Мамандықты дұрыс таңдау өзіңді табумен тең

1966

0

Заман ағымына қарай белгілі бір мамандықтарға сұраныс артып, кейбірі қоғамның қажетіне жарамай жатады. Бұл – қалыпты құбылыс. Еңбек министрлігі оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызға жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін айтқан болатын. Бұл жалпы экономика үшін де, кейіннен басқа білім алатын немесе мамандығы бойынша жалақысы төмен қызметте істейтін студенттер үшін де жағымсыз салдарға әкеледі. Ал 2022 жылғы статистикаға сүйенсек, 2 миллионнан аса қазақстандық өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл мамандық таңдауда қоғамдық тәжірибенің жоқтығын, маңызды мәселе ретінде қолға алынбағанын білдіретіндей. Қызылордалық Жазира Темірбаева – профориентация бағытындағы «EQ academy» орталығының директоры. Мамандықты табу өзіңді танумен тең деп білетін кәсіби маманмен сұхбаттасудың сәті түсті.

– «EQ» жобасын бастауға не түрткі болды? Орталықтың басты мақсатына тоқталсаңыз…

– «EQ» жобасының тарихына тоқталып өтейін. 2021 жылы Халықаралық «Wisefull» психология және коучинг орталығындағы оқуымды тәмамдап, Қызылордаға келдім. Орталықтың Қазақстандағы ресми өкілі атанған болатынмын. Онда жүзеге асырылып жатқан түрлі бағыттағы жобалардың ішінде жасөспірімдермен жұмыс істеу бағыты ерекше ұнады. Айналамдағы қаншама жылдан бері белгілі бір салада жұмыс істеп жүріп «бұл менің ісім емес сияқты», «өзімнің ісімді таппадым» деген адамдар мен бір жұмысқа тұрақтай алмай, тұрақтаса да өзінің өмірлік саласын таппай қиналған жандар осы саланы таңдауыма түрткі болды. Өзімнің жасөспірім шақтағы кейбір қиындықтарым да есіме түсті. Кез келген адамның жақсы жағынан өзгеруіне бірден-бір себепкер болатын – орта. Жобаның басты мақсаты да 14-17 жас аралығындағы сырбойылық жасөспірімдерге қолдау мен психологиялық көмек көрсете, жағымды орта қалыптастыра отырып, өздерін тану арқылы қабілеттеріне сәйкес сүйікті ісін, мамандығын таңдауға көмектесу. Себебі адам сүйікті ісін таппас бұрын өзінің қабілеттерін анықтап алуы тиіс. Ол кім? Мықты тұстары қандай? Әлсіз жағы қандай? Қандай нәрселерге қызығады? Бойындағы қабілеттерімен қай салада жетістікке оңай қол жеткізе алады? Міне, осындай сұрақтардың жауабына тікелей байланысты. Мамандық таңдауда адамның өзіне деген сенімі де өте маңызды. Кейбір жасөспірімдер қабілеті бар екенін білгенмен, өзіне сенбей, қабілетіне күмәнданып мүлде басқа саланы, басқа бағытты таңдап жатады. Бұл жобаның басқаларынан ерекшелігі – жасөспірімдердің, ел ертеңінің бойына сіңіргіміз келетін құндылықтарда. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дейді. Адамдарға көмегің тиіп, соның ішінде оң-солын бағдарлай қоймаған жасөспірімдерге үлкен өмірге қадам жасауына жол көрсетіп, оларға да пайдалы екеніңді сезіну – бақыт.

– Статистика бойынша 2 млн қазақстандық мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Профориентацияның маңыздылығы арта түскендей. Тіпті, грантпен ЖОО-ға түскен студенттердің де басым көпшілігі қазірден-ақ мамандығы бойынша істемейтінін айтады…

