болады, көршінің меселін қайтармайық», – деп тұлпарды беріп жібереді. Ашкөз император көп ұзамай Мөденің сұлу тоқалын сұратады. Онда да кеңес­шілерінің ақылына қарамай, «халқым аман болса, әлі талай аруларды туады» деп императордың қолын қақпайды.

Үшінші рет ол Мөдеден жер сұратады. Сонда Ғұн билеушісі: «Жер – менің халқымның жері, оның күнкөрісі», – деп сұрқия императормен соғысуға бел буған екен.

***

«Өзімнен түп-тұқияныма дейін» деген кітапты оқып шықтым. Бұл кітап «мен – қазақпын, тамырымда қазақтың қаны ағып жатыр» деген әрбір қазақтың төрінде тұруы тиіс.

«Біз – ұлы халықпыз, ірі ха­лықпыз, ойы да, ары да таза асыл халықпыз. Жеті атаға толмай қыз алыспайтын текті халықпыз. Басынан сөз асырмайтын өр халықпыз. Құдайына қараған иманды халықпыз. «Итің жаман дегенде өлгенім-ай» дейтін намысшыл халықпыз. Жылқы мінезді сергек халықпыз».

Біздің ұлттық құнды­лық­тарымыз осылар емес пе еді, ағайын?! Ұлы ұлт боламыз десек, болашақ ұрпақты осыған тәрбиелейік.

***

Әр адам дүниені, онда болып жатқан барлық процестерді әрқалай көріп, өзінше түй­сік жасайды. Сондай-ақ, қыз­мет бабында жүріп бай­қаға­ным, айналаңдағы кейбір адам­дардың алуан түрлі қыр­ларынан тек жағымсыз жақ­тарын көріп, бүкіл әлемді сыңаржақ, шектеулі көзқарас тұрғысынан бағалайтындығы. Ондай адамдар әдепті елдің игілігі, өзгелердің қамы үшін өз қолымен ешнәрсе істемейді, тек көбіктен көлеңке тұрғызып, демагогиямен бопсалайды. Ондайларға болып жатқан жақсы дүниелерге көзіңнің аласымен ғана емес, қарасымен де қарап қойыңдар дегім келеді.

***

…Жапырақтай кішкентай жүрекке өз өмірімізде қаншама салмақ түсіреміз. Жүрегіміз тоқтамай, үзіліс жасамай, ұдайы лүпілдеп соғып тұру үшін қаншама күш, қорек керек. Жан азығы, жан қуаты. Оны жаратқан Алла ғана толық біледі. Біздің білетініміз, жан азығы дегеніміз – жақсылық, ізгілік, имандылық. Ал, бұл ұғымдарда шектеу болмайды. Демек, жан азығына – қанағат ету, тоқтау, толастау амалдары жүрмейді. Жан азығын көбейтуден басқаның бәріне қанағат керек.

Қазіргі кездегі ең қарапайым қағиданың бірі осы деп ойлаймын.

***

Шындықты жасқанбай ай­­татын тұлғаларымыз жоқ­тың қасы, жалтақтық пен сатылғыштық қоғамның өне бойын жайлап алды. Өтірік пен көзбояушылық өзін-өзі алдауға апарып соқтыруда. Оңай олжа табу, арзан атақ, жағымпаздық, озбырлық, қазақ баласын қорлау көбейіп барады. Осы кезге дейін нағыз мемлекет қайраткерлігін да­йындай алмадық, тек «команда» қайраткерлігін дайындап жібердік, ал, солардың алдыңғы «өкілдері» шетелге қашып кетсе, қазіргі «өкілдерін» көріп жүрміз ғой. Бұл бір ұзақ түс сияқты. Түбі бір оянармыз, бірақ, қандай хәлде, кім болып…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<