– Жасөспірімдермен жұмыс істеп жүргеніммен, мұндай мәселе студенттер арасында да жиі кездеседі. Командамда студенттер де бар. Олар да жасөспірім болып, белгілі бір таңдау жасады. Алайда кейін студент атанып, мамандығының ұнамайтынын, ЖОО бітірген соң бұл салада қызмет еткісі келмейтінін түсінетіндер бар. Студенттердің 80 пайызы осындай мәселемен бас қатырады десем, артық емес. Бұл да – үлкен мәселе. Себебі іштей өзінікін, өзін таппаған студент тығырыққа тірелгендей күйде жүреді. Көп жағдайда 18 жасқа толған студенттердің өзіне қоғамдағы стереотиптер әсер етпей қоймайды. Мәселен, мұғалімдік дегенде тек тақтаның алдында сабақ түсіндіріп тұрған адамды елестетеді. Ал шын мәнінде ұстаздық бағыты бойынша жүздеген мамандық бар. Немесе IT саласының маманын тек компьютерлік бағдарламаларды жасайтын адам деп түсініп жатады. Осындай таптаурын түсініктер де жасөспірімдер мен студенттердің болашағына кеңірек қарауына кедергі келтіреді. Сондықтан мамандық таңдауда барлық факторға мән бере отырып, мұқият зерделеу керек.

Өздеріңіз білетіндей, жасөспірімдер ҰБТ кезінде сыртқы күштің қысымына тап болып қиналады. Мамандық таңдаудың өзі 2 психологиялық аспектіге тіреледі. Бұл таңдауда кез келген салаға бет бұруға болады. Бірақ болашақта қызығушылығы артып, қиындықтарға төтеп бере алатын, қоғамға пайдасы тиетін маман болу үшін бала ішкі құндылығын түсініп, өзін жақсы тани алуы керек. Келесі кезекте өзіне сенім маңызды рөл атқарады. Үшіншіден, мамандықты дұрыс таңдау үшін бала қолдаушы ортада жетілуі керек, сол кезде өзіне деген сенім де қалыптасады. Биылғы оқу жылында академияда 30 оқушы білім алды. 3 жыл ішінде 50-ге жуық оқушымен жұмыс істедік, мұнан бөлек жеке консультацияға да келеді. Сондай-ақ 8 айлық курс пен кәсіптік білім жиынтығы бар. Жоба топтық форматта өтеді. Бұл – үлкен платформа. Себебі мақсаты бір, проблемасы бір, қызығушылығы мен сұранысы ортақ жасөспірімдер бір алаңда тоғысуда. Түрлі орта білім мекемелерінде профориентация бағытында семинар берген, психологиялық сағаттар ұйымдастырған кезіміз көп. Осы кезге дейін қанша адамның дұрыс таңдау жасауына себепкер болғанымызды білмеймін.

– Қорытынды кешке қатыса отырып, қызылордалық ата-аналардың баласының болашағына бейжай қарамайтынына көз жетті. Жобада тек баламен ғана емес, ата-аналармен де жұмыс істеле ме?

– Көптеген ата-ананың айтуынша, орталыққа келетін балаларынан ғана емес, отбасылық қарым-қатынас, ата-ана мен бала, әке мен ананың қарым-қатынасынан да өзгерістер байқалуда. Отбасымызда өзгеріс бар деп пікір білдіріп жатады. Жасөспірімнің болашақ мамандыққа, жалпы жұмыс істеу, ақша табуға деген көзқарасына үлгі болатын да ата-ана. Әрине, кез келген адамның өзгеруі оның айналасының да, өмірінің де өзгеруіне алып келетіні – шартты дүние. Біз ата-аналармен тығыз байланыста боламыз, бірге шаралар ұйымдастырамыз. Әрине, орталыққа баласын әкелген ата-ана осындай өзгерістерге жауапкершілік алатынына келісіп, алдын ала қол қояды.

Қала бойынша және ата-аналар арасында жобамызға қызығушылық артып, қоғамда талқыға түсіп жатқаны үшін ерекше қуаныштымыз. Өйткені бұған дейін аймақта мұндай жоба болмады. Бұрыннан қатысатын балалардан естіп немесе сырттай біліп, қызығушылық танытып келген ата-аналардың өзі алғашында жобаның мақсатын, мәнін түсінуге қиналып жатады. Бұл жоба мен үшін жай хобби, тіпті бизнес көзі емес. Дегенмен жобаның құрылымы мен нәтижесіне қарап, тереңіне үңілген адамға қаншама құндылықтар жатыр. Алдағы уақытта бұдан да көп жасөспірімге көмектесіп, пайдалы бола берсек дейміз. Бұйырса, жобаны кеңейту жоспарда бар.

– Орталықтың жұмысына сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